Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2022 жылы Қазақстанның әкімшілік-аумақтық құрылымына енгізілген өзгерістер нәтижесінде Алматы облысы екіге бөлініп, облыс орталығы Қонаев қаласына ауысты. 2023 жыл өз мәресіне жақындаған тұста барлық жағынан әлеуетті бұл аймақта қандай жетістіктерге қол жеткенін жіпке тізіп көрдік.
Экономиканың қозғаушы күші
Облыс орталығы мен Алматы қаласы арасындағы G4City жобасы қайта жанданды. Бұл экономикалық өсудің басты белгілерінің бірі саналады. Әуелі «G4 City» қаласы мен Қонаев қаласының бір бөлігін қамтитын «G4 City» арнайы экономикалық аймағы құрылды. 3,7 трлн теңгеге бағаланып отырған жоба жоспарға сай іске асса, 34 мың жұмыс орны ашылады депи күтіліп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша G4 City-ді жеке әкімшілік бірлік ретінде құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның аумағы 88 мың гектарды құрайтын 4 аймаққа бөлінген. Аймақ іскерлік және қаржы орталығы, индустриялық-логистикалық орталық, ғылым және медицина орталығы және туризм мен сауықтыру орталықтарын қамтиды. 2050 жылға қарай онда 2 миллионнан астам адам тұрады деген болжам бар. Өңір экономикасының негізгі қозғаушы күші жалпы өңірлік өнімнің 40 пайыздан астамын құрайтын өнеркәсіп пен агроөнеркәсіптік кешен болып саналады. Облыс өнеркәсібінің 90 пайызын өңдеуші саланың өнімі құрайды, бұл республикадағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі.
«Қазақстанда жасалған»
Жалпы, биылғы жылдың 10 айында Алматы облысында 34 жаңа өндіріс орны іске қосылып, жұмыс істеп тұрған 7 өндіріс орны кеңейтілді, тиісінше 1087 адам жұмыспен қамтылды. Облыстағы өнеркәсіп орындары өнімдерінің шамамен 70 пайызына дейін қазақстандық шикізаттан өндіріледі, ал дайын бетон және нан-тоқаш өнімдерін шығаратын жекелеген салалар толықтай қазақстандық шикізатты пайдаланады. Тағы бір ерекше атап өтерлік көрсеткіш, елімізде өндірілетін шырындардың 85 пайызы, сусындар мен балмұздақтың 60 пайызында Алматы облысының үлесі бар. Сонымен қатар, өңірде республикадағы фармацевтикалық және медициналық өнімдердің төрттен бірі, гипсокартонның 81 пайызы, сэндвич-панельдердің 48 пайызы, болат құбырлар мен профильдердің 27 пайызы шығарылады.
Ауыл шаруашылығы саласында Алматы облысы ет, сүт, жұмыртқа өндіру, қой, ешкі, ірі қара және құс саны бойынша да республикада алдыңғы қатарда.
Атап айтсақ, облыстағы 7 құс фабрикасы елдегі құс етінің 27 пайызын өндіреді. Облыс өрік, алма, алмұрт, жүгері, жүзім, картоп, көкөніс, соя, күріш өсіруде де үздік үштіктің қатарында. Өңірде жалпы көлемі 85 гектар аумақта 55 жылыжай, сыйымдылығы 130 мың тонна 71 қойма бар.
Қазіргі таңда облыста жылу оқшаулағыш материалдар шығаратын зауыт салынып жатыр. 217 жаңа жұмыс орны ашылған зауыт іске қосылса ішкі нарықтағы сұраныстың 20 пайызын қамтамасыз етеді деген болжам бар. Биыл сонымен қатар жылына 1000 тоннадан астам шойын шығаратын зауыт құрылысы да аяқталды. Кәсіпорын келесі жылы толық қуатында жұмыс істейді деп жоспарланып отыр.
Экономика күретамыры
Инфрақұрылым – қай ел, қай өңірдің болмасын экономикалық дамуының негізі саналады. Бұл тұрғыда Алматы облысында көлік-логистика саласының дамуына көп көңіл бөлініп отыр. 2023 жылдың маусымында ұзындығы 66 шақырым болатын Үлкен Алматы айналма жолы (ҮААЖ) ашылды. Алматы агломерациясын дамыту аясында салынған ҮААЖ қала мен оның айналасындағы кептелістерді азайтуға бағытталған.
Кеген және Райымбек өңірлерін газдандыру үшін «Шелек-Кеген-Нарынқол» магистральдық газ құбырын салудың жоба-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Ұзындығы 227 шақырымды құрайтын газ құбырын тарту құны техникалық-экономикалық бағалау бойынша 24 млрд теңгені құрайды. Жоба іске асырылса 47,4 мың тұрғыны бар 23 елді мекен газбен қамтылады.
