Облыс орталығында аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып ширек ғасыр қызмет атқарған Дінмұхамед Қонаевтың 112 жылдығына арналған іс-шара өтті.
Жиын қаланың орталық алаңындағы Д. Қонаев ескерткішіне гүл себеттерін қоюмен басталды. Салтанатты рәсімге Қонаев қаласы әкімдігінің қызметкерлері, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ақсақалдар мен аналар кеңесінің және этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қоғамдық ұйымдардың төрағалары, мұғалімдер мен оқушылар қатысты.
Ескерткіш жанындағы жиында сөз алған облыстық ҚХА жанындағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Амангелді Беспаев елу жыл ел ағасы болған, даналығына даралығы жарасқан тұлғаның еліміздің экономикасын, әлеуметтік саланы, ғылымды, ұлттың мәдениетін дамыту ісіндегі ұшан-теңіз еңбегіне кеңінен тоқталды. Сондай-ақ, өзінің де Дінмұхамед Ахметұлымен бірнеше мәрте жүздескенін тілге тиек етіп, сол бір ұмытылмас та қымбат сәттері жайындағы естелігімен бөлісті.
Келесі кезекте қаланың алғашқы құрылысшыларының бірі, кәріс этномәдени бірлесігінің белсенді мүшесі Александр Чжен артында өшпес із қалдырған ірі тұлғаның еліне жасаған ұлан-ғайыр ұлы істерінің ешқашан ұмытылмайтынын айта келе, қазіргі Қонаев қаласының іргесі қалануына ұйытқы болғанын әңгіме арқауына айналдырды.
Заманның заңғар тұлғасының өмір өткелінен, кісілік мектебінен тағылым алған аға буын өкілдерінің ұрпаққа үлгі болар естеліктерінен кейін қалалық Д. Қонаев атындағы №1 қазақ орта мектебінің оқушылары арнауларын оқыды.
Аты аңызға айналған ұлы тұлғаның туған күніне арналған шара әрі қарай қалалық Мәдениет үйінде өткен «Д. Қонаевтың сүйіп тындаған әндері» атты мерекелік кешке ұласты.
Мерекелік ән кеш Арна ауылдық клубының әншісі Амалият Бұқастың «Дінмұхамед Қонаев» әнімен шымылдық түрген соң, Қонаев қаласы әкімінің орынбасары Марлан Жолдахмет жиналған қауымды Дінмұхамед Ахметұлының туған күнімен құттықтады.
– Есімі аңызға айналған тұлғаның бойындағы қарапайымдылық, ақыл мен парасат-пайымы, соңына қалдырған сара сөздері – кейінгі ұрпақ үшін өшпес өнеге, рухани азық. Халық «Димекең» деп құрметтеп, өмірінің соңына дейін ардақтап өтті. Қонаев атамыз ел басқарған жылдары кең байтақ қазақ жерінде 68 жұмысшылар кенті мен 43 қала пайда болды. Іле өзенінің бойына бөген салдырып, жаңа су электр стансасының бой көтеруіне, осы маңда жаңа елдімекеннің іргетасы қалануына сіңірген еңбегі өлшеусіз. Оны бүгінгі буын, біздер мақтаныш етуіміз керек. Дінмұхамед Қонаевтың есімі бүгін де ерекше құрметке ие, жас ұрпақ мақтан тұтады. Оның ішінде, Қонаев қаласының тұрғындары үшін орны тіпті айрықша деп ойлаймын. Қала атауын иеленуі бізге екі есе міндет жүктейді, екі есе жауапкершілік артады, – деген қала әкімінің орынбасары келешекте облыс орталығы Бас жоспарға сәйкес өркендеп, заман талабына сай «Ақылды қалалардың» санатына қосылатынын зор сеніммен айтты.
Сахна төрінде Халықаралық қазақ тілі қоғамы қалалық филалының төрағасы, ақын Берік Шәріпұлы арнауын тебірене оқыса, Арна ауылдық клубының әншісі Гүлжайна Хасанова Д. Қонаев сүйіп тыңдаған Әсет Бейсеуовтің әндерін қазақы қоңыр дауыспен асқатата шырқап, көрермендерді тәнті етті. Сонымен қатар, халық әндерін нақышына келтіре орындаған Бибінұр Құламханова мен Айнұр Бекбосынова тыңдармандардың құлақ құрышын қандырды.
Айжарық Көптілеуов,
Қонаев қаласы