Ғалымдардың зерттеуінше, Алматы қаласының шығысында 25 шақырым қашықтықта орналасқан Талхиз (Талғар) қаласы – орта ғасырларда сауда-саттық, қолөнер, көшпелі мал шаруашылығы мен отырықшы ауыл шаруашылығы жақсы дамыған ежелгі қалалардың бірі. Сонымен бірге ол – Ұлы Жібек жолы бойындағы мәдениеттер мен өркениеттердің өзара тоғысқан, қала мен дала арасындағы байланысты көрсететін үлкен орталық. Осы тарихи мекеннің зерттелуі, қазіргі жағдайы, болашақ жұмыстар жайында «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің аға ғылыми қызметкері Гүлмира Жұмаймен әңгімелескен едік.
– Ең алдымен оқырмандарымызға Талхиз қаласының тарихын қысқаша таныстырып өтсеңіз.
– Ортағасырлық Талғар қалашығы Талхиз, Талхир деген атаулармен белгілі. Ол – Талғар өзенінің оңтүстік жағасында орналасқан, VІІІ-ХІV ғасырларда қарқынды дамыған Жетісудың ең ірі қалаларының бірі. Қала туралы ең алғашқы мәлімет Х ғасырда авторы белгісіз парсы географы жазған «Худуд аль-Алам» («Әлем шекаралары») атты жазба деректе кездеседі. Жалпы көлемі 300х302 метр болып, 9 гектар жерді қамтыған. Талхиз (Талхир) атауы Талғар тауының атауымен сәйкес келуі көптеген деректерде кеңінен таралған.
Талғар қаласын адамдар қола дәуірінде мекен еткені анықталған. Олар ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығын жете меңгеріп, мыс өңдеп, қоладан қару-жарақ жасаумен айналысқан. Б.з.д. VIII-III ғасырда бұл аймақта сақ тайпалары өмір сүрген. Кейінірек б.з.д. III ғасырда олардың орнын ежелгі Үйсін мемлекеті басып, б.з. V ғасырына дейін билік еткен. Талхир VIII ғасырдың соңындағы ежелгі қоныстардың бірінде құрылған. Бұл жайында орталық үйінділерден тыс жерде орналасқан шұңқырлардан радиокөміртек әдісімен алынған мерзім дәлелдейді. X-XIII ғасырларда өз дамуының шарықтау шегіне жетеді.
Бұл қалашықты зерттеуге қызығушылық білдірген саяхатшылар, ғалымдар, зерттеушілер өте көп. Ең алғаш Шоқан Уәлиханов саяхаттап жүріп, Талғар қалашығына келгенде оның тарихи, мәдени орын екенін айтып кеткен. Алғаш рет 1921 және 1924 жылдары В.Городецкий көне қалаға археологиялық зерттеу жүргізеді. А.Н.Бернштам бастаған Жетісу археологиялық экспедициясы қалашыққа екі шұңқыр қояды. Қалашықтың археологиялық қазба жұмысы И.И. Копыловтың басшылығымен 1950 жылдардың ортасында басталады. 1966 жылы осы археологтің бастамасымен материалдар жинақталып, бірқатар құнды деректер ашылды.
Осы арада айта кететін бір жайт, қазіргі таңда қорық-музей қызметкерлері И.И.Копыловтың жеке архивімен жұмыс жасап жатыр. Яғни, жеке архивіндегі фотосуреттер, материалдар, археологиялық қазба кезінде жазылған деректер, сондай-ақ И.И.Копыловтың қолмен және машинкамен жазылған қолжазбалары мен материалдары сараланып, сұрыпталуда. Алдағы уақытта осы деректер мен жазбаларды зерттеп, зерделей келе, ғылыми ортаға таныс емес мәліметтер табамыз деген ойдамыз.
– Қаланың атауына байланысты не айтар едіңіз? Мен бір кездері осы Талғар ауданында туып-өскен әйгілі демограф, марқұм Мақаш Тәтімов ағамыздың өз аузынан: «Бұл моңғолдың дол ғар – алып тау деген сөзінен шыққан» дегенін естіп едім?
