Жыл басын Іле ауданы жақсы жаңалықпен бастады. Аудандағы жекеменшік мектептердің қатары толықты. Ащыбұлақ ауылдық округіндегі халқы тығыз орыналасқан «Ақ жол » саяжайында «Менің мектебім» атты білім ордасы ашылды. Ауданда бұрын 54 мектеп, соның ішінде 9 жеке меншік мектеп болса, «Менің мектебім» оныншы болып тіркелді. Мектеп, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жан басына қаржыландыру бағдарламасы аясында салынған. Жеке кәсіпкер “Kapital Construction” компаниясының директоры Төренияз Ринат Оралсейітұлы мектептің құрылыс жұмысына 5,9 млрд. теңге қаржы жұмсаған. Мектептің ашылуында Алматы облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова келіп қатысып, тұсауын кесті. Ол Алматы облысы Іле ауданы бойынша 19 үш ауысымды мектеп барын айтып, бұл мәселенің қалай шешіліп жатқанынан хабардар етті.
– Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша осы мәселенің алдын алу үшін көптеген іс-шаралар жасалып жатыр. Биылғы жылдан бастап «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 26 мектептің құрылысы басталды. Биылдың өзінде 16 орта мектеп ел игілігіне берілді. Осы қаңтар айында 4 мектепті тапсырамыз. Осының барлығы жас ұрпаққа арнайы жасалған шаралар. Президентіміз Қ.Тоқаевтың арнайы тапсырмасын орындап жатырмыз. Сонымен қатар Ринат Оралсейітұлы сияқты кәсіпкер азаматтарымыз да бір жағымызға шығып, болашақты бірге қалап жатырмыз. Компаияға табыс тілеймін. Елдің алғысына бөленіп жүре беріңіздер дейміз! – деді Гүлсара Исағұлова.
Білім басқармасы басшысының орынбасары саяжай елді мекенге жатпайтындықтан мұнда республикалық бюджеттен құрылыс жүргізу өте күрделі екенін, мектеп салу ісін осындай жомарт азаматтардың көмегімен ғана іске асыруға болатынын айтты. Оның сөзінше, балаларды тегін оқыту мәселесі жеке инвестор тарту арқылы, мектепке жан басына шаққанда қаржыландыруға мемлекеттік тапсырыс беру арқылы жолымен шешіп жатыр.
«Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша 1500 балаға арнап салынған мектепте 152 жергілікті ұстаз жұмыспен қамтылған. Жекеменшік мектеп болғанымен, мұнда балалар тегін оқиды. Бастауыш сынып оқушылары тегін тамақтанады. Таңертең сабақ өтеді, түсте тынығу сағаты, түстен кейін қосымша сабақтар, әртүрлі шаралар ұйымдастырылады. Мектеп жаңа компьютерлік жүйелермен, заманауи компьютерлік техникалар, интерактивті электронды тақталар, жоғары жылдамдықты интернет, мультимедиялық кабинеттермен жабдықталған. Жеке кітапханасы бар. Үшінші қабатта коуоркиң орталығы бар. Бұл жерде оқушылар демалып, кітап оқып, шығармашылық жұмыстармен айналыса алады. Балалар емін-еркін білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Олардың демалатын, тамақтанатын орны, сабақ оқитын кабинеттері талапқа сай жасақталған. Балалар топтық жүйе бойынша оқытылады. Ұстаздары жоғары, бірінші, екінші санатты педагогтар. Оқулықпен толық қамтылған. Аталмыш зияткерлік мектепте мұғалімдер кәдімгі стандартқа сай оқу бағдарламасымен сабақ өтеді. Дегенмен, жекеменшік мектеп басшыларының айтуынша, мұнда пәндер бойынша қосымша сабақтар өткізіліп, білімді тек теория жүзінде ғана емес, тәжірибемен ұштастыруға көбірек мән беріледі. Оған қоса, қазақ, орыс, ағылшын тілдері тереңдетіліп оқытылады. «Менің мектебім» жекеменшік мектебі ұжымының алға қойған жоспарлары жетерлік. Солардың бірі табиғат аясында экскурссия, қаладағы облыс көлеміндегі мәдени, тарихи орындарды арнайы апарып саяхаттау да кіреді. Дзю-до, таэквондо, бокс, күрес сияқты түрлі спорт үйірмелері ашылған. Мектепте екі спорт залынан басқа жаздық мини футбол және жеңіл атлетика алаңы бар. Мектеп жиһаздары еуростандартқа сай, шет елдік компаниялардың өнімі. Алыста тұратын шәкірттерді таситын арнайы автобус та қарастырылған.
Мектептің негізін қалаушы құрылтайшысы жеке кәсіпкер “KAPITAL CONSTRUCTION” компаниясының директоры Төренияз Ринат бұл компания салған алғашқы мектеп екенін айтты.
– «Жайлы мектеп» бағдарламасымен «Ақжол» саяжайы тұрғындарының сұранысы бойынша салдық. Мектеп директоры да, ұстаздар да жергілікті мектептерден таңдалынып алынды. Біздің жұмысымыз осымен тоқтап қалған жоқ. Компания Алматы облысы бойынша екінші мектепті Есік қаласынан салуды бастады. Жоспарымызда жаздық лагерде салсақ деген ниетіміз бар. Шәкірттердің сыртқа шығып мәдение, тарихи жерлерді аралау, танымдық сабақтарын өткізуі барлығы компанияның демеуімен болады. Шәкірттеріміз тек жайлы мектепте, пайдалы білім алса екен деген ниеттеміз, – деді.
57 мың халық тұратын, 47 саяжайы бар Ащыбұлақ ауылдық округінде осымен 11 мектеп бой көтеріп отыр.
Бағдат Шойбасов,
Іле ауданы