Қонаев қаласынан бастау алған “Ғасырлар сарыны” атты облыстық жас айтыскерлер мен жыршы-термешілер байқауының ақтық сыны Жамбыл ауданының Жамбыл ауылында өз мәресіне жетті. Облыс орталығында алдын ала іріктелген төрт ауданның өнерпаздары Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалдық музейінде өткен қорытынды кезеңде өзара бақ сынасты.
Айта кетсек, аталған байқауды облыс әкімінің қолдауымен, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған. Жобаның мақсаты – облыстық халық шығармашылығы орталығының жанынан ашылған айтыс және жыр-терме мектептері тәрбиеленушілерінің өнерін шыңдау, талантты өнерпаздардың басын бір
арнаға тоғыстыру, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, насихаттау және өзара тәжірибе алмасу. Қонаев қаласындағы іріктеу кезеңіне 9 аудан мен 1 қаладан 30 өнерпаз қатысып, олардың арасынан жоғары ұпай жинаған 4 ауданның командасы ақтық сынға жолдама алған болатын.
Енді Еңбекшіқазақ, Қарасай, Жамбыл, Райымбек аудандарынан жасақталған командалардың өнері байқау ережесіне сәйкес сарапқа салынды. Атадан балаға мұра болып келе жатқан төл өнерімізді, жыр-терме, суырыпсалма айтыс өнерін, ұлттық құндылықтарымызды одан әрі дамыту мақсатындағы шара қызықты, әрі тартысты өтті. Аудандардағы жыр-терме және айтыс мектептерінің оқушылары сөз өнері додасының көрігін қыздырды.
Байқау 3 бағыт бойынша өтті. Алдымен таныстыру кезеңінде сахнаға әр ауданнан бір оқушы шығып, өз ауданын, командасын, аудан тарихын, танымал тұлғаларын, сондай-ақ, жетістіктерін жырға арқау етті. Мұнда әр қатысушыға 3-5 минут уақыт берілді. Екінші кезеңде өз ауданының намысын қорғайтын жыршы-термешілер өнері ортаға салынды. Бұл кезеңде қатысушы 7-10 минут ішінде бір жыр немесе терме орындады. Ал үшінші кезеңде жас ақындар еркін тақырыпта айтысқа түсіп, сөз қағыстырды. Осылайша Нұрасыл Әбдірасыл, Нұргелді Айтбай, Ерназар Дәкен, Ақжарқын Айтбай, Ақнұр Зинулла, Қамылжан Ершат, Рауан Нұршабеков, Мерей Кенжебай, Нұрбек Жалғасбаев, Алдияр Дауытбай, Мәншүк Қанатбаева, Ақжайық Әскерман өнерлерін ортаға салды.
Жас ақындардың шеберлігін қара қылды қақ жаратын әділ қазылар алқасы бағалап отырды. Қазылар алқасына белгілі айтыскер ақын, Айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық одағы Алматы облысы бойынша филиалының төрағасы Айбек Ережеп төрағалық етті. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен Халықаралық ақындар мен жыршы-термешілер одағының мүшесі, мәдениет қайраткері, жыршы Әділбек Әбдіберік пен дәстүрлі әнші, жыршы-термеші, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Уатқан Шаттық өз пікірлерін білдіріп, ұпай беріп отырды.
Байқау қорытындысында Қарасай ауданы командасының өнері үздік деп танылып, I-орынды жеңіп алды. II-орынға Еңбекшіқазақ ауданынан келген өнерпаздар ие болды. Ал Райымбек пен Жамбыл аудандарының сөз шеберлеріне III-орын берілді. Сонымен қатар үздік өнер көрсеткен 16 оқушыға арнайы жүлделер табысталды.
Серік Сатыбалдиев,
Жамбыл ауданы