Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев «AMANAT» партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылдау кестесіне сәйкес кезек тәртібімен жазылған азаматтарды қабылдады.
Жеке қабылдауда болған онға жуық тұрғыy тұрғын үй алу, жол, жарықтандыру, кептеліс, табиғи газ тарту және мәдениет үйін салу мәселелерін қозғады.
Мәселен, 73 жастағы Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны облыстық маңызы бар Есік-Саймасай автожолына қатысты мәселе көтерді. Ол туристер мен тұрғындар санының артуына байланысты көлік ағыны артқанын айтты. Күн сайын 2 мыңнан астам көлік қатынайтын магистральда жол-көлік оқиғалары жиі болады. Осыған байланысты, Есік-Саймасай автожолын төрт жолаққа дейін кеңейтуге әкімнен ықпал етуін сұрады.
Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, аталмыш облыстық маңызы бар автомобиль жолының белгілі бір бөлігін күрделі жөндеу жобасы әзірленген.
«Есік-Саймасай автожолының 0-11,82 км бөлігінің жобасы әзірленген. Қазіргі уақытта ведомстводан тыс сараптамадан өтіп жатыр. Мемлекеттік сараптаманың қорытындысы оң болса, жолды күрделі жөндеуден өткізу үшін конкурс жарияланады. Болжам бойынша, жөндеу жұмыстары келесі жылдың екінші тоқсанында басталмақ», – дейді өңір басшысы.
Ал Талғар ауданының тұрғыны Дүйсенов Ұлдақан газбен қамту мәселесін қозғады.
«Ауданға қарасты 18 мың тұрғыны бар 8 ауылға аса қажет дүние – газ. Бірнеше елді мекенде көгілдір отын әлі күнге дейін тартылмаған. Осы мәселелер тез шешілсе деген өтінішіміз бар», – деді Ұлдақан Дүйсенов.
Облыс әкімінің айтуынша, газ тарту үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Ал 2024 жылы елді мекенге құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады.
«Талғар ауданына қарасты Нұра, Қаратоған, Туғанбай, Өстемір, Даулет ауылдарына газ тарату желілерін салу бойынша жобалық сметалық құжаттар дайындалып жатыр. 2024 жылы мемлекеттік сараптамадан оң нәтижесі алынса құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады. Ал Қаратоған және Каменское плато ауылдарына жобалық-сметалық құжаттама дайындау қажет, осы мақсатта келесі жылға экономика басқармасына бюджеттен қаражат бөлуге өтініш берілді» – деді Марат Сұлтанғазиев.
Қабылдауға келген азаматтардың бәріне мәселелерінің заңды-құқықтық тұрғыдан шешілуіне бағыт-бағдар берілді.
Айта кету керек, «AMANAT» партиясы Алматы облыстық партия филиалының қабылдау бөлмесіне келіп түскен ұсыныс-пікір, өтініш жеткізушілердің сауалдары назардан тыс қалмайды. Мамандар әрбірінің себеп-салдарын жіті зерттеп, шешімін заң талаптарын негізге алып қарастырады.
Еске салайық, тұрғындар облыс әкімінің қабылдауына egov.порталы, е-otinish бірыңғай базасы немесе әкімдікке келіп жазбаша өтініш тастау арқылы жазыла алады.