Бүгінде өзегімізді өртейтін өкініштің бірі – қоғамның жегіқұртына айналған жемқорлықтың азаймай тұрғаны. Иә, елімізде парақорлық дерегі көбейіп, арсыздардың құлқыны кеңейіп барады. Біздің бұлай деуімізге – Отан дамуын өрге бастырмай, экономикамызды тежеп, жұрт сеніміне селкеу түсірген сыбайластық дәлел. Міне, осының алдын алу, жемқорлықтың жолын жабу үшін елімізде түрлі шаралар өтіп, жегіқұртқа желінбеудің жолдары түсіндірілуде. Соның бірі – облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері мен халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен драматург Сая Қасымбектің «Қол» атты пәлсапалық әпсанасының көрерменге жол тартуы. Қойылымды сахнаға «Ақши» халық театры алып шықты.
Іле ауданы Чапаев ауылдық Мәдениет үйіне жиналған халықтың қарасы қалың. Өнердің мәйегі саналатын театрмен сусындауға келген жұртшылық алдымен кіреберіс алаңға қойылған жемқорлыққа қарсы фотокөрмені тамашалады. Бұл маңға облыстық «Адалдық алаңы» байқауына қатысушылардың туындылары тізілген. Суреттерде парақорлық қылқалам арқылы бейнеленіп, сыбайластықтың соңы сутемір торға тоғытатыны баяндалған. Шара шымылдығын ашқан облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Айдос Мамыт аталмыш қойылым парақорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылғанын тілге тиек етіп, өңірімізде 21-30 қараша аралығында өткен суретшілер байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Қылмысқа апарар қадамды қылқалам арқылы шебер бейнелеген кегендік Ерғанат Тоқтарбекұлы сайыстың бас бәйгесінен көрініп, 300 мың теңгелік сертификат иесі атанды. Қалған қатысушыларға да қомақты сыйлықтар ұсынылып, Алғыс хаттар табысталды.
Марапаттан соң шымылдық түріліп, залдағы көрермен көптен күткен қойылым басталды. Жалақорлар мен парақорлардың, қулық пен қиянаттың өкінішті тағдыры талқыға түсті. Іле аудандық «Ақши» халық театры құлқыны ашылып, адасқандардың қылмысын әшкереледі. Адам үшін қол – таразы, көңіл – қазы екенін ұқтырды. Драматург Сая Қасымбектің туындысы талайды таңдандырды. Пендеге қулық-сұмдықпен жанаспауын, өз ішкі менінің адаспауын ұғындырды. Қойылым қотыр қолдан жұғатынын ғана жеткізіп қоймай, ақылмен санасып, сол қолды қазық, оң қолды тоқпақ қылу қажеттігін баяндады. Жарық сөне салысымен сахна төріне көтерілген қолдар дәл орталық алаңға басшының орындығы мен үлкен таразыны сүйрей жетті. Өмірден шалынбай, таршылық деп тарынбай, барға малынып өмір сүруді көксеген адам орындыққа қарай ентелей келді. Артында алып таразы, ал оның екі жағында пенденің қос қолы. Өзі армандап, ат төбеліндей таққа жеткен адамның тағдыр таразысының сол жағы басым. Дегенмен, арасында оны бір сілкіп алып, жақсылыққа жол бастауға үндейтін оң қолы таразыны теңестіруге асығуда. Аталмыш қызметке орналасуына қос дауыс жетпегенде жағымпаз, алаяқ, жағымсыз сол қолдың әрекетімен қолдау табылған. «Сен болмасаң бұл орынға жетпес ем» деп сол жағын жақтағанына кейіген оң қолдың ортада теке-тірес тудырады. Сахнада қос қолдың арпалысы айрықша суреттеледі.
Кәдімгі жақсылық пен жамандық. Екеуі екі жаққа тартып, пендені тайталасқа салады. Билікке жайғасып, болашақ бағыты жолында сыннан сүрінбей, кедергіден мүдірмей өту үшін адам қайсының ығына жығыларын білмей әлек. Аталмыш спектакльді қоюшы режиссер Жасұлан Түсіпбеков дәл осы арада қарама-қайшылықты керемет сипаттап, ерекше сезіммен көрсете білді. Ал адам рөліндегі Қуаныш Қонысбеков арпалыс арасында бірде оң, бірде сол қолына бағынып, өз мүшелерінің ынтымағын ыдыратып алғанын жоғары деңгейде ойнап шықты.
