Алматы облысындағы басты шаһарда қыс мезгіліне дайындық қызу жүріп жатыр. Қонаев қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 1 желтоқсаннан бастап коммуналдық қызмет көрсетуші компаниялар күшейтілген тәртіпте жұмыс жасайды.
Бүгін “Қонаев Тұрғын үй” ЖШС техникаларының қатарына қар тазалайтын 2 көлік қосылды.
“Бұл көліктер жалға алынып жатыр. Қосымша тағы 4 техника алуды жоспарлап отырмыз. Жалпы қыста 16 көлік қызмет етеді. Оның қатарында көктайғақ болмауы үшін құм, тұз себетін, қар шығаратын, көпқабатты үйлердің шатырында қатқан мұзды тазалайтын және тағы басқа техникалар бар. Бүгінде 500 тонна инерттік материал сатып алынған. Қысқа толығымен дайынбыз”, – деді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Асхат Жексенбеков.
Бұдан бөлек, қыста күнделікті 30 адам жұмыс істемек.
Айта кетейік, қала ішіндегі жолдың ұзындығы 306 шақырымды құрайды.