– Талғар атауы – өте көне атаулардың бірі. Оның екінші бөлігіндегі «гар» үнді-еуропа тілінде «тау» деген мағынаны білдіреді. Сондай-ақ осы тілдер тобына жататын славян, грузин, әзірбайжан тілдерінде «тау», «төбе» деген мағынада қолданады. Әзірбайжан мен Грузин тілдерінде кездесетін осындай тілдік ұқсастық қаланың иран тілдес елдермен тығыз қарым-қатынаста болғандығын көрсетеді. «Тал» сөзі түркі тілдерінен аударғанда да «төбе», «бас», «жоғарғы» деген ұғымды білдіреді. Бәлкім, бұл атау Жетісудың ең ескі тілдік қорына жатуы мүмкін. Бұл – А.Гумбольдттың «Тау тізбектері мен ірі өзендердің ең ескі атаулары бастапқыда тек таулар мен суды ғана білдіреді» деген болжамымен де сәйкес келеді.
Талхир атауы мекен ретінде Х ғасырдың соңында пайда болған. Археолог Әлкей Марғұлан Талхиздің – Талхир (Талғар) екенін дәлелдеді. Яғни, түркі тілдеріндегі «p» және «з» дыбыстарының ауысуы қарапайым феномен болып саналады. «Талғар» атауы әлі күнге дейін «таудың шыңы» деген мағынада қолданылып жүр.
– Талхирді ғылыми тұрғыда зерттеу жұмыстары қай кездерде және қалай жүргізілді?
– Ескерткішті ауқымды зерттеу жұмыстары 1960 жылдары әйгілі археолог Кемел Ақышевтың жетекшілігімен басталды. Оның басқаруымен құрылған Жетісу археологиялық экспедициясы ұйымдастырған отырықшылық және қалалық мәдениетті зерттеуге арналған арнайы бөлімге тарих ғылымдарының докторы Карл Байпақов жетекшілік етті. Арнайы құрылған бөлім 1968 және 1970 жылдары қалашыққа қазба жұмысын жүргізді. 1978 жылы Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясының, ал кейінірек осы экспедиция құрамында Т.В.Савельеваның басшылығымен Талғар бөлімшесінің қазбалары қайта жаңғыртылды.
1978-1983 жылдары Талғар қалашығының орталық бөлігіне қазба жұмыстары жүргізіліп, бекініс қабырғалары мен біраз бөліктері айқындалды. 1986 жылы ескерткіш бойынша зерттеу жұмыстары жалғастырылып, онда тағы екі шаруашылық мекені мен қолөнер шеберханасының бөлігі анықталды. 1990-1993 жылдары ежелгі қалашықтың орталық бөліктеріне шоғырланған бірнеше қирандыларға зерттеу жұмыстары жүргізілді. Қала құрылысы туралы материалдар және қалалық қолөнер, сауда, ауыл шаруашылығы жөнінде деректер жинақталды. 1994 жылы қазақ-американдық бірлескен кешенді археологиялық зерттеулер барысында көне қалашықтағы фитологиялық, палеоботаникалық, палеозоологиялық материалдарды талдау қамтылды. Өйткені ежелгі қалаларды зерттеу өте күрделі мәселе, сондықтан да жан жақты кешенді зерттеуді талап етеді. Мәселен, қазба барысында табылған малдың сүйектерін зерттеумен палеозоология саласының мамандары айналысса, ал қала тұрғындарының ауласына немесе бақшасына еккен өсімдіктерін палеоботаника саласының мамандарысыз зерттеу мүмкін емес.
– Қазба жұмыстары, археологиялық зерттеу кезінде қала тарихы туралы қандай деректер анықталды?
– Сүйектен кескіндеме жасау техникасы орта ғасырларда жоғары деңгейге жеткені белгілі. Талхиз қаласының шеберлері де материал ретінде жабайы жануарлардың мүйіздерін, бұғы, арқар, ақбөкен, сондай-ақ төрт түлік мал сүйектерін қолданғандары белгілі болды. Қазба жұмыстары Талғардың Ұлы Жібек жолы тізбегінде қолөнері мен саудасы, ауыл шаруашылығы мен мәдени өмірі қызу қайнаған орталық қала екенін анықтады. Тұрғындарының негізгі тіршілік көзі сауда-саттық болған. Сондай-ақ олар астық, жеміс-жидек, көкөніс, малдың жүнін сатып, қалалық қолөнершілердің өнімдерін сатып алып отырған.
