Қонаев қаласында «Қамқор жүрек» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен мүмкіндігі шектеулі 40 балаға арналған шырша өтті деп хабарлайды Қонаев қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі.
Демалыс күні өткен шыршаға шақырылған балалардың қуанышында шек болмады. Шарада түрлі қойылымдар қойылып, ән айтылды, күй шертілді. Балақайларға сый-сияпаттар табыс етілді.
«Балалардың жүзінен шаттық кетпегені қандай жақсы. Біздің бірлестік осы тектес шараларды көптеп ұйымдастырады. Бүгін ата-аналар ризашылығын білдіріп, ақ жарма тілегін арнады. Балақайларға мерекелік атмосфераны сәл де болсын сезіндіре алсақ, ол біздің жеңісіміз», – деді бірлестік басшысы Ләззат Салықова.
Жалпы Алматы облысында жаңа жыл мерекесі ауқымды тойлануда. Күні кеше өңір басшысы Марат Сұлтанғазиевтің қатысуымен Президент шыршасы өтсе, бүгін «Самға» оңалту орталығының 30-дан астам ерекше күтімді қажет ететін балаларына арналған шыршасы өтіп жатыр. Ал ертең қала әкімінің шыршасы ұйымдастырылады. Оған 150 бала қатысады деп жоспарланған.
Сондай-ақ Қонаев қалалық әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен шаһар жұртшылығына көңіл-күй сыйлау үшін автошеру өтті.
Бұл көліктер жергілікті кәсіпкер Мұрат Сіргебаевқа тиесілі. Ретрокөліктер қаланы аралап, мереке келе жатқанын білдіргендей, сезім тарту етті.
Әкімдік мамандары мен жаны жайсаң жандар мүмкіндігі шектеулі балалардың үйіне барып, айтулы мерекемен құттықтады.
«Жаңа жыл – балалар үшін ғажайып мереке. Осы салада қызмет етіп жүрген соң, балапандарды құттықтап шығуға бел будық, кішігірім сыйлықтар тарту еттік. Сәбилердің ауырмауын, аман болуларын тілейміз», – деді аталған бөлімнің басшысы Ернұр Абдалиев.