«Басеке, жаңа орныңыз құтты болсын» деп сол иық тарапынан ұсынылған сияпатты алған адам «ол сізді сәтсіздікке итермелейді» деген оң қолының да ақылын тыңдап бағуда. Қазіргі заманда «берсең аласың, бермесең қаласың» деген тәмсіл бар деп оң қолының қадамын жөнсіз адалдыққа балайды. Сөйткенінше осыған мысал ретінде экрандағы жарық сөніп, қаптаған қолдар ортаны бір айналып өткен соң, өмірде болып жатқан оқиға сахнада суреттеледі. Жоғары оқу орнына сынақ қабылдап жатқан ұстаз әкесі күзетші, анасы еден жуушы, өзі білімге құштар үздік оқушының дарынын сөндіріп, өз ойын шендінің баласына жеткізіп жатқаны бейнеленеді. Иә, осы арада қалтасы қалың жігіт мұғалімге көк қағаз ұстатып жолы ашылады. Әділетсіздік айрықша көрінген тұста адам қос қолымен сахнаға қайта оралып, Жаратқаннан жаңылдырмайтын шешім тауып беруіне жалбарынады. Оң қол да манағы сормаңдайдың тағдыры талқыға түспек деп дарынды оқушының жағдайы жоқтығынан жеңіліске ұшырағанына күйінеді. Ал, сол қол болса, «сіз алмасаңыз, сіз бермесеңіз, орныңызға алатын біреу келеді» деп, пендені одан әрі үркітеді. Ар жағында қасірет тұрған бұл жайтқа ашулы оң қол әділетсіздікті мектеп қабырғасынан біліп шыққан шенді баласынан болашақта күтер үміттің жоғын жанайқайына қосады. Осы сәтте оң қол рөліндегі Диас Төлепберген мен сол қол рөліндегі Айдар Асанбайдың әртістік шеберлігі көрерменді шынайылыққа әкетіп, соңын күткізіп, қызықтыра түседі. «Мен адамдарға болысумен келемін, кім қиналса, соның жанындамын. Ақша көп болса болды, жетпей тұрған жерін жалғап, өмірін кереметке арнап жіберемін» деген сол қол тағы бір мысалды алдыға тартады. Экранда қалтасы тесік қарияға «ақшаңыз жоқ болса, дәрі де жоқ» деп зекіген дәрігердің құлқынын өзгелер толтырғанда, бар емді соларға жасап, ақшасы аз қарттың жүрегі тоқтаса да, жаны дір етпегені бейнеленеді. Осы орайда, оң қол тарапынан қарияны меңзеп, сол қолға айтылған «Осылай үзілген мен сөнген жағын қалай жалғамақсың?» дегеніне сол қол да қаймықпай, «Есесіне бақытты жағы қуанышқа кенелді» деп қарқылдай жөнеледі.
Теке-тірестен шаршаған адам орнынан атып тұрып, ит мәжбүрлікке итермелейтіндерден именетінін жеткізіп, тығырықтан шығаруын сұрап, оң қолға үміт артады. Сөйтеді де, адамдардың осындай әлсіздігіне, ақшаға тәуелділігіне, сыбайластық жасап қоятын сәтіне тағы да оң қолын кінәлайды. «Сенің сол қолдай белсенді күшің болса, мен сені тыңдап, саған ерер едім, сен жұмыс істемейсің, жалқаусың» деп шүйлігеді. Тіпті, санасына арам ойлар оралып, «әділдікке үміт артып алданғаннан көрі, әділетсіздікке етіңді үйретіп, соның нанын жеген әлдеқайда жөн» деп таразының сол шетін ауырлата түседі. Сол қолдың «мүмкіндік барда ал, бас, же» деп жарқыл-жұрқыл алдамшы өмірге еліткеніне де шыдамай: «Сендер менің екі қолымсыңдар, бірің болмасаң екіншің ақсап қалатыныңды түсінесіңдер ме?!» – деп жанұшыра әлекке түседі. Оң қолына бұрылып: «Сол қолға жол берме, көтер басыңды. Әлсізсің сен. Адалдық тасын ауырлат», – дегеніне оң иық тұсы «таразыдан әділдікті сүзіп алу тек сіздің қолыңызда» дейді. Қойылым соңында бар шешім өзінде екенін ұғып, өз ақыл-ойына ерік берген адам өзіне бұйырған қасиетті, ұлы есімді кірлетпеуге бел буады. Жан біткен жер бетінде жалғыз тіршілік кешетінін ойлап, бір-ақ рет берілетін өмірде адам болудан асқан бақыт жоқтығын түсінеді. Ойына оралған үмітін сөндірмей, қос қолына қанша қиындық болса да опасыздыққа, әділетсіздікке жемқорлыққа жол бермейтінін айтып, адам атын адалдықта ұстайтынын жеткізеді.
Міне, осылай ішкі менін тыңдап, адалдық жолынан аттамаған сарынмен қойылым түйінделеді. Драма бүгінгі күннің басты тақырыбын көтергені үшін де құнды болды. Әрине, сахнадағы реквизиттер де қойылым кереметін әспеттеп, заманауи сарындағы музыкалар, оқиғаны суреттей білген сәттер, әртістер шеберлігі көрермен жүрегінен жол тапты. Оны орындарынан тік тұрып, өнерпаздарға соғылған шапалақтардан анық аңғардық. Жемқорлық түбі қылмыс екенін жүрекпен сезінген, көрерменге сездірген театр ұжымы үлкен құрметке бөленді. Бұл қойылымда әр ойыншы шеберлік шыңынан көрініп, жегіқұрт сұғынан сақтанудың жолы көрсетілді.
Қойылымға халық атынан жоғары баға берген Айдос Жанұзақұлы театр ұжымына рақметін айтып, қоюшы режиссер Жасұлан Түсіпбековке Алғыс хат табыс етті.
PS:Қойылымның қонақтары тек қарапайым халық пен ұстаз, дәрігер, журналистер, шығармашылық адамдары болғандығы жанымызға батты. Лауазым иелері уақытының жоқтығынан ба, әлде жұмыс кестесінің тым тығыздығынан ба, «келдім» деп белгіленіп, қойылым басталған тұста көрермен қатарынан табылмағанын аңғардық (бәріне топырақ шашудан аулақпыз). Мемлекеттік қызметкерлер де келіп, драманы бастан-аяқ көргенде ғой дейсіз. Жегіқұрттың не екенін, соңы қайда апаратынын білгендер, ұжымына дәл соны үндесе, әлбетте, сыбайластық саны азаяр еді. Қойылымның үйретері, талай жанның үйренері көп еді. Расымен де, жемқорлықпен күрестің сахна арқылы санаға жеткенін ешбір шара алмастыра алмайтыны анық.
Құралбек Сәбитов,
Іле ауданы