Алматы облысында ішкі миграция мәселесін шешу үшін еңбек ресурстарын облыс бойынша бөлу қолға алынды. Бұл туралы облыс басшысы Марат Сұлтанғазиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Осы орайда өндіріс орындарын орналастыру үшін аумағы 1,3 мың гектар болатын 4 индустриялдық аймақ құрылып жатыр. Жамбыл («Қазыбек бек»), Іле («Береке»), Талғар («Кайрат»), Еңбекшіқазақ («Шелек») аудандарындағы бұл аймақтарда 130-ға жуық кәсіпорын ашылып, 10 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделіп отыр.
Бүгінге дейін инфрақұрылымы дайын аймақтарда зауыттар салынып, іске қосылған.
Өңір басшысының дерегіне қарағанда, Талғар ауданындағы «Қайрат» аймағында 88 млрд. теңге инвестиция тарту арқылы 1782 жұмыс орны құрылатын 14 жобаны жүзеге асыру басталды. Оның ішінде жылына 1080 тонна шойын өндіретін «SAFA Industrial» зауытының құрылысы аяқталды. Келесі жылы толық қуатына енеді.
Іле ауданындағы «Береке» аймағында жылына 25 мың тонна өнім өңдейтін «Fruit Art» жеміс-көкөністерді мұздатуға арналған сублимациялық зауыт істеп тұр. Онда 247 адам жұмыс атқарып жатыр.
Бұларға қоса «Жетіген» деп аталатын жаңа тағы бір индустриялық аймақ құру жоспарланып отыр.
Оның мақсаты – Алматының айналасында логистикалық орталықтар мен жүк қоймаларын салу арқылы көлік инфрақұрылымына жүктемені азайту. Бұл ретте «Жетіген» – «Қазыбек бек» теміржол желісін тарту басталды.
Қазақстан мен Қытай арасында жүк тасымалын арттыру мақсатында Қалжат өткізу пунктін жаңғырту басталды. Нәтижесінде тәулігіне 300 автокөлікке дейін өткізу мүмкін болады.
Қытай тарапы өз аймағында индустриялық аймақ құрып жатыр. Біздің тараптан да осындай жобаны жүзеге асыратын инвесторлар бар. Болжам бойынша 1300 жаңа жұмыс орны құрылады.