Жаңа күнтізбемен бірге мерзімді басылымдар да өздерінің жаңа парақтарын ашты. Күз бойғы алақұйын жүгірістеріміз қандай нәтиже берді екен деп газетке жазылу көрсеткішінің қорытынды дерегіне демімізді ішке тарта үңілгеніміз рас. «Алатау арайына» 2024 жылға жазылу барысы көңілді өсірген де жоқ, өшірген де жоқ. Өсірмегені – діттеген деңгейге жете алмадық. Өшірмегені – іздейтін, жазылатын саналы оқырмандарымыздың азаймағаны.
Ең қызығы, облыс идеологиясының басты рупоры саналатын қос облыстық газетке деген аудан басшыларының көзқарасы болып тұр. Жыл соңына дейін аяқтан тозып жүгіріп, әкімдер мен әкімнің идеология жөніндегі орынбасарларының есігін күзеткен есіл еңбегіміз зая кеткендей болды. Бірде бір аудан жазылым бойынша берген уәделерін орындаған жоқ! Аудан әкімдерінің айтатыны сол баяғы бір уәж. Білім, ғылым саласына адасып келгендей болған экс-министрдің мұғалімдерді басылымдарға мәжбүрлеп жаздыруға болмайды-мыс деген тапсырмасы бар. Жыл сайын емес, күн сайын өзгеріп жатқан бүгінгі заманда баяғы эксминистр қайда, біреу қайда? Тіпті мұғалімдерді былай қояйық, газетжурнал десе ішер асын жерге қоятын басқа салалардағы қалың оқырман қауым бар емес пе?! Мұндағы бар мәселе – ұйымдастыру ісінің кері кеткенінде ғана!
Жазылым бойынша аудандар арасында Талғар ауданы, аудан әкімі – Таңат Айдарбеков, әкімнің идеологияға жауапты орынбасары – Айбек Бидаев «рекорд» жасады! 250 мыңның ар жақ, бер жағында халқы бар ауданда біздің газетімізге 50 адам жазылған! Осыншама халықтың 1-ақ пайызы газет оқыса – 2500 деген сан шығар еді. Одан да төмендесек – 250. Жоқ. Бұл ауданда облыстық газеттің бетін ашатындар саны 100-ге де жетпей тұр. Ал жаңағы 50-дің ішінде әкімнің де, оның орынбасарларының бар екеніне күмән зор…
Жарайды, әкім-қаралардың онсыз да жұмыстары бастан асып жатыр делік. Енді осынау идеологиялық маңызы орасан бұқаралық іске пошта қызметі түрлі кедергілер жасағанын естігенде еріксіз жағамызды ұстауға тура келді. Газетке жазылуға барған зейнеткерлерді түрлі сылтаулармен (ЖСН талап ету, индексті біліп келу, тағы басқа) әуресарсаңға салу, тіпті каталогта жоқ деп қайтарып жіберу фактілерін ұлт идеологиясына жасалып отырған қастандық демеске шара жоқ! Бұл, әрине, барша пошта қызметкерлеріне күйе жағу емес. Бірақ «бір құмалақ бір қарын майды шірітетінін» ойға алсақ, «Қазпошта» басшыларына жөнге келтірер шаруа шаш-етектен!
Қаншама кедергілер аяқтан шалса да, ғасырлық тарихы бар Алматы олыстық қоғамдық-саяси «Алатау арайы» газеті мәртебелі оқырманнан қол үзбек емес. Біздің сенеріміз де, сүйенеріміз де әлеуметтік желіге байланбаған саналы да сауатты оқырмандарымыз. Сіздер барда – біз бармыз!
Кәдірбек Құныпияұлы,
“Алатау арайы” газетінің бас редакторы