Қонаев қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің «Рухтың күші – әкеде» атты облыстық әкелер форумы өтті.
Ауқымды шарада бірінші сөз кезегі облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әсел Жалғасбаеваға берілді.
– Облыстық әкелер форумының «Рухтың күші – әкеде» деп аталуының өзіндік мән-маңызы бар. Басты мақсат – отбасындағы отағасы, әкенің беделін көтеру. Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев: «Халқымыз қай заманда да отбасы дәстүрін берік ұстанып, қадірлей білген. Әке-шешенің, ата-әженің тәрбиесін көріп, үлкендерден тағылым алып өскен бала есейгенде отаншыл, білімпаз, еңбекқор азаматқа айналады», – деген болатын. Осы орайда, елімізде отбасы құндылықтарын нығайту мен ұлттық рухты насихаттауда аналар кеңесінің алар орны ерекше. Ұлт болашағы ұлттық тәрбиеге тәуелді. Халқымыздың «Отан – отбасынан басталады» деген нақыл сөзінің мәні де осында болса керек. Қазақстан қоғамдық даму институтының деректеріне сүйенсек, бүгінде әкенің отбасындағы рөлі, негізінен, қаржылық және материалдық игіліктерге байланысты көрінеді. Әкелердің 60,4 пайызы отбасын материалдық жағынан қамтамасыз етеді, 30 пайызы отбасылық бюджетті басқарумен айналысады, 9,6 пайызы балаларын үйірмелер мен спорт секцияларына апарады. Әрине, қаржылық жағдай өте өзекті. Алайда әкенің балаға бөлетін уақыты мен пейілі одан да маңыздырақ. Осы ретте биылғы жылы елімізде 18 маусым – Әкелер күні деп аталды. Бұл отбасылық құндылықтарды дамыту мен қарым-қатынасты жақсартуға ықпал етеді, – деген Әсел Мұратқызы бірлік пен тұрақтылық мемлекетіміздің ең басты тірегі екенін баса айтты.
Сахна төрінде Әсел Жалғасбаева Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мың бала» мәдени-ағартушылық жобасының «Жарқыра, жас дарын» байқауының жеңімпазы Қарасай ауданы Қаскелең гуманитарлықтехникалық колледжінің студенті Азамат Құралбаевқа Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің дипломын табыс етті. Сонымен қатар, ұлттық құндылықтарды насихаттап, отбасы институтын дамытуға және кәсіби шеберлігімен еліміздің өркендеуіне сүбелі үлес қосқаны үшін Балқаш ауданының бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының директоры Азамат Телтаев, Еңбекшіқазақ ауданының кәсіпкері Оразәлі Көксубай, Жамбыл ауданындағы шаруа қожалығының төрағасы Бөкенбай Хавдолда, Қарасай ауданындағы қолөнер шебері Ақан Омаров, Іле ауданы Боралдай кентіндегі №39 гимназия қызметкері Нұрберген Бөбетаев, Кеген ауданындағы жеке кәсіпкер Бексұлтан Дүкенбаев, Райымбек аудандық денсаулық сақтау ісінің үздігі Жангелді Қыдырбаев, «Талғар-Су» мекемесінің қызметкері Жандос Сыздықов, Ұйғыр ауданындағы жаттықтырушы Шаирдин Бишаров, облыстық «Огни Алатау» газетінің дизайнері Алмас Исаев, Қонаев қаласында тұратын 8 баланың әкесі Саят Ахметқалиев ішкі саясат басқармасының этносаралық қатынастарды дамыту бөлімі – Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы басшысының Алғыс хатымен марапатталды. Сондайақ, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің биыл тұңғыш рет тағайындалған «Ел анасы» атағы Қарасай аудандық аналар кеңесінің төрағасы, абайтанушы, Білім беру ісінің үздігі, Қарасай ауданының Құрметті азаматы Ақылия Бекбаеваға берілді. Атақ иесіне «Ел анасы – 2023» лентасы мен күміс білезік тарту етілді.
Форумда «Құрмет» орденінің иегері Несіпжамал Баймадиева мен Алматы облыстық аналар кеңесінің төрағасы Гүлнар Жошыбаева ел бірлігін нығайту мен отбасы құндылықтарын насихаттауға қосқан елеулі еңбегі үшін бірқатар азаматқа «Қоғамдық келісім және даму орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің «Асыл әке» төсбелгісін табыстады.
Келесі кезекте сөз алған Жетісу облыстық аналар кеңесінің мүшесі Ғалия Ақбасова ер-азаматтардың отбасындағы орны мен қоғамдағы рөлін арттыру бойынша Ассамблея тарапынан жүзеге асырылған жұмыстар төңірегінде сөз қозғады.
Іс-шара әрі қарай Қазақстан халқы Ассамблеясының этножурналистика саласындағы «Шаңырақ» облыстық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімімен жалғасты. Аталған байқаудың бас жүлдесін жеңіп алған «Огни Алатау» газетінің ұжымына 170 мың теңгенің сертификаты берілді. Бірінші орынға қол жеткізген «Жетісу» телеарнасының аға бейнеинженері Қуаныш Мұхамадиев 120 000 теңге сертификатын иеленді. Екінші орынды өзара бөліскен «Алатау арайы» газеті бас редакторының орынбасары Болат Мәжит пен «Огни Алатау» газетінің журналисі Эмил Курбанов 100 мың теңгенің сертификатына ие болды. Жүлделі үшінші орынды олжалаған «Naqty» газетінің журналисі Бұрым Орынбасар, «Алатау арайы» газетінің Жамбыл ауданындағы меншікті тілшісі Серік Сатыбалдиев, публицист-жазушы Смаилжан Иминов 50 мың теңгенің сертификатын еншіледі. Сол секілді тағы бірқатар облыстық, аудандық басылым тілшілері «Қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің қазақстандық үлгісінің мәнін ашуға арналған үздік аналитикалық материал» номинациясын иеленді.
Келелі басқосу Балқаш аудандық «Бақанас» халық театры дайындаған «Туған күніңізбен, анашым!» атты тебіреніске толы қойылыммен қорытындыланды.
Айжарық Көптілеуов,
Қонаев қаласы