Бүгін Заречный кентінде пәтері өртеніп кеткен 8 отбасы қоныс тойын тойлады, деп хабарлайды Қонаев қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі. Пәтерлер кілтін табыстау рәсімінде жұртшылықты жаңа қонысымен Қонаев қаласының әкімі Нұрлан Құматаев құттықтады.
«Бүгін Қазақстанда Димаш Ахметұлының туған күні атап өтіліп жатыр. Ал сіздер үшін қос қуаныш – біз өздеріңізге пәтер кілтін табыстаймыз. Шаңырақтарыңыз шаттыққа толы болсын! Бұл жоба облыс әкімдігінің қолдауымен жүзеге асты. Баршаңызды қуаныштарыңызбен құттықтаймын!» – деді шаһар басшысы.
Өз кезегінде тұрғындар атынан Күләш Күрімбаева алғысын білдірді.
«Осыдан бес ай бұрын 8 отбасының үйі өртеніп, төтенше жағдай орын алды. Сол сәтте біз аз уақыт ішінде баспаналы боламыз деп ойламадық. Қуанышты кез Д.Қонаевтың дүниеге келген күнімен тұспа-тұс келді. Бұл да бір жақсы белгі болса керек. Барлығыңызға алғысымды білдіремін», – деді зейнеткер әже.
Айта кетейік, 2023 жылдың 17 тамызында Заречный ауылында 2 қабатты тұрғын үй өртеніп кеткен еді. Одан кейін құрылған төтенше жағдайларды жою жөніндегі комиссия үйді жарамсыз деп таныған. Қала әкімі Нұрлан Құматаевтың сөзінше, шаһар әкімдігі 8 отбасыны баспанамен қамту үшін жедел шаралар қабылдаған. Ол мақсатта бюджеттен 108 млн. теңге бөлініп, ауылдан үйлер сатып алынды.