Кеңес одағын Горбачев, Қазақстанды Колбин билеген тұста Д. Қонаевтың атын атауға қатаң тыйым салынғанын аға ұрпақ өкілдері ұмыта қойған жоқ. Қазақтың біртуар перзентінің басына қара бұлт үйірілген сол кезеңде халықтың сөзін сөйлейді деп үміт күткен билік шылбырының бір ұшын ұстаған жандар шыңғырған шындыққа араша түсе алмаған. Соған ниеттенген бірлі-жарым ұлтжанды азамат қуғын-сүргінге ұшырап, түрмеге тоғытылған. Тәуелсіздіктің таңы атып, еліміз дербес мемлекет болған соң Ұлы даланың дана перзенті, кемеңгер тұлға Дінмұхамед Ахметұлының қазақ еліне сіңірген өлшеусіз еңбегі мен көрсеткен көл-көсір қамқорлығы жайында жария айтуға екінің бірінің батылы бармады.
Ол туралы қандай да бір пікір білдірген журналистер темір тордың арғы жағынан шықпаса да, біраз теперішті бастан кешіргені жасырын емес. Сондай құқайды бастан кешкеннің бірі – Зарыққан Есілбаев. Ардагер журналистің айтуынша, 2019 жылы Қапшағай қаласына Дінмұхамед Қонаев атауы берілсе деген ұсынысы «Нұрлы өлке» газетінде жарық көргені үшін сол кездегі қала әкімі Талғат Қайнарбеков пен оның «нөкерлері» саяси-ағарту жұмысын жүргізіп, «қателігін мойындап» кешірім сұрауын талап еткен. Тіпті, қала әкімі Т. Қайнарбеков жоғарыдағы «үлкен кісіге» ұнамайтын осы мақаланың салдарынан өзінің оған қарсылардың санатына қосылып, қырына ілініп кетуі мүмкін екенін ашық айтқан. Олар облыс әкімі Амандық Баталовтың осы мақаланы жазған журналистен түсінік алып, шара қолданыңдар деп тапсырғанын, түсінік жазбаса, қызметтен босатылатынын алға тартқан. Солардың «сілкілеуімен» зейнеткерлікке шығуына небәрі сегіз ай қалған журналист түсінік жазуға мәжбүр болған.
Зарыққан Әбілқасымұлы «Нұрлы өлке» газетінде қызмет атқарған жылдары кабинетінде кенепке майлы бояумен салынған Д. Қонаевтың портреті ілулі тұратын. Бірде Зарыққан ақсақалдан бұл портреттің қайдан қолына түсіп жүргенін сұрағанымызда, оның тағылымды тарихынан сыр шерткен.
1986 жылдың қыркүйек айында Балқаш аудандық «Балқаш еңбеккері» газеті редакциясының бір топ журналисі аудандық партия комитетінің хатшысы Майдангүл Әбдікованың қырына ілігіп, редакциядағы ахуал ушыққандықтан жұмыстан өз еріктерімен кетуге мәжбүр болыпты. Біраз уақыт өткенде жаңадан жұмысқа орналасқан әріптестерімен танысу мақсатында редакция табалдырығын аттайды. Демалыс бөлмесінің төрінде ілініп тұратын Дінмұхамед Қонаевтың портреті көзіне шалынбаған. Колбиннің «қаһарлы қылышы қиып түсіргенін» іші сезе қояды. Газеттің жаңа редакторы Шархан Қазығұловқа сәлем беріп, Димекеңнің портретін сұрайды. Ол жоғары жақтан пәрмен келгесін алуға тура келгенін жасырмайды. Зарыққанның «Димаш ағаның портретін қайта орнына ілуге болмас па?» деген сауалына басының екеу емесін айтып, күмілжіген редакторға архивте шаң басқанша, өзіне беруін сұрайды. Редактор қарсы болмапты. Қуанышы қойнына сыймай, портретті құшақтап үйіне қайтады.
Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы ауысқаннан кейін газетке қайта қызметке шақырылған З. Есілбаев аталған портретті үйінен жұмыс кабинетіне әкеліп іледі.
