Көктемнің жаймашуақ күндерінің бірі еді. Сатираның сарбазы атанған актер, режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асқар Наймантаев газетімізге сұхбат берді. Ол кісінің сондағы бейнесі әлі күнге дейін көз алдымда. Денсаулығы да, көңілкүйі де жақсы болатын. Жарқырап қарсы алып, жадырап шығарып салды. Ойларын бейнелеп жеткізгенде сүйініп тыңдайсың. Көпті көргенін, көп оқығанын бірден аңғартады. Сөз түйінін әзілмен көмкергенді ұнатушы еді. Бір өзі бір театрдың жүгін көтеріп тұрғандай көрінетін. Санаулы айлардан кейін асыл ағамыз келместің кемесіне мінеді деп кім ойлаған?! Енді міне, актермен сұхбаттасқан сол бір сәт естелікке айналды.
«Бала кезімізде Валентин Катаевтың «Полк баласы» дейтін кітабын қызығып оқыдық. Менің де полк баласына ұқсайтын бір тұсым бар. «Халық театрының баласы» атандым. Айтса сенбейтін оқиға, жөргекке оралған қалпыммен сахнаға шығыппын. Анам Рәпия Райжанова Нарынқол халық театрының актрисасы, әкем Әбдіғалым Наймантаев режиссер болды. Спектакль қоюдың жауапкершілігі зор. Жайбарақат жүруді көтермейді. Сондықтан шығар, нәрестесін үйге тастай алмай, өздерімен бірге алып жүргені. Тіпті «Еңлік-Кебекті» сахналаған кезде қуыршақтың орнына мені пайдаланыпты. Өзің мөлшерлеп көрші, осыдан кейін қалай әртіс болмайсың?» – деп күліп еді.
Орта мектепті алтын медальмен аяқтаған кезде әкесі Әбдіғалым баласымен сырласа отырып, оған ұсыныс айтады:
«Асқар, осы күнге дейін жүзімізді жарқын еттің. Жалғыз ұл болсаң да еркелікке салынбадың. Бірінші сыныптан бастап барлық сабақты «беспен» оқыдың. Бұл – бойыңа құдай берген дарын мен еселі еңбегіңнің нәтижесі. Ал енді мені дұрыстап тыңда. Сен құжатыңды Алматыдағы халық шаруашылығы институтына тапсыр. Алғашқы емтиханнан үздік баға алсаң, алтын медальдің шарты бойынша қалған сынақтардан босатыласың. Бірден студенттер қатарына қосыласың. Білікті экономист атансаң несі жаман, күні ертең еліміздегі үлкен қызметтің тізгінін ұстайсың. Келешегің алдыңда. Әртістік жұмыс Наймантаевтар әулетінің маңдайына жазылып қоймаған шығар», – деген екен.
Әкенің бетіне тік қарамайтын Асқар мұны ата-ананың қамқорлығы деп ұқты. Үлкендердің шешіміне қарсы шықпады. Мектептегі секілді, жоғары оқу орнында да қатарынан озып, үздік студент атанады. Білімімен, өнерімен құрбыларын, ұстаздарын баурап, институт ұжымының ілтипатына бөленеді. Бірақ ішіндегі бір арман, бір таңдау оны бәрібір тыныш жатқызбады. Әуезов атындағы әкемтеатрдың спектакльдерін қалдырмай көретін. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын. Әртістермен танысуға, өнер академиясындағы өзі қатарлас студенттермен араласуға құмар болады. Экономист курстастары да мұны аңғармай қалған жоқ.
«Асқар, сенің есепке жүйрік екеніңді білеміз. Ғылымды меңгеруіңе шек келтірмейміз. Бірақ сен өнер үшін жаралғансың. Саңлақтар сахнаға керек. Кешікпей тұрғанда үйіріңе қосыл», – дейді курстастары бірауыздан.
«Қымбатты достарым, ойымды дөп бастыңдар. Енді осы сөзді әкеме айтыңдаршы. Бәлкім, сендерді тыңдаған соң райынан қайтып, маған ақ батасын берер. Сұңғыла жан ғой, ол кісі бәрін түсінеді», – дейді Асқар.
