Алматы облысының сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметі Шонжы ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен Райымбек ауданындағы мәдениет үйінің құрылысын ерекше бақылауға алды. Бұл туралы ҚазАқпарат агенттігі хабарлады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің мәліметінше, жемқорлық тәуекелдері картасын жүзеге асыру аясында тапсырылу мерзімі кешіктірілген, қаржы жымқырылу қаупі бар әлеуметтік нысандар құрылысына мониторинг жүргізіліп жатыр.
«Еліміздің барлық өңірі бойынша жалпы бюджеті 2,44 триллион теңге болатын 156 нысан анықталды. Оның екеуі Алматы облысында орналасқан. Олар – Ұйғыр ауданының Шонжы ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен Райымбек ауданының Жамбыл ауылындағы мәдениет үйінің құрылысы. Сауықтыру кешенінің құрылысына 2019 жылы 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп, тапсыру мерзімі 2021 жылғы қаңтарға белгіленген. Ал мәдениет үйіне 2021 жылы 474 млн теңгеге жуық қаражат бөлініп, жұмыстарды аяқтау мерзімі 2022 жылдың тамыз айына қойылған. Бүгінде екі нысан бойынша сот процестері жүріп жатыр»,- деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен.
Антикор өкілдері еріктілермен бірлесіп, осы екі нысанды жіті бақылауда ұстайтындарын атап өтті.
Шонжы ауылында “Ауыл — ел бесігі” бағдарламасы бойынша 2019 жылы салына бастаған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің шатыры құлағаны туралы бұған дейін хабарланған еді.