– Жариялылық деген аты ғана болмаса, саясаттың салқын ызғары әлі де жыли қоймаған тұс. Қазіргідей емес, ол кезде редакцияға күнделікті келіп-кетушілердің қарасы мол. Олардың көзі ең бірінші кабинет төріндегі Димекеңнің портретіне түседі. Біреулер «Жарайсың!» десе, енді біреулері «Алып таста, ертеңгі күні құрисың» дейді. Портрет бәрінен де аудандық партия комитетіндегі нұсқаушылардың көзіне күйік болды. Олар редакцияға келіп те, телефон шалып та ескерту жасай берді. Бірақ Димекеңнің портреті сол орнынан қозғалмады. Уақыт өте келе нұсқаушылар ұмытып кетті ме, басқалай себеп-салдары болды ма, мазалауын доғарды. Менің де көңілім орнына түсті, – деп еске алады Дінмұхамед Ахметұлымен жүздесіп, сұхбат алу бақытына ие болған журналист, Балқаш ауданының Құрметті азаматы Зарыққан Есілбаев.
1994 жылы шындықты жазғыштығы басына таяқ болып тиіп, тағы да жұмыссыз қалған Зарыққан Димаш ағасының портретін үйіне алып кетеді. Ол «Бақанас су жүйесінде» еңбек еткен уақытта портрет те осы мекеме төрінен орын алады. Келген-кеткен адамдар портретті көріп, Димекеңді аса ризашылықпен еске алып, Балқаш ауданына жасаған шексіз қамқорлығын, өлшеусіз еңбегін тамсана айтып жүреді. Аудан әкімі мен тағы басқа ықпалды адамдардың қысымының салдарынан бұл ұжымда да ұзақ тұрақтай алмай, «жұмыссыз» мәртебесін қайта иемденген ол үйренген соқпақпен портретті үйіне апаруына тура келеді.
1997 жылдың жазында Балқаш ауданына Әмір Құлмаханов әкім болып келгеннен кейін «Балқаш еңбеккері» газеті «Балқаш өңірі» деген жаңа атаумен қайтадан ашылып, бас редактордың орынбасары қызметіне қайта тағайындалған Зарыққан Әбілқасымұлымен бірге Димекеңнің портреті үшінші мәрте редакция төріне ілінеді. 2013 жылы сол кездегі Қапшағай қаласына қоныс аударып, «Нұрлы өлке» газетінде қызмет атқарған жылдары да ұлы тұлғаның портреті кабинетінің төрінде ілулі тұрды. Зейнетке шыққасын ұлы тұлғаның портреті оның үйінің төрінен орын алды. Ел Президенті Қ. Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты халыққа арнаған кезекті Жолдауынан кейін Қапшағай жұртшылығы орталық алаңдағы Д. Қонаев ескерткішінің жанына жиналып, заңғар тұлғаға қала атауын беруді қолдайтындықтарын білдірді. Сол жиынға Зарыққан да Димаш ағасының портретін көтеріп шығып, кірпігіне сүзілген жасты да елеместен жалынды сөз сөйлеп еді. Сол жылы Д. Қонаевтың туғанына 110 жыл толуына арналған іс-шаралар жиі өтіп, сол басқосуларға портретті алып барып, жиналған қауымға оған қалай ие болғанын айтып беріп жүрді.
– Колбин бастаған билік өкілдері сол кезде Дінмұхамед Қонаевтың өзі тұрмақ, оның суретінен қорықты. Себебі, олар Димаш ағаны халықтың шексіз құрметтейтінін, бағалайтынын терең түсінді. Сондықтан суреттерін барлық жерден алғызып тастады. «Балқаш еңбеккері» газеті редакциясының төрінен архивке өтіп, одан кейін менің қолыма тиген портреті сол лаңды басынан кешті. Өкініштісі, тәуелсіз ел атансақ та, «бір адамның» көңіліне жалтақтаған биліктегілер әлі күнге дейін Д. Қонаевтың атын атауға келгенде тым жалтақ. 1987 жылдан бері, яғни, 37 жыл бойы осы портретті көзімнің қарашығындай сақтап келемін. Мен дүние қызығын қумадым, байлық жинамадым. Біраз сергелдеңді басымнан кешірсем – аққа жақ болғандығым. Сондықтан қай ортада жүрсем де, кім-кімнің болса да көзіне тура қарай аламын. Ал ертеңгі күні ұрпағыма қалдырар құнды жәдігерім көзімнің қарашығындай сақтап келе жатқан Димаш ағаның портреті мен азын-аулақ жазған кітаптарым болар деп ойлаймын, – деді Зарыққан Есілбаев.
Міне, бүгінде Мемлекет басшысының Жарлығымен Қапшағай қаласына Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілгелі де жыл жырымнан асты. Қала тұрғындары бұл есімді қуана құптайды әрі мақтан тұтады.
Айжарық Көптілеуов