Облыста тұрғын үй құрылысы да жоғары қарқынмен жүріп жатыр. Мәселен, Еңбекшіқазақ ауданында биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 120 пәтерлі үй салынып, кезекте тұрған азаматтарға берілді. Бағдарлама аясында Алматы облысының Ұйғыр ауданы Шонжы ауылындағы 60 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы толығымен аяқталды. Кезекте тұрған халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына ордер берілді. Жалпы, биыл 10 айда облыста барлығы 808 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Облыс бұл көрсеткіш бойынша республикада 4-орында тұр.
Әлеуметтік сала – әуелгі орында
2023 жыл – облыста әлеуметтік салада да айтарлықтай жетістіктерге қол жеткен жыл болды деуге болады. Білім беру саласында үш ауысымда оқытатын мектептер мен орын тапшылығын жоюға баса мән беріліп отыр. 2023 жылдың басында облыста үш ауысымда оқитын 52 мектеп болған. Биыл 14,4 мың орындық 10 мектеп пайдалануға берілді, жыл соңына дейін бес мектептің құрылысы аяқталады. Келесі жылы үш ауысымда оқытатын мектеп саны 39-ға дейін қысқармақ. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 2024-25 жылдары 54,6 мың орындық 53 мектеп салынады. Бұдан бөлек, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 50 мектепке құны 1,5 млрд теңгеге 150 физика, химия және биология кабинеттерін жабдықтауға қаржы бөлінді.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 2024-2025 жылдары 38 медициналық нысан салынбақ. Атап айтқанда, облыстың 6 ауданында 13 дәрігерлік амбулатория, 14 фельдшерлік-акушерлік пункт, 11 фельдшерлік пункт салу жоспарланып отыр. Қонаев қаласында 800 төсектік көпсалалы аурухана, 500 адамға арналған емхана, қалалық аурухана жанынан жұқпалы аурулар бөлімшесін салу да жоспарда бар. Сондай-ақ «Қарасай» және «Еңбекшіқазақ» көпсалалы ауданаралық ауруханаларын реконструкциялау да жоспарлануда.
Табыс көзі – туризмде
Алматы облысының еліміздің туризм саласының дамуына қосып отырған үлесі де артып келеді. 2023 жылы өңірдегі ішкі туризм 13 пайызға өсіп, 1,1 миллион адамға жетіп, шетелдерден 78 мың адам саяхаттап келді. Республиканың Туризм картасына сәйкес, республикадағы 68 туристік аумақтың 10-ы Алматы облысында орналасқан. Өңірде бір мезетте 14 058 туристі жатын орынмен қамтитын 267 нысан бар. Өңірімізге келген туристер орташа есеппен туристік орындарда 3 күннен 5 күнге дейін аялдайды.
15 туристік аймақта жалпы ұзындығы 337 шақырымды құрайтын тау соқпақтары мен маршруттарын жақсарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Туристік маусым кезінде облыста 500-ге дейін жұмыс орны ашылып, былтырғы жылдың 10 айымен салыстырғанда туристер саны мен туризмнен түсетін табыс 15 пайызға ұлғайды. «Шарын» және «Іле-Алатау» (Түрген шатқалы) мемлекеттік ұлттық саябағының аумақтарында туристік орталықтар пайдалануға берілді. «Qonaev international balloon fest» халықаралық шар фестивалі, «Tengri ultra» ұлы дала марафоны, Іле-Балқаш регатасы және басқа да іс-шараларды тамашалауға облысқа 100 мыңнан астам демалушы келді. Сонымен қатар, аймақтың туристік әлеуетін халықаралық аренада ілгерілету бойынша да белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Нақты айтар болсақ, BBC Worldwide телеарнасында және Tripadvisor интернет-ресурсында Алматы облысының туристік әлеуетін жарнамалайтын ақпараттық материалдар орналастырылды. SITF (Seoul International Travel Fair) 38-халықаралық туристік көрмесінде Алматы облысының стенді «Жаңашылдық пен шығармашылық үшін» сыйлығымен марапатталса, Алматы облысының Саты ауылын БҰҰ Дүниежүзілік туризм ұйымы әлемдегі 2023 жылдың ең үздік туристік ауылдарының тізіміне қосты. Туристерге өңірдің туристік әлеуеті туралы тиімді және маңызды ақпарат беретін «Almaty Region Travel» мобильді қосымшасы іске қосылды.
Аталған көрсеткіштерге қарап, биыл Алматы облысында барлық сала бойынша өсу қарқыны жақсы деп қорытынды жасауға болады.
Облыста шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Олардың бір парасын, атап айтқанда саяжайларға инфрақұрылым тарту, ауызсу, жол, қоғамдық көлік мәселелерін жұртшылық облыс әкімі мен аудан әкімдерінің халықпен кездесулерінде көтеріп жүр. Бұл түйткілді мәселелер де келесі жылы күн тәртібінен түспейді деген сенімдеміз.