Биыл Қонаев қаласында Жаңа жыл мерекесі ауқымды тойланып жатыр. Әсіресе, әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына ерекше көңіл бөлінді. Көпбалалы отбасынан шыққан бүлдіршіндер мен ерекше күтімді қажет ететін балалар да басты назарда.
Балаларды қуантқан іс-шараның бірі қаладағы №3 орта мектепте өтті. Мұнда мүгедектігі бар 186 балаға арналған шырша мерекесі ұйымдастырылды. Оларды Аяз Ата мен Ақша қар күтіп алып, көңілдерін көтерді.
Жиналған балаларды Қонаев қаласы әкімінің орынбасары Сәуле Нұрсолтанова құттықтады.
«Қымбатты ата-аналар, айналайын балалар, сіздерді жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Бүгінгі мерекеге ерекше қажеттілігі бар балалар жиналды. Отбасында осындай ұл-қызды бағып, тәрбие беріп отырған аналардың еңбегі мол. Жаңа жылда балаларға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін», – деді Сәуле Қайырлықызы.
Шыршаны айнала ән салып, би билеген бүлдіршіндер мерекеге дайындап әкелген өлең-жырларын жатқа айтып, сыйлық алды. Қызықты оқиғаға толы сахналық көрініс қойылып, балалар мәз-мәйрам болды.
Ал үйден шыға алмайтын мүгедектігі бар балаларды қала әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары арнайы барып құттықтап, сыйлықтар табыстайды.