Алматы облысында 333 саяжай жақын маңдағы елді мекендерге қосылып, бас жоспары жасалып жатыр. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев баспасөз мәжілісінде айтты.
«Алматы агломерциясына кіретін аудандарға тән тағы бір мәселе – саяжайлар мәселесі. Ол көп жылдан бері шешімін таппай келеді. Себебі саяжайлар маусымдық сипаттағы үйлер болғандықтан инфрақұрылым жүргізілмеген. Жыл бойы ай тұруға арналмаған 674 саяжайда бүгінде 188 мың адам тұрып жатыр. Оларда елдімекен мәртебесі болмағандықтан талапқа сай жол салу, сумен, кәріз жүйесімен, газбен қамту, көшелерін жарықтандыру мүмкін емес. Облысқа қатысты сыни ақпараттар осы саяжайларға байланысты», – деді өңір әкімі Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингіде.
Оның айтуынша, бұл мәселені жүйелі түрде шешу үшін 333 саяжайды жақындағы елді мекендерге қосу жөнінде шешім қабылданған. Қазіргі уақытта олардың жаңа бас жоспарлары жасалып жатыр. Осыдан кейін кезең-кезеңмен инфрақұрылым жүргізу қолға алынады.
«Алматы агломерациясының елді мекендерін, оның ішінде саяжайларды автобус қатынасымен толық қамту мақсатында коммуналдық автобус паркі құрылды. Биыл барлығы 37 елді мекенді қамтитын 12 жаңа маршрут ашылды. Оның ішінде 4-еуіне мемлекеттік автопарк қызмет көрсетеді. Былтыр субсидия көлемі 200 млн теңге болса, биыл 1,3 млрд теңгеге дейін көтерілді. Бұл әлеуметтік бағыттардың санын 59-ға жеткізуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар мектеп оқушыларын тасымалдау үшін биыл қосымша 34 автобус сатып алынды», – деді Марат Сұлтанғазиев.