Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында «Жатақхана мен қонақ үйлердегі өрт қауіпсіздігі: «ЖАТАҚХАНА» республикалық профилактикалық іс-шараларының қортыныдысы» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті. Онда Алматы облыстық төтенше жағдайлдар департаменті мемлекеттік өртті бақылау басқармасы бастығының орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Александр Пархоменко баяндама жасады.
– Соңғы жылдары елде жатақханалар мен қонақ үйлердің саны едәуір өсті, соның ішінде тұрғын үйлер мен коттедждердің де жатақханаға айналу үрдісі байқалады. Осыған байланысты адамдар өлімі және материалдық залал әкелетін төтенше жағдайлар қаупі бірнеше есеге өсті. Елімізде биылғы жылдың басынан бері жатақханаларда 15 өрт тіркелді. Оның негізгі себебі қауіпсіздік ережесін сақтамау болып табылады. Заңнама нормаларының сақталуын бақылауды қамтамасыз ету мақсатында 13-17 қараша аралығында ҚР Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, «ЖАТАҚХАНА» профилактикалық іс-шаралары өткізілді. Оның аясында 18 жатақханаға рейд жасалып, кездесу мен семинар, «дөңгелек үстелдер» ұйымдастырылды, Өрттің алдын алуға қатысты бұқаралық ақпарат құралдарында 37 жарияланым жарияланды.
Рейд барысында жатақханалардағы өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмайтыны анықталды. Көбіне тән ортақ мәселе – бастапқы өрт сөндіру құралдардың болмауы, эвакуациялық шығулардың бітелуі, өрт сөндіру крандарының жарамсыз күйде болуы. Полиция департаментінің қызметкерлерімен бірлесе әрекет еткен мобильді топ ҚР Әкімшілік кодексінің 492-бабы бойынша, яғни, Қазақстан Республикасында тұру тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжатсыз тұрып жатқан жеке тұлғаларға қатысты 10 әкімшілік хаттама толтырды, – деді. Сондай-ақ, баяндамашы жатақхана мен қонақ үйлерде өрт қауіпсіздігін сақтау қағидаларымен де таныстырып өтті.
Демек, жатақханалар мен қонақ үйлер жарамды бастапқы құралдармен, өрт сөндіру, өртті анықтаудың автоматты құралдарымен, су жабдықтарымен қамтамасыз етілуі қажет. Жатақханаларда эвакуациялау жоспары болуы тиіс. Ол өртке қарсы қызмет мамандары келгенге дейін адамдардың қауіпсіздігін сақтауға мүмкіндік береді. Эвакуация жоспары әр қабатта ілінеді және қабаттардан шығу жолдары көрсетіледі.
Жатақханаларда тез тұтанатын заттарды, жанғыш сұйықтықтар, жарылғыш заттар, балкондарда газ баллондарын сақтауға жол берілмейді. Төсекте шылым шегуге, сөндірілмеген темекі тұтқылын тастауға, балкон, терезеден лақтыруға тыйым салынады. Өртті болдырмау ережелерін сақтағанда ғана төтенше жағдайдың алдын аламыз.
Алма ЕСЕНБАЙ