Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев бүгін Орталық коммуникациялар алаңында баспасөз мәслихатын өткізіп, 2023 жылдың 10 айында атқарылған жұмыстарға есеп берді. Сонымен қатар өңір басшысы 2024 жылға арналған жоспарын бөлісті. Оң өзгерістерге тоқталып, әлеуметтік-экономикалық мәселелерге баса назар аударды.
Облыста мектептерде үшауысымды оқыту мен орын тапшылығы мәселесін жою басты назарда тұр. 2023 жылдың басында облыста 52 үшаауысымды мектеп болды. Биыл 14,4 мың оқушыға арналған 15 мектеп тапсырылады. Келесі жартыжылдықта тағы 4 мектеп пайдалануға беріліп, үшауысымды мектептер саны 39-ға дейін азаядыы.
«Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы бойынша 2024-25 жылдары 54,6 мың оқушы оқитын 53 мектеп салынады.
«Білім-инновация» және «Қазақстан халқына» қорларымен бірлесіп «Табысты 50 мектеп» атты бірегей жобаны жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен 756 млн. теңге бөлінген. 50 мектептің 3,8 мың ұстазы біліктілігін арттыру курстарынан өтті.
Жоба аясында «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 50 мектепке 1,5 млрд. теңгеге физика, химия және биология пәндерінің 150 зертхана кабинеттері жарақталып жатыр.
Бұған қоса, биыл өңірдің мектеп оқушыларын тасымалдайтын 34 автобус сатып алынды.