Баршаға белгілі, Ұлы Жібек жолы бойында халықаралық сауда-саттық жақсы дамыды. Қазба барысында Қытайдың қол айналары мен қыш ыдыстары, Иранның қола құмырасы мен табағы, Үндістаннан келген піл сүйегінен жасалған бұйымдар, Самарқандтың құйылмалы балшық ыдыстары табылды. Бұл Талғар қаласы ішкі және халықаралық сауда орталығы болғандығын көрсетеді. Қытай, Жапония, Үндістан, Иран және Орталық Азиядан келген импорттық өнімдердің табылуы – мұның айқын дәлелі.
Осы тұста орта ғасырдағы қалалық дамудың проблемаларын, қала тұрғындарының және халықтың даму динамикасын алғаш зерттеген ғалым Карл Байпақов екенін айта кеткен жөн.
Деректерге назар аударсақ, ортағасырлық Талғар қалашығының құрылысы жоғары деңгейде жасалған деуге болады. Археологтер оның басты көшелеріне тас төселгенін, қалаға құбыр арқылы су жеткізілгенін, ағынды суларды сіңіретін ұңғымалар болғандығын анықтады.
– Соңғы жылдары қандай зерттеу жұмыстары жүргізілді? Жалпы, бұл қалашықтың мәртебесі, тарихи құндылығы жөнінде не айтар едіңіз?
– 2019 жылдың мамыр айында ескерткішке «Іле алқабындағы ортағасырлық қалалардың палеоэкономикасы» атты ҚР Білім және ғылым министрлігінің ғылыми грантының аясында ғылыми жетекшісі т.ғ.д Т.В.Савельеваның жетекшілігімен, қазбаның отряд жетекшісі И.Камалдинов бастаған археологтер қазба жұмыстарын қайта жандандырды. Оған Есік қорық-музейінің қызметкерлері де қатысты. Бұл жолғы археологиялық зерттеу жұмыстары қала орталығының шығыс бөлігінде жасалды. Сондай-ақ зерттеу барысында бірнеше ғимараттың орны мен тұрғын үйлердің орындары тазартылды. Олардың көбінде дем алуға арналған балшық сәкілер, астынан жылу жүйесі өтетін мұржалы пештер, көптеген қыш сынықтары табылды. Сонымен қатар көлемі мен тұрғызу әдісін анықтау үшін шығыс қамал қабырғасына кесінді жасалды.
Зерттеу нәтижесінде, бекініс қабырғасы ленталық технологиясымен салынғандығы, сондай-ақ балшық ерітіп құйылғаны, кейбір жері жермен араластырылғандығы белгілі болды. Қазба барысында аталмыш бекіністен хум, құмыра сияқты қыш ыдыстардың сынықтары мен сүйектен жасалған бұйымдардың қалдықтары табылды.
– Қаланың ерекшеліктері неде, қандай құнды заттар табылды?
– Талғар – тарихы терең қала. Оның архитектурасы мен құрылысында өзіндік ерекшеліктер бар. Қалашық басты көшелердің қатаң жүйесімен қалыптасқан. Олар негізінен жергілікті құрылыс материалдарын, яғни, тас пен ағашты кеңінен пайдаланған. Қазірге дейін қаланың үш бөлігі зерттелген. Олардың бірі толығымен қазылған болса, қалған екеуі ішінара қазылған. Әр бөлігінде 10-нан 12-ге дейін үй шаруашылықтары болған. Қала бөліктерінің ауданы шамамен 3500-ден 4500 шаршы метрге дейінгі аумақты құрайды. Қалашықтағы тұрғын үйлер шаруашылық сипаттағы үлкен аумақты алып отыр. Әр үйдің ауласымен бірге мал шаруашылығына арналған шаруашылық орындары да анықталды.
Ал табылған құнды заттарға келсек, қолөнер мен керамикадан, темірден, қоладан, шыныдан жасалған бұйымдар қалдықтарына қарап, қыш ыдыс өндірісі, ұсталық, зергерлік бұйымдар тәрізді қолөнер шеберлігінің даму деңгейін анықтауға болады. Сондай ақ X-XIII ғасырларда Иран, Қытай, Орталық Азия, Үндістан және Жапония мен Талхир арасында халықаралық қатынас болғаны анықталды. Жалпы, Талғар қалашығынан табылған інжу және коралл, лазуритті моншақтар сауда-саттық байланыстың алыстан бастау алғандығын көрсетеді. Төрт фарфор кесе, адам бейнесі бейнеленген кеселер, мөрмен безендірілген қыш ыдыстың мойны, екі мыс ыдыс және қола қашау табылған. Осындай керемет олжалардың ішінде мыс және гравировкамен безендірілген ыдыстарға деген адамдардың қызығушылықтары ерекше болды. Оның диаметрі – 49,5 см, қабырғасының қалыңдығы – 3,5 см.
