Бүгін Астанада өткен үкімет отырысында елде қызылша ауруының таралуына байланысты ахуал талқыланды. Жиында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният қызылшаны ауыр өткеріп жатқан балалардың жағдайы туралы мәлімет берді.
«Бүгінгі таңда елімізде қызылшамен ауырған науқастарға арнап инфекциялық ауруханаларда 3,5 мыңнан астам төсек орын ашылды. 2375 бала стационарлық емделуге жатқызылған, жүктеме 60 пайызға жетті. Резервте 1093 орын бар. Емдеуге жатқызу көрсеткіші Жамбыл облысында – 92%, Алматы қаласында – 88%, Түркістан облысында – 81%, Шымкент қаласында 79% жоғары екені байқалады», – деді ведомство басшысы.
«Емдеуге жатқызылғандар арасында 30 бала жансақтау бөлімшелерінде ауыр жағдайда жатыр. Оның ішінде 1 жасқа дейінгі 15 бала бар. Өлім-жітім жоқ. Жағдайы ауыр балалардың бәрі министрліктің бақылауында», – деді министр.
Бұған дейін Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы облыста қызылша ауруы өршіп тұрғанын мәлімдеген. Мамандардың айтуынша өңірде қызылша жұқтырды деген 3000-ға жуық жағдай тіркелген, оның ішінде 1800 жағдай расталған. Науқастардың көбі 14 жасқа дейінгі балалар.