Іле ауданы Ащыбұлақ ауылдық округінде жастар арасында жаппай төбелес болып, оқиғаның бейнекөрінісі әлеуметтік желіде лезде тарап кетті. Жасөспірімдердің бірін-бірі аяусыз соққыға жыққан қатыгез әрекеттері жұрттың жағасын ұстатты.
Аталған дерек Іле аудандық полиция басқармасында ҚР ҚК 293-бабы бойынша тіркелді. Тексеру барысында 29 қараша күні 9-10-сынып оқушылары арасында келіспеушіліктер туындап, кейіннен ол жаппай төбелеске ұласқаны анықталды. Қазіргі уақытта бұзақылар ұсталып, тергеу амалдары басталды. Психологтар төбелеске қатысқандармен профилактикалық тәрбие жұмысын жүргізді. Сонымен қатар, жасөспірімдердің ата-аналарына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127, 435-баптары бойынша 17 әкімшілік хаттама толтырылған.
Осы оқиғаға қатысты әлеуметтік желіде түрлі пікірлер туындады. «Біз де кезінде төбелестік, бірақ мына жастар сияқты қатыгез болмадық», «Жаңа қоғам құра алмай жатқанда, жабайылықты қою керек. Бұзақылар жазасын алсын. Кейінгілерге сабақ болады», «Сайттарда тараған ресейлік «Слова пацана» фильмі балалар арасында бопсалау мен рэкетирлікке үндейді. Мұндай киноларды көрсетуге тыйым салынсын. Жастардың санасын улап жатыр» деп айтқандар көп болды.
Ащыбұлақ ауылдық округінде 4 ауыл мен 47 саяжай орналасқан. Халық саны 57 мыңнан асады. Ондағы 10 мектепте 16269 оқушы білім алуда. Аудандық білім бөлімінің тәрбие ісі бойынша бас маманы З.Бақытжанқызына жолығып, мектептегі білім мен тәрбиеге қатысты сауалдарды алға тартқан едік.
– Мектептерде тәрбие сағаттарын өткізуден, насихаттаудан кенде емеспіз. Соған қатысты түрлі байқаулар, слеттер, дөңгелек үстелдерді жиі өткіземіз. Біртұтас тәрбие бағдарламасы негізінде «Оқуға құштар мектеп», «Еңбегі адал жас өрен», «Жеткіншектің жеті жарғысы», «Ұлттық мектеп лигасы», «Адал ұрпақ – 2023» сынды тағылымды шаралар ұйымдастырылады.
Бәріміз ата-анамыз. Менің де балаларым бар. Күн сайын олардың сабағын, қолындағы ұялы телефонын қадағалап, не көріп жатқандарын мұқият тексеремін. Бала өсіріп отырған барша ата-анаға айтар кеңесім де осы. Тәрбиеге тек мұғалімдер ғана емес, ата-аналар жауапты екенін естен шығармайық. Мұндай келеңсіз оқиға енді ешқашан қайталанбасын, – деді ол.
Округтің тыныштығын күзеткен 10 учаскелік полиция, қоғамдық кеңес мүшелері, ақсақалдар мен аналар кеңесі де жастар тәрбиесіне бей-жай қарамайды.
Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Еліміздің ертеңі. Салауатты өмір салтын ұстанатын, ұлттық тәлім-тәрбиеге сусындап өскен білімді ұрпақ тәрбиелеу – әр атаананың парызы екенін ұмытпайық. Ешкім де баласының жаман болғанын қаламайды. Болашағынан зор үміт күтеді. Оның азамат болып ержеткенін армандайды. Ендеше сол жолда әлсіздік танытпайық! Бала тәрбиесіне қоғам болып атсалысайық!
Бағдат Шойбас,
Іле ауданы