Халыққа көрсетілетін медициналық-санитарлық алғашқы көмектің қолжетімділігін жақсарту мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмаларына сай іс-шаралар жоспары бекітілді.
Осы бағытта Алматы облысында 2023 жылы ауқымды жұмыс атқарылды. Облыс алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету бойынша көшбасшылар қатарында. Дүниежүзілік даенсаулық сақтау ұйымының бастамасы бойынша Алматы облысының Есік қаласында алғашқы медициналық көмек қызметін ұйымдастыру бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Платформа жергілікті аудандық аурухана базасында ашылды. Мұнда медицина қызметкерлерінен басқа психологтар да жұмыс істейді. Мұндай тәжірибені Орталық Азия мемлекеттерінің мамандары зерттеп, аталған тәжірибені дамыту бағытында жоғары баға берді.
Жалпы, биыл облыстың медициналық нысандарында алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталықтарының саны жетіден жетпіс беске дейін, фельдшерлік-акушерлік пунктердің саны алпыс сегізден жетпіс тоғызға дейін өсті.
Дәрігерлік амбулаториялар саны 11-ге, медициналық пункттер саны 17-ге артты. Бұрын 80 болса, бүгінде 97-ге жетті.
Сонымен қатар Кеген ауданы А.Нүсіпбеков ауылының дәрігерлік амбулаториясы және Райымбек ауданы Көмірші ауылының медициналық пункті пайдалануға берілді. Сондай-ақ, ауылдардағы 11 блокты-модульдік кешендерді орнату аяқталды. Ұйғыр ауданы Тасқарасу ауылының дәрігерлік амбулаториясына күрделі жөндеу жүргізілді.
“СК Фармация” ЖШС Бірыңғай дистрибьюторы жалпы сомасы 4 005,0 млн. теңгеге 14 бірлік медициналық жабдықты сатып алды. Оның ішінде медициналық жабдықтың бірлігі үшін құны 20 млн. теңгеден астам, оның ішінде үш МРТ аппараты, бір КТ аппараты, екі артроскопиялық қондырғы, сараптамалық сыныптағы бес УДЗ аппараты, бір цифрлық маммограф, рентген-қондырғы, УДЗ аппарат алынды.
Жас мамандарды тарту бойынша да ауқымды жұмыс жүргізілді: облыстың медициналық ұйымдарына 116 жас маман, оның ішінде 73 дәрігер, 43 орта медициналық персонал жұмысқа қабылданды. Сонымен қатар, 83 азамат жергілікті атқарушы органның бюджеті есебінен жоғары медициналық оқу орындарына түсті.
– 2023 жылы Алматы облысының денсаулық сақтау саласында бірқатар жұмыстар атқарылды. Медициналық мекемелерде жөндеу жұмыстары жүргізілді, жаңа медициналық жабдықтар сатып алынды, жаңа ақпараттық технологиялар енгізілді. Облыс ауруханалары материалдық және кадрлық ресурстарды ұтымды пайдалана отырып жұмыс істеді, – дейді Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лейла Серікбаева.
Сондай-ақ 19 жедел медициналық жәрдем дислокациясының жұмысы қайта жанданды. 13 жаңа дислокация ашылды. Бүгінгі таңда облыста бір станция, он екі қосалқы станция және алпыс бір жедел медициналық жәрдем дислокациясы жұмыс істейді.