Талғар қалашығынан табылған олжалардың ішінде Үндістанмен байланысты заттар көптеп кездеседі. Бұл мәдени байланыс пен сауда-саттықтың тағы бір бағыты болғандығын көрсетеді. Сондай-ақ қалашықтың ортасынан XI ғ., басы мен XIII ғ. соңына жататын шахматтың бірнеше фигурасы табылған. Олардың жасалуы өте қарапайым, ортағасырлық Афрасиаб немесе Хилбук кезеңдеріне сай келеді. Үндістаннан келген піл сүйегінен жасалған бірегей туындылар ерекше қызығушылық тудырады. Сырттан әкелінген заттардың бірегейі – шырағдан мен олардың бөліктері. Жануар бейнесіндегі шырағдандардың кейбіреуінің бастары сақталмаған.
– Соңғы кездері қандай жұмыстар жүргізілуде, алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Қазіргі кезде «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қорғау аймағына жататын қорғандар мен қалажұрттары бар. Олар – сексенге жуық сақ қорғандары, Рахат, Өрікті қалажұрттары мен ортағасырлық Талғар – Талхиз қалашығы. Бүгінгі таңда Талғар қалашығын зерттеу, қорғау және насихаттау ісімен айналысатын арнайы бөлім құрылды. Талғар ауданы әкімшілігінің 2018 жылдың 26 маусымындағы қаулысының негізінде ортағасырлық Талғар (Талхиз) қалашығы зерттеу нысаны ретінде «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне табысталды. Осы уақыттан бастап бұл ежелгі қала қорық-музейдің зерттеу нысанына айналды. Содан бері біз осы қалашықты қорғау, барлау, бақылау, зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеміз.
Бірінші кезекте қалашықты темір қоршаумен қоршадық, қоқыстардан тазаладық. Тағы бір мәселе, «Қазреставрация» мекемесі қалашықтың қақпасын бұдан 70 жыл бұрын салынған, қалаға келетін су құбырының үстінен салған. Одан шығатын ылғал қалашық қабырғасының апатты жағдайға келуіне себеп болып тұр. Бұл туралы облыстық басқарма, министрлік, парламентке дейін шағымданып жүріп, 700 метр су құбырын қалашықтың сыртына шығарттық. Бірақ бұрынғы ескі құбырдан аққан су әлі тоқтамай тұр. Қорғау аймағының талаптары сақталмаған. Қалашықтың айналасына жеке тұрғын үйлер тым жақын салынып кеткен. Күзетшіміз болғанмен отыратын орны жоқ, жалақысы да мардымсыз!
Үлкен өкінішке қарай, бізде осындай тарихи, мәдени киелі орындарды сақтау, жаңғырту, үйрену, өскелең ұрпаққа үлгі ету мәдениеті төмен. Жақын жерде тұрып, осы музейдің есігін ашпаған жандар көп. Есесіне, бізге еліміздің басқа өңірлерінен, Еуропа, Жапония, Америка сияқты шет елдерден туристер көбірек келіп жатады. Сондықтан еліміздің, ұлтымыздың даму тарихын көрсететін осындай киелі де қасиетті орындар туралы көбірек үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, БАҚ-та жиі жариялап отыру керек деп ойлаймын. Мысалы, біздің министрлік бірқатар республикалық қорық- музейлердің қорғауына алынған ескерткіштерді тартымды әрі туристік нысандарға айналдыру мақсатында оларды зерттеу, дамыту, насихаттау ісіне қолайлы жағдай жасайтын «Сапар орталықтарын» салу жұмыстарын жоспарлап отыр. Олардың қатарында Талхиз қалашығы да бар.
Ал оқырманға айтарым, қазіргі таңда «Есік» мемлекеттік тарихи мәдени қорық-музейінің қорында осы ортағасырлық Талғар қалашығынан табылған заттай деректер өте аз. Сондықтан қолдарында бар аталмыш қалашықтан табылған артефактілерді қорық-музейдің қорына тапсырамын немесе уақытша көрмеге беремін деушілер болса қуана қарсы аламыз!
– Салиқалы сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Құтмағамбет Қонысбай,
Талғар ауданы