Бүгін Алматы облысында “Қыс-2023” республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды. Аталған шара 2 күнге созылмақ.
Оқу-жаттығу аясында Қонаевта қоғамдық тәртіпке жауапты полиция қызметкерлері, жол және көпір қызметі, ақпарат қызметі, төтеншеліктер, коммуналдық қызметшілер және тағы басқа құрылымдар сап түзеді. Іс-шараға барлығы 100-ден астам адам мен 20 техника жұмылдырылды.
Іс-шараға Қонаев қаласы әкімінің орынбасары Марлан Жолдахмет арнайы қатысты. Ол мамандармен тілдесіп, қысқы мезгілде қардың уақытылы тазартылуы маңызды екенін айтты. Сондай-ақ әкімнің орынбасары төтенше жағдайлар болмауын жіті қадағалауды тапсырды.
Жалпы, бұл шараның негізгі мақсаты – азаматтық қорғау жүйесінің және халықтың қысқы кезеңде төтенше жағдайларды жоюға дайындығы мен қабілетін арттыру, азаматтық қорғау қызметтері мен құралымдарының қысқы кезеңдегі төтенше жағдайға ден қою дайындығын тексеру.
Ертең Қарасай ауданында оқу-жаттығу өз жалғасын таппақ.
Айта кетейік, Қонаев қаласы бойынша:
• апаттық-қалпына келтіру бригадасында 52 адам, 20 бірлік арнайы техника;
• ТЖБ және №1 Өрт сөндіру бөлімі – жеке құрамда 45 адам және 13 арнайы техника;
• жедел-құтқару жасағы – 9 бірлік автокөлік, 16 бірлік жүзу құралдары, 3 қарда жүретін көлік қызмет етеді. Бұдан бөлек, қалада 16 дабыл құрылғысы орнатылған.