Елімізде қызылша ауруының белең алуына байланысты Талғар қаласындағы №25 мектеп-гимназиясында шұғыл жиын өтті. «Балалар қауіпсіздігі» тақырыбындағы басқосуға аудандағы барлық мектеп директорлары мен мектепке дейінгі балалар мекемелерінің басшылары жиналды. Білім бөлімі ұйымдастырған шараны Талғар ауданы әкімінің орынбасары Айбек Бидаев ашып, жүргізіп отырды.
Жиында сөз алған Талғар аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Тимур Қуатов, аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Бексұлтан Оспанов қызылша ауруының таралуына байланысты өңірдегі эпидемиологиялық жағдай және қолға алынып жатқан шаралар туралы кең мәлімет берді. Одан соң аудандық аурухананың тиісті салаларға жетекшілік ететін меңгеруші дәрігерлері жиналған қауымға қызылша ауруының белгілері, олар пайда болған жағдайда қандай әрекет ету қажеттігі жайында тарқатып өтті. Егер балабақшада немесе мектепте қызылша ауруы пайда болғанда не істеу керектігін түсіндірді.
Келтірілген мәліметтерге сүйенсек, қызылша – жылдам таралатын жұқпалы ауру. Оның инкубациялық кезеңі 21 күнді құрайды. Әсіресе, тойып ішпейтін және өкпе ауруына шалдыққан балаларға қауіпті. Ол ауру адаммен қарым-қатынас немесе қасында болғаннан кейін он күннен соң дене қызуы, тұмау, көздің қабынуы және жөтел сияқты суық тию белгілері бойынша басталады да, уақыт өткен сайын асқына түседі. Дене қызуы 39-40 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Бірақ ыстық түсіретін дәрілердің көмегі тимейді. Ауыз іші қабынып, ісініп, іш өтеді. Екі немесе үш күннен кейін ауыздың шырышты қабығында кішкентай ақ дақтар көріне бастайды. Тағы сонша уақыттан соң құлақта және мойында, сосын бетте және денеде, ең соңында қол мен аяқта бөртпелер пайда болады. Денеге бөртпелер шыққаннан кейін баланың жағдайы әдетте жақсарады. Бөртпелер 5 күннің ішінде шығып болады. Кейде тері астына қанның құйылуы (қара қызылша) салдарынан шашыраңқы қара дақтар (көгерген жерлер) байқалады. Бұл дерттің әсерінің өте күшті екендігін білдіреді.
Қазір Талғар ауданындағы 59 мектептің 19-ында – 22, ал 73 мектепке дейінгі балалар мекемесінің 15-інде – 43 қызылшамен ауыру жағдайы тіркелген. Ал Қазақстан қызылша ауруының таралуы бойынша әлемде үшінші орынға шығыпты.
Шараның маңыздылығын түсінген жиын қатысушылары да белсенділік танытып, көптеген сұрақ қойды. Оларға Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту министрліктері қабылдаған нормативтік құжаттар негізінде нақты жауап берілді. Негізгі түйін: қызылша ауруына қарсы күрес, оның алдын алудағы бірден-бір шара – екпе алу. Өйткені қазір бұл ауруға шалдығып жатқандардың басым көпшілігі кезінде екпе алмағандар. Оған ықпал етіп отырған еліміздегі әртүрлі діни ағымдар. Олар тек екпе емес, ұлттық салт-дәстүріміз, әдетғұрпымыз, бүкіл болмысымызға кері әсер етіп отырғаны да қоғамды қатты алаңдатады. Тіпті, бір қатысушы: «Осындай шараларға қоғам қайраткерлерін, БАҚ өкілдерін, блогерлерді шақырып неге қоғам болып талқыламасқа?» – деген пікірін де айтты. Мүмкіндікті мүлт жібермейтін әдетімізбен жиынды басқарып отырған Айбек Бидаев мырзадан рұқсат сұрап, біз де бірауыз пікірімізді айттық.
– Жаңа бір замандасымыз қоғам қайраткерлерін, БАҚ өкілдерін неге шақырмасқа деп қалды. Мен – Мәдениет қайраткері, облыстық «Алатау арайы» газетінің Талғар ауданындағы меншікті тілшісімін. Қазір баспасөзге жазылу науқаны жүріп жатыр. Бірақ біздің ауданда өте төмен! Бізден халқы анағұрлым аз Жамбыл, Қарасай аудандарында 700-800 данадан жазылса, бізде 30-дан жаңа асты. ХХ ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынұлы атамыз «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» десе, Міржақып Дулатов «Баспасөзі мықты елдің – болашағы зор» деп еді.
Мемлекет басшысының қамқорлығы, баспасөз қызметкерлерінің үгіт-насихат жұмыстарының арқасында жалақыларыңыз жылдан-жылға көбейіп, жағдайларыңыз жақсарып келеді. Қазір 70 мың, 100 мың теңге жалақы алып жүргендер бар. Олардың қасында сіздердің жағдай анағұрлым жақсы. Сондықтан 7-8 мың теңгеге бір газетке жазылу артықтық етпейтін шығар?! Бұрынғы министр Асхат Аймағамбетовтің көп ісі дұрыс шығар, бірақ «газет-журналға мәжбүрлеп жаздыруға болмайды» деген бір сөзі бұрыс болды. Мемлекет саясатын, ұлттық идеология мәселелерін, Президент Жолдауын, облыс әкімінің тапсырмаларын қалың бұқараға терең насихаттап, олардың нақты орындалуына қол жеткізу үшін, мүмкін мәжбүрлеу де керек шығар. Бірақ біз өтінеміз! Облыстық «Алатау арайы» газеті жаңа болған соң көпшілік әлі білмей жатыр, – дедік.
РЕДАКЦИЯДАН: Талғар ауданындағы меншікті тілшіміздің пікірі – газет ұжымының пікірі. Әлеуметтік желідегі жел сөзге, ақиқаты күмәнді, күдігі көп, тексерілмеген мәліметтерге көз сүріндіріп, сұрыптай алмай отырғанша, мерзімді басылымнан рухани сусындаған әлдеқайда тиімді екенін уақыттың өзі дәлелдеуде. Ендеше, облыстың айнасы – «Алатау арайынан» қол үзбейік. Әсіресе, ұрпақ тәрбиелеп, білім беріп отырған ұстаздар қауымы газетпен бірге тыныстауы тиіс. Газеттен алыстау – бүкіл ұлт тарихынан, руханияттан алыстау екенін ұғынайық. Мемлекеттік саясатты көрсетіп,ел ертеңіне үлкен үлес қосып жатқан жаңа басылымға жазылып, қолдау көрсетіңіз, мың сан оқырман!
Құтмағамбет Қонысбай,
Талғар ауданы