Талғардағы көшелердің біріне тарих ғылымының докторы, профессор, Қазақстан ғылым академиясының академигі, әл-Фараби және Шоқан Уәлиханов атындағы мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Карл Байпақовтың есімі берілді
Әйгілі академик 1940 жылы Талғар қаласында дүниеге келген. Ол бүкіл саналы ғұмырын отандық археология ғылымының дамуына арнады. Талхиз қалашығын зерттеп, оны әлемге танытты. Енді міне, сол тарихи қалашыққа жақын маңдағы кең көше Карл Байбақовтың есімімен аталады.
Салтанатты шараға Талғар қаласының әкімі Бақыт Күрішбаев, тарихшының туған-туыстары мен шәкірттері, аудан тұрғындары қатысты. Қала әкімі жиналған жұртты осынау тәрбиелік мәні зор жаңалықпен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
– Бүгінгі шара – ертеңгі тарих. Бұған жұртшылықты, жас ұрпақ өкілдерін жинап, оны өткізудегі мақсат – бұл көше кімнің атында екенін, не себепті берілгенін жас буын біліп жүрсін, айтып жүрсін деген ізгі ниет. Атамыздың археология ғылымындағы еңбегі зор. Ол кісі – Жетісу өңірі, Орталық Азиядағы археологиялық зерттеулерге белсене қатысқан, мына ескі Талхиз қалашығын зерттеп, оның әлемге әйгілі болуына зор үлес қосқан ғалым, – деді Бақыт Күрішбаев.
Одан кейін сөз алған археолог-ғалым, тарих ғылымының докторы, профессор, Археология институтының бас ғылыми қызметкері, Карл Байпақовтың жұбайы Тамара Савельева Талғар қаласы мен аудан басшылығына марқұм күйеуінің еңбегін ескеріп, оның атына көше беріліп жатқанына ризашылығын білдірді. Ғалымның жұбайы сондай-ақ, ескі Талхиз қалашығының жанынан тарихи өлкетану музейі ашылып, осы маңайда табылған барлық құнды жәдігерлер сол жергілікті жерде сақталса – қай жағынан алғанда да маңызды болатынын жеткізді.
Салтанатты шарада тарихшы ғалым, өлкетанушы Олег Дінмұхамедов, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Түлектер қауымдастығының» атқарушы директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Гүлғазира Балтабаева, Карл Байпақовтың немере інісі Байдаулет Мерекеұлы, әйгілі ғалымның шәкірті, Археология институтының Орта ғасырлық археология бөлімінің меңгерушісі PhD докторы, Ералы Ахмет жиналған жұртшылықты құттықтап, өздерінің ұсыныс-тілектерін білдірді. Олардың ойынша, әлі де жартылай қараусыз жатқан қалашыққа жете назар аударса, жас ұрпақтың ел тарихын тануына, туризмді дамытуға кең жол ашылар еді. «Талхизден табылған тарихи құнды жәдігерлер басқа еш жерде жоқ», – деді олар.
Іс-шараны Талғар аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Фарида Бегенбаева қорытындылады.
– Карл Молдахметұлы Талхиз қалашығын ЮНЕСКО-ның тізіміне Ұлы Жібек жолының қаласы ретінде кіргізіп, өлшеусіз еңбек сіңірді. Талғарды бүкіл ел білмесе де, ортағасырлық Талхизді әлем таниды. Ал оның жалғасы бүгін біз өмір сүріп отырған, ертеңгі өскелең ұрпақ өмір сүретін – Талғар. Тарихпен, халықпен бірге Карл Байпақовтың есімі де мәңгі сақталады, – деді Фарида Бегенбаева.
Құтмағамбет Қонысбай,
Талғар ауданы