Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Қонаев қалалық ауруханасының эпидемиолог-дәрігері Ерлан Саржанов айтты.
Эпидемиолог-дәргердің сөзіне қарағанда, облыс орталығында жыл басынан бері қызылша жұқтырған 157 науқас тіркелген. Оның ішінде 19 адам амбулаториялық ем қабылдаса, 138-і жұқпалы аурулар бөлімшесіне жатқызылған.
Қызылша ауруы ең алдымен асқынулармен қауіпті.Көбінесе, тыныс алу жүйесінің қабынулары жиі кездеседі: ларингит (көмейдің тарылуы мүмкін), ортаңғы құлақтың қабынуы (отит), іріңді инфекцияның қосылуы өкпенің қабынуына (пневмония) себеп болуы мүмкін. Ең ауыр асқынулар – бұл жүйке жүйесінің асқынулары (панэнцефалит, энцефалит, менингит).
Дәрігердің сөзінше, кез келген аурудың алдын алу үшін екпе алу керек. Қазіргі таңда Қонаевта балаларды қосымша иммундау жүріп жатыр. Оның ішіне 6 айдан 11 айға дейінгі, 2-5 жас аралығындағы балалар кіреді. Бұдан бөлек, 1-6 жас аралығындағы балаларға қызылшаға қарсы жоспарлы екпе салынып жатыр. Қосымша иммундау бойынша осы уақытқа дейін 982 бала екпе алған.
«Ауру белгілері пайда болғанда оқшауланып, дәрігерге қаралу керек. Вакцина алғаннан кейін де қызылшамен ауыруы мүмкін. Бірақ, егілген бала ауырса да, ауру жеңіл түрде өтеді, мұндайда бөртпелер бірен-саран немесе болмауы да мүмкін. Иммунитет түзілуі үшін кем дегенде 2-3 апта уақыт қажет. Мұндай жағдайларда асқыну қауіпі төмен, себебі вакцина 95 пайыз қорғайды. Сондықтан медициналық шектеулеріңіз болмаса, белсенділік танытып, егілуге шақырамын»,-деді Ерлан Саржанов.
Айта кетейік, қызылша – ауа арқылы жұғатын вирусты жұқпалы ауру.