Қонаевта сауалнама жүргізген AMANAT партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты осындай дерек жариялаған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауында балалар мен жасөспірімдер арасында қоғамдық ортада буллингке тап болғандарға көмек көрсету керек екендігіне ерекше назар аударған болатын.
Осыған орай Алматы облысының тұрғындарына буллинг туралы мәліметтер беру, олардың белгілері, адам өміріне тигізетін салдары мен көрсетілетін көмектер туралы түсіндіру мақсатында партияның жастар қанаты сауалнама жүргізілді. Оған өңірдің барлық аудандары мен Қонаев қаласының тұрғындары қатысты.
«Жастар рухы» жастар қанаты Алматы облыстық филиалының төрағасы Әсел Заированың айтуынша, сауалнамаға қатысқандардың басым көпшілігі қысым көрген жағдайда қайда хабарласу қажет екенін білмейді.
«Өңірде барлық білім беру мекемелерінде 800-ден астам педагог-психолог қызмет атқарады. Мектеп оқушылары буллингке ұшырамауы және қысым көрмеуы үшін мектептің әрбір педагогы үздіксіз жұмыстар атқарады. Сонымен қатар, аудандық білім бөлімдерінде, мектептерде сенім телефондары бар. Алайда, сауалнамадан өткен 12 тұрғынның 8-і жәбір көрген жағдайда не істеу керектігін білмейді», – деді Әсел Заирова.
Айта кету керек, бұндай сауалнамалар проблеманың ауқымы мен қандай шаралар қабылдау керектігін түсінуге мүмкіндік береді.
Еске салсақ, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен буллинг құрбандары «111 – AMANAT» бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығына тәулік бойы хабарласа алады.