Алматы облысының Қарасай, Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасы мен Қонаев қалалық ауруханасында магнитті-резонансты томография қолданысқа берілді. Қуаты 1,5 Тесла болатын “GE Signa Voyager” магнитті-резонанстық томографының сараптамалық жабдығы облыс әкімдігі мен денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен орнатылды. Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лейла Серікбаева бұл қызмет түрі облыс тұрғындары үшін МӘМС шеңберінде тегін көрсетілетінін атап өтті.
– Өңірде 1,5 млн астам халық тұрады. «Дені сау ұлт» жобасы аясында сатып алынған 3 МРТ аппараты халық тығыз орналасқан аудандарға орналастырылды. Осы уақытқа дейін аудан тұрғындары МРТ түсу үшін Алматы қаласына баратын. Бүгінгі күні науқастар диагностикалық қызметтің барлық түрін МӘМС шеңберінде ала алады, – деді Лейла Серікбаева.
Аталған құрылғымен жұмыс істеу үшін медицина қызметкерлері арнайы біліктілік курстарынан өтті. МРТ аппараты – адам миын, мойын тамырларын, мойынның жұмсақ тіндерін, омыртқа мен жұлынды, сүйек-буын жүйесін, іш қуысы мен жамбас мүшелерін, кеуде қуысының мүшелерін зерттеуге мүмкіндік береді.