Ғылыми, шығармашылық, кәсіби және қоғамдық қызметте нәтижелі іс атқарған 14-35 жас аралығындағы жастарға Тәуелсіздік күніне орай Алматы облысы әкімінің «Заңғар-2023» жастар сыйлығы тапсырылады.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында жастар ресурстық орталығы директорының міндетін атқарушы Досалы Балжан конкурсқа қатысу шарттары мен ережелерін баяндады.
Жастар сыйлығы 15 номинация бойынша өткізіледі және құжаттар белгіленген ережелерге сәйкес 5 желтоқсанға дейін қабылданады.
Сондай-ақ спикер 3 миллион теңге көлеміндегі «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын алудың шарттарына да тоқталды. Грант конкурсы бес бағыт – ғылым, мәдениет, ақпараттық технологиялар, бизнес және БАҚ бойынша өтеді. Грант белсенді шығармашыл жастарды және олардың жаңа бастамаларына мемлекеттік деңгейде қолдау білдіру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Өтініштер қазақ және орыс тілінде 2023 жылдың 1 желтоқсанынан 20 желтоқсанына дейін қабылданады.
«Соңғы уақытта өңір жастарына көңіл бөлу, оларды барынша жан-жақты қолдау ісі ерекше қарқын алды. Сыйлыққа лайық деп ұсынылылған үміткер белсенді, білімді, креативті ойлайтын облыс тұрғыны болуы қажет», – дейді Балжан Досалы.
Айта кету керек, өтініш құжаттары баспа түрінде ұсынылуы тиіс. «Заңғар-2023» сыйлығы мен «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты туралы толық ақпаратты облыстық жастар ресурстық орталығының әлеуметтік желідегі парақшаларынан білуге болады.