Елімізде биыл 1 қаңтардан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға төленетін жарналар мен аударымдар мөлшері өзгерді. Бұл туралы Медициналық сақтандыру қорының Алматы филиалы директоры Тілеухан Әбілдаевқа сілтеген Kazinform хабарлады.
Филиал басшысы жарна төлеушілер бірнеше санаты барын айтты. Біріншісі – мемлекет тарапынан сақтандырылатын 15 жеңілдік санаты. Оған балалар, зейнеткерлер, соғыс ардагерлері, барлық топтағы мүгедектер, «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған көпбалалы аналар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, декреттік демиалыста отырған аналар, мүгедек бала күтіміне байланысты жұмыс істемейтін азаматтар, студенттер және тағы басқалары кіреді.
Жеңілдік берілген халықтың жалпы саны 11 млн-ға жуық. 2024 жылы мемлекеттің бір азаматқа айына төлейтін жарнасы 5852,63 теңгені құрайды.
«Атап айтқанда, биыл жұмыс берушілер қарамағындағы қызметкерлер үшін бұрынғыдай, жалақының 3 пайызы мөлшерінде аударым жасайды. Төлемнің шекті мөлшері 10 ЕТЖ немесе 25 500 теңгеден аспайды. Жұмыс беруші аударымды өз қалтасынан төлейді. Ал, жұмысшы жалақысынан 2% ұстап Қорға аударады. Жарнаның шекті мөлшері 10 ең төменгі есептік көрсеткіш немесе 17 000 теңгеден аспауы тиіс. Одан кейінгі санат – жеке кәсіпкерлер. Нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар да осы санатқа кіреді. Олар бұрынғыдай 1,4 ең төменгі жалақынының 5 пайызын төлейді. Биыл ең төменгі жалақының өсуіне байланысты бұл сома 5950 теңгеге жетті», – деді Тілеухан Әбілдаев.
Азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша еңбек ететіндер сақтандыруға бұрынғыша табысының 2 пайызын аударады.
«Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар бар. Бұл азаматтар сақтандыру жүйесіне қосылу үшін екі түрлі әдісті пайдалануға болады. Біріншісі – дербес төлеуші ретінде бір ЕТЖ-ның 5 пайызын немесе 4250 теңге төлеу. Екіншісі – жеке кәсіпкер ретінде тіркелу және жарналарды жеке кәсіпкер ретінде төлеу», – ол.