Қонаев қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Руслан Ботамбаевтың айтуынша, Жеңіс паркінің жанында әлдекімдердің ағаштарды кесіп жатқаны туралы хабарлама түскен. Бұл туралы Қонаев қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бөлім басшысы мен полиция қызметкерлері аталған аумаққа барып, 22 түп ағаштың кесілгенін анықтады. Нәтижесінде жердің иесі, Н. есімді Қонаев тұрғынына Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 386 және 505-бабына (жасыл екпелерді күтiп ұстау және қорғау қағидаларын бұзу, қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру) сәйкес, 30 және 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ ауыр техника жүргізушісіне аталған кодекстің 505-бабына сай 20 АЕК көлемінде айыппұл кесілді. Хаттама толтырылған соң ағаш кесу жұмыстары тоқтатылды.
Сонымен қатар қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі қажетті құжаттарды дайындап жатыр. Жер мемлекет меншігіне қайтарылады.