Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда Желтоқсан көтерілісінің ақтаңдақ беттері біртіндеп ашыла бастады. Бүгінгі мақаламызда осынау қанқасаптың ортасында болып, теперішін бір кісідей тартқан Шеңгелді ауылдық округіне қарасты Сарыбұлақ ауылының тұрғыны, білікті ұстаз, жоғары санатты педагог-зерттеуші Ақмарал Қожамберлинова жайында сөз қозғамақпыз.
Ол 1961 жылы туған. 1986 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының 3-курсында оқып жүргенде 17-18 желтоқсан күндері алаңға шыққан. 17 желтоқсан күні алаңдағы жастармен бірге түн ортасына дейін Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнін шырқап, бейбіт митингке қатысқан. Кейін алаңға барған жастарды қудалау басталғанда иегіндегі жарақатын ешкімге көрсетпеуге тырысып, тісі ауырған адамша, киімінің жағасымен бет-аузын біраз уақыт жауып жүруге мәжбүр болған. Соңғы жылдары ғана алаңда бірге болған құрбыларының себепкер болуымен Желтоқсан қатысушысы екендігін фото-бейне арқылы растап, куәлік алған.
Иә, ол кездер естен шығар ма? Азаттық үшін күрес, ұлт намысы қамшылаған талай қазақ жастары сол күндері алаңнан табылды. Өз жеке басына қатысты, өзі көріп, куә болған жайттар туралы ойлана кетсе, көз алдынан кино таспасындай сырғиды. 1986 жылғы желтоқсанның 17-сі еді. Ол кезде Қыздар педагогикалық институтының үшінші курсында сырттай оқитын. Жұбайы Батырханның әпкесі – қайын апасы Алтын Қартайғанова Абай көшесіндегі №47 үйде тұратын. Ол кісі Алматының элиталық ауданындағы ұзын көшелерді сыпыратын еді. Қалалықтар ауылдан келгендерге қатал әрі сараң қарап, дастарқандарын жұтаң ұстайтын. Сол кісіге көмектесу үшін ылғи көше сыпырысатын. Осы көшеде, жақын жерде, жазушылардың мекемесі бар еді. Көп ақын-жазушыларды кездестіретін. Кейбіреулері бұны аяса, кейбіреулері намысын қайрайтын.
Сол күні сабақтан жай қайтты. Алматы көшесі біртүрлі көңілсіз, сұрланып алып, демін ішіне тартып тұрғандай көрінді. Абай көшесіндегі алаң жақтағы шуды естімеу мүмкін емес еді. Айғайлаған, ән салған, арасында зілді үндер араласқан шуды естіген Ақмарал өзі білетін сыпырғыштар мен қалақ-шелектер қоятын жерге сөмкесін тастап, жоғары көтерілгенде қаптап келе жатқан тобырмен қалай араласып кеткенін білмей қалады. Қазақ жастарының сілкініп шығуынан тоң болып қатып қалған ұлттық мәселенің ащы мұңын байқайды, қараңғы, шамның ала көлеңке сәулесінен жазалаушылардың агрессиясынан қорықпаған ерік-жігерді көреді. Әбден рухтанып алған топ ештеңеге қарар емес. Әнін айтып, бір-біріне дем бере дабырласып, алаңға қарай өрлеп келеді.
Жазалаушылар отряды жақындап, төніп келіп қалды. Қоршап алып, қарусыз халықты түрлі темір кесінділері, сапер күрекшесі сияқты қаруларымен тықсырып, бір отырғызып, бір тұрғызып, қарсылық көрсеткендерді ұрып жығып жатқан кезде өзі тұрған жаққа қарай шүйлігіп, тура келе жатқан, қолдарында ұзын ағаш тоқпақтары бар әскерилерді байқайды. Басына «Алтын тәтеге қашу керек» деген ой келгенше шеттерінен тықсырып, баудай түсіріп жатқан, соққы тиіп шыңғырған ащы дауыстан ширығып, қасындағылармен бірге алға қарай лап береді. Бірақ бәрі де кеш болатын. Алдында тұрған Нұртай Сабильянов пен Коммунар Табеев жоқ болып кетті. Дүрмек ішінде қай жаққа құлап яки жалтарып үлгергендері белгісіз. Кәмшат Нұрбергенованы да кездестірді, ізінше оның да қайда кеткенін таппай қалды. Аяғынан біреу шалды ма, жоқ, өзі шалынып құлады ма, сырғанаған күйі иегі тасқа тиіп, қан судай ақты. Аузына толған күртік қарды түкіріп тастап, бетін тұмшалап, әрең бойын түзеп, есін жия алмай тұрғанда қайтадан біреу соғылды. Арттағылар да үстіне құлаған сияқты, тек тұра сап қашуға әрекеттенеді. Онысынан түк шықпады, бұларды қойша қамап, автобусқа тиеді. Белгісіз ғимараттарға алып кетті. Кейін білді, Лобачевский көшесіндегі уақытша ұстау мекемесі екен. Тастай қараңғылыққа көмілген, түу бас жағында ала көлеңке қылаңытқан ұзын жертөле сияқты. Орысша айтылған боқтық сөз бен сарт-сұрт етіп тиіп, ұрғылап жатқан қолшоқпар дауысы, машиналардың жан шошытар дыбыстары алыстап кеткендей еді. Сыбырлап сөйлесу мен түсініксіз тергеулер. Жұрт неше түрлі сылтаулар айтуда. Иегінің жырылып кеткенін ескерерлік шама жоқ, ет қызуымен жүре бергендіктен, аузы сөйлеуге келмей қапты. Фамилиясын анық айта алмады, сөйлеуге шамасы жоқ еді. Аяғы су, тоңып барады, түске қарай жібергенмен ескерту жасады.
Ағасы мен бауырын іздеген, «Калининнен келдім» деген Айманды қатты қинады. Көшедегі бұлар сыпырып жинаған күресін қарға бетімен лақтырады да, бірнеше рет теуіп алып, қайта тұрғызады. Желкесінен ұстап қайта тұншықтырады. «Енді мұздай бастадым» деп, кетуге ыңғайланғанда, қар тазалайтын машина ма, әлде қандай екенін білмеді, біртүрлі көлік бірталай адамды басып-жаншып кете барды. Бұл кезде тас қараңғы болса да, жендеттердің бұйрық беріп гүжілдеп орысша аттандап жатқаны естіліп жатты. Ақмарал жерасты өткелінен өтіп, әзер дегенде үйіне жетті-ау!
Оның көз алдынан кетпегені – әлгі көзі шарасынан шығып кетердей ежірейген, өздері еңгезердей, екіленіп алып, шамасы жоқ қыздарды буындырып, айтпаған боқтық сөзі қалмаған орыстың үш сарбазы мен оған бой бермеген қазақтың батыр ұл-қыздарының қайтпас қайсар, бағынбаған қарсылық күші мен ала көлеңкедегі бетпе-бет күресі еді.
Кейіпкеріміздің бұл оқиғаны айтпай ішінде тұншықтырып сақтау себебі жұмыстан айырылу мен «ел сенбейді» деген күдіктен еді. Онсыз да қуғын көрген жан әбден зәрезап болып қалған. Сарыбұлақ ауылынан қатысқан Жеңіскүлді және Несіпбай ағаның баласы Жандосты білсе де, білмеген болды. Бұл күнде екеуі де өмірде жоқ. Желтоқсандағы аяусыз ұрып-соғудың зардабынан кейін екеуі де көз жұмған.
Бейбіт Мекеев