Алматы облысының Талғар ауданында үйінде заңсыз қару сақтады деген күдікті ұсталды. Облыстық Полиция департаментінің хабарлауынша, 28 қараша күні ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы Талғар аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірге “Құқықтық тәртіп” жедел-алдын алу іс-шарасын өткізу кезінде, өз үйінде атыс қаруын заңсыз сақтаған күдіктіні анықтады.
Іздестіру жұмыстары барысында полиция қызметкерлері ведомствоның арнайы бөлімшесінің көмегімен Талғар ауданының 36 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Санкция бойынша тінту кезінде күдіктінің тұратын жерінде тәртіп сақшылары тегіс ұңғылы шолақ мылтықтың үш данасын тауып, тәркіледі.
«Бұл факт Қылмыстық кодекстің 287-бабы бойынша аудандық полиция бөлімшесінде дереу тіркелді (қаруды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру). Тінту барысында табылған мылтықтар баллистикалық сараптамаға жіберілді», – деді Алматы облысы ПД бастығы Бауыржан Әленов.