Араб Әмірліктерінде өткен Азия біріншілігінде Алматы облысының тумасы жас шахматшы Елназ Қалиахмет жүлдегер атанды.
12-22 желтоқсан аралығында өткен жарысқа 41 мемлекеттен 625 шахматшы қатысты. Қазақстандық жасөспірімдер 5 медальға ие болды. Алматы облысынан Елназ Қалиахмет, Ерсұлтан Қалиахмет, Алима Өмірсерік, Иманғали Ахилбай, Алихан Назарбек, Жансая Шолпанбек, Рамазан Тулеген қатысты. Блиц түрінен 14 жасқа дейінгілер категориясында Алматы облысынан Елназ Қалиахмет күміс жүлдені жеңіп алды. Он үш жастағы Елназдың шахматпен айналысып жүргеніне алты жылға жуық уақыт болған. Жастайынан ойын тастарына қызыққан Елназ еліміздегі үздік шахматшылар қатарына енді. Ел намысын қорғаған жасөспірімді аэропорттан туған-туыстары мен жанкүйерлері күтіп алды.
«Жарысқа барлық мемлекеттерден ойыншылар қатысты. Жасөспірімдер арасында өткен Азия біріншілігінде блиц бойынша 2-орынды иелендім. Бәрі жақсы өтті», – дейді Елназ Қалиахмет.
Айта кетейік, Елназ Қалиахмет халықаралық гроссмейстер Антон Филипповтың шәкірті.