Алматы облысына іссапармен келген ҚР Ауыл шаруашылығы вице министрі Азат Сұлтанов, ҚР Су ресурстары және ирригация вице министрі Нұрлан Алдамжаров, Сенат пен Мәжіліс депутаттары ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру мәселесі талқыланған жиынға қатысты. Облыс әкімдігінің мәжіліс залында өткен келелі кеңесті аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев ашып, жүргізіп отырды.
Онда ауыл шаруашылығы кооперативтеріне мемлекеттік қолдау көрсетудің жаңа тетіктері айтылды. Ауылшаруашылығы өкілдері мен облыстық, қалалық мәслихат депутаттарына ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің алдағы жоспарлары жан-жақты таныстырылды.
Жиында ҚР Ауыл шаруашылығы вице министрі Азат Сұлтанов кооперация ұсақ өндірушілердің, фермерлердің, шаруалардың ерікті бірлестігі екенін айтып, ортақ істің артықшылығына кеңінен тоқталды. Ол өз сөзінде шаруалардың кооперативке бірігуі ресурстарды тиімді пайдалануға, өндірілген өнімді сауда сөрелеріне делдалсыз жеткізуге, мемлекеттік субсидиялар алуға мол мүмкіндік беретінін жеткізді.
– 2015 жылы «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» Заң қабылданған соң кооперацияны дамытудағы негізгі кедергілер жойылды. Мысалы, кооперативтер коммерциялық емес топтан коммерциялық топқа ауыстырылды және ауыл шаруашылығы кооперативінде пайданы бөлу мүмкіндігі пайда болды. Демократиялық қағидаттары сақталды, қаржылық шаралар мен арнайы салық режимін қолдану көзделді, – деген вице-министр коперативтер жергілікті бюджет есебінен қаржыланып, үнемі мемлекеттің қолдауында болатынын тілге тиек етті.
Ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін техникалар мен жабдықтар жергілікті бюджет есебінен 50%-ға дейін субсидияланса, салықтар бойынша 70% жеңілдікті көздейтін арнайы режим бар. Сондай ақ, кооперативтер ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісін көбейту үшін “Бәйтерек” ҰБХ “АҚ еншілес ұйымдары арқылы несие рәсімдей алады. Мемлекет басшысының бастамасымен ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылуда. Жоба бойынша 2024 жылы өңірімізге 17,6 млрд теңге бөлу жоспарланған.
Азат Сұлтанов баяндама соңында кооперацияның толыққанды дамуына кедергі келтіретін бірқатар мәселелерді де назардан тыс қалдырмады. Ол фермерлердің кооперативтерге деген сенімінің төмендігі, жайылымдар мен шабындық жерлердің жетіспеушілігі, нормативтік құқықтық актілердің жетілдірілмегендігі, ауыл шаруашылығы өнімдері үшін өткізу мен қайта өңдеудің тұрақты нарығының болмауы сынды жайттарды тарқатып, кооперация туралы түсінікті кеңінен тарату керектігін жеткізді. Мәселені шешу үшін әр елдімекеннің мамандануын анықтап, сервистік және маркетингтік ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың әлеуетін пайдалану қажеттігіне тоқталды.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе – ауылшаруашылығы мақсатындағы суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су беруді жүзеге асыру бойынша сөз алған облыс әкімінің орынбасары Алмас Батанов бүгінгі таңда облыста 31,1 мың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жұмыс істейтінін жеткізді. Өңірімізде ауыл шаруашылығы мақсатындағы суармалы жерлердің көлемі 263,8 мың гектарды құрайды, оның ішінде суармалы егістік 239,6 мың гектар. Барлық суару желілерінің ұзындығы 9,4 мың км.
Жиында Алмас Сұлтанұлы аймақтағы ирригациялық желілердің техникалық жай-күйіне тоқталып, ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға тарту мәселесін тілге тиек етті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда суару желілері мен су шаруашылығы объектілерінің тозуы 60-70%-ға жеткен. Сондай ақ, суару желілері мен гидротехникалық құрылымдардың қайта жаңғыртусыз ұзақ уақыт пайдаланылуына және тасымалдау кезінде су шығынының ұлғаюына байланысты суармалы жерлер толық игерілмей отыр.
Осы орайда облыс әкімінің орынбасары ҚР Су ресурстары және ирригациясы министрлігіне бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Слайд арқылы нақты көрсеткіштерді баяндап, тамшылатып суару технологиясының қолжетімділігін арттыру үшін облыста тамшылатып суару жабдықтарын өндіру зауытын салу жоспарда барын жеткізді. Сондай-ақ, соңғы технологияларға қол жеткізу үшін субсидиялау мөлшерлемесін 50% дан 80%-ға дейін ұлғайтуды сұрады.
Жиын соңында Сенат пен Мәжіліс депутаттары айтылған өтініш-тілектер ескерусіз қалмайтынын айтты. Халық қалаулылары арнайы сапарында аудандарды аралап, ондағы ауылшаруашылық мәселелерімен көзбе-көз танысып, күрмеуі қиын жайттардың жолға қойылатынын сөздеріне қосты.
Құралбек СӘБИТОВ