Былтыр күзден бері 2,4 млн қазақстандық жедел респираторлық вирустық инфекциямен (ЖРВИ) ауырды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлім етті.
«Биыл эпидемиологиялық маусымда ЖРВИ жұқтырған 2,4 млн адам тіркелді. Сырқаттану өткен эпидемиологиялық маусым деңгейінде тұр. Қараша айынан бастап тұмаудың таралуы әдеттегідей бақылауда. Эпидемиялық маусым басталғаннан бері зертханалық тұрғыдан расталған 935 тұмау жағдайы тіркелді. Оның 85% А тұмауы, 15% В тұмауы», – деді Ажар Ғиният Үкімет отырысында.
Сонымен қатар министр тұмаудан басқа да вирустардың таралу жағдайына тоқталды. Атап айтқанда 41 пайыз риновирус, 21 пайыз МС вирусы және 14 пайыз аденовирус.
«Эпидемиологиялық маусым басталғалы (қазан-мамыр) стационарлық жағдайда 31 мыңнан астам науқас емделсе, 2 млн-нан астам науқас амбулаториялық жағдайда ем алды. Еліміз бойынша барлығы 10 мыңға жуық жұқпалы ауруға ұшырағандарға арналған төсек-орын бар. Оның ішінде балаларға арналған төсек-орындар да бар», – дейді ол.