Алматы облысында «Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» жобасы жүзеге асырылып жатыр.
Облыс прокуратурасы мен Полиция департаменті,әкімдік және басқа мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп арнайы топ құрылды. Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметінде Алматы облысы прокурорының көмекшісі Бауыржан Бимолданов баяндады.
Спикердің айтуынша, аталған топтың басты мақсаты – кәмелеттік жасқа толмаған балалардың құқықтарын қорғау, тұрмыстық және жыныстық зорлық-зомбылық фактілерін анықтау және оның алдын алу.
«Мобильдік топтар бір айдан астам уақытта 869 отбасыны тексерді, оның ішінде 284 адам полиция және пробация органдарында есепте тұр. Сондай-ақ тізімде тұрмысы қолайсыз немесе толық емес 254 отбасы тіркелді. Жоба шеңберінде 8 қылмыстық іс қозғалды. Оның ішінде 73 ата-ана әкімшілік жауапқа тартылып, жауапсыз ата-аналардан 27 бала тартып алынды. Әр отбасыда біз әзірлеген тексеру парағы толтырылып отыр, оған екпе алудан бастап, тұрғынүйге кезекке қоюға дейін баланың барлық құқықтары қосылды»,- дейді Бауыржан Бимолданов.
Бұдан басқа, жобаға жауаптылар 112 отбасыға материалдық көмек көрсетті. Атап айтсақ, 1 бала тұрғынүй кезегіне қойылып, 2 отбасыға тұрғынүй алуға көмек көрсетті. 918 бала медициналық тексеруден өтті, оның ішінде 25 бала ауруханаға жатқызылды.
Профилактикалық шараларды жүргізу барысында білім беру мекемелерінде буллинг, есірткі, спирттік ішімдіктер тақырыбында дәрістер оқылып, кәмелет жасына толмаған балалардың құқықтарын қорғау үшін арнайы QR-кодты қолдану туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Айта кетейік, балаларға қатысты құқық бұзушылықтар жасау фактілері туралы +7-777-012-35-91 нөмірі немесе almaty_obl_prok «Instagram» парақшасы арқылы хабарлауға болады.