Дұрыс болжаған екен. Ұлының таңдауын әкесі де құптайды. Сөйтіп, экономист болудың екі жылын артта қалдырған Асқар Алматыдағы Театр және көркемсурет институтының актерлік бөліміне оқуға түседі. Алдымен Хадиша Бөкееваның, одан кейін Тұңғышбай Жаманқұловтың мектебінен өтеді.
Еңбек жолын М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық қазақ драма театрынан бастайды. Бірқатар белді образдарды сомдауға қатысады. Кейіпкерлердің сыртқы сипаты мен ішкі толғаныстарын бір-бірімен шебер ұштастырады. Әзірбайжан Мәмбетов, Асанәлі Әшімов, Болат Атабаев сынды режиссерлардың талқысынан өтіп, талғамынан шығады. «Тамаша» ойын-сауық отауына белсене араласқандардың бірі болды. Абай атасының «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» деп неге айтқанын түбірінен түсінуге ден қояды. Күлкі – көңіл көтеріп қана қоймайды, ол – адамдарды тәрбиелейтін ізгіліктің құралы екен.
Асқар Наймантаев өнер жолында күлкінің мәні мен мазмұнын, қасиеті мен киесін жете түсінді. Кейін өзі ұйымдастырған «Терісқақпай» театрында соған ерекше мән берді. «Өз басым Асекеңнің күш-қуатына кейде қайран қалам. Біз «жетпейді» деп байбалам салатын уақытты жеткізеді. Актер де, ұстаз да, сценарист те, ұйымдастырушы да бір өзі» деп баға береді әріптес досы, белгілі театр актері Бекжан Тұрыс. Осынау шағын пікірден ғана Асқар ағаның болмыс-бітімі түгел көрінеді.
Актер саналуан қазақ киноларының басты кейіпкерлерін әсерлі бейнеледі. Бірнеше кітап жазды. Қарбалас тірлігі мұнымен шектеліп қалған жоқ, шалғай өңірлердің мәдениетін жолға қою үшін тер төкті. Мәселен, Еңбекшіқазақ ауданындағы Қаракемер ауылында балалар театрын ұйымдастырды. Кішкентай бүлдіршіндерден өнерлі орта қалыптастырды. Одан кейін өзінің туған өңіріне жол тартты. Әкесінің қолтаңбасы қалған Нарынқол халық театрын жандандырып, қайтадан қатарға қосты. Сонымен қатар, Асқар ағамызға Ұйғыр ауданы жұртшылығынан да өтініштер келіп түсті. Сол негізде «Қарадала» халық театры шымылдығын ашты.
«Осы күні ауыл сахнасына лайық пьесалар табу өте қиын. Сондықтан мұндай міндетті атқару өзімізге келіп тіреледі. Жолын тауып, жөнін келтіріп жатқан жай бар», – деп еді «Алатау арайына» берген сұхбатында. Сөйтіп жүріп Асқар аға ұйымдастырған жастардың алдыңғы шептен бой көрсеткендерін қайтерсіз?! Нарынқол және Қарадала халық театрлары халықаралық байқауларға қатысып, бас жүлдені қанжығаларына байлады. Сол арқылы елдің мәртебесі көтерілді.
Белгісіз бір күш осы жұмыстарды тездетіп бітірсін деп Асқар ағаны асықтырған секілді. Сондықтан ол бәріне үлгерді. Өзі дүниеден озғанымен, шаңырақ көтерген театрлары жақсының көзіндей болып халыққа қызмет көрсетіп жатыр. Актерліктің қыры мен сырына қаныққан іні-қарындастары аға жолын аманат деп ұғып, абыроймен жалғастыруда. Қолы қалт етсе, Аспантау өлкесіне асығатын асыл перзентін ел-жұрты да сағынып жүр. Алдағы уақытта Нарынқол халық театры Асқар Наймантаевтың есімімен аталса дейміз. Өйткені, өнер қайраткері сол құрметке лайық.
Болат Мәжит