Заманбек Нұрқаділов тірі болғанда қаңтардың 15-і күні 80 жасқа толар еді. Амал жоқ, ұлтжанды, елі үшін ештеңеден тайсалмаған қоғам қайраткері туралы өткен шақта естелік айту ауыр, әрине. Дегенмен халқы, ел-жұрты барда оның аты өшпейді. Мен де мерейтойы қарсаңында шамамның келгенінше бірге жүрген кездерімнен естелік жазуды жөн көрдім.
Әлі есімде 1989 жылдың қаңтар-ақпан айлары болуы керек, Алматы облыстық партия комитетінің бюро мәжілісінің күн тәртібінде А.Розыбакиев атындағы совхоздың директорлығына Ғоппа Әбдіманапов пен партком хатшылығына менің мінездемелерімізді бекіту жөнінде мәселе қаралатын болды. Сол кездегі Коммунистік даңғылындағы (қазіргі Абылайхан) Алматы облыстық партия комитетінің ғимаратына кіріп, лифтімен бірінші хатшының қабылдау бөлмесіне көтерілейік деп тұрғанымызда кезекші милиционер қазықтай тұра қалып әскери сәлем белгісін жасады. Кімге мұндай сәлем беріп тұр екен деп артыма бұрылсам, сұңғақ бойлы орта жастағы ер адам лифтке қарай асыға басып келіп бізбен қол беріп амандасты. Бәріміз лифтімен көтеріліп қабылдау бөлмесіне кіргенімізде, жаңағы азаматқа обком хатшысының көмекшісі Айдын Дәулетұлы: «Сәлеметсіз бе Заманбек Қалабаевич, кіре беріңіз» деп оның сырт киімін алып, ішке кіргізді. Мен көмекшіден: бұл кім? – деп сұрап едім: «Алматы қаласы атқару комитетінің төрағасы Нұрқаділов, сіздердің жерлестеріңіз», – деді. Мен сол күні Заманбек ағаны бірінші рет көрдім.
Күн тәртібіне қарасты біздер жөніндегі мәселені бюро мүшелері көпке созған жоқ, себебі әрқайсысының алдында біздің кеңшар туралы анықтамалар бар екен. Кеңшар директоры екеуміздің мінездемелерімізді бюро мәжілісі бірауыздан бекітті. Обком хатшысы Төлебеков маған қарап «Жолдас комиссар, сіз не айтасыз, сұрақтарыңыз бар ма?» – деп әзілдеген болып емеурін білдірді. Біз Алматыға жүрерде ауданның бірінші хатшысы Ж.Розахунов маған кеңшар орталығы Бахар ауылында «Жастар орталығы сарайының» құрылысына қаражат сұрап көр және өзіңе жоғарғы партия мектебінде оқуға жолдама берулеріне өтініш жаса деген. Мен осы екі сұрақты қойып едім, обком партияның ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Зуев күлді де, орысшалап «О-оо қарай көріңіздер, коммунистің «қарапайымдылығын» деп мені мұқатты. Сол кезде бюро мүшелерінен Нұрқаділов оған: «Сен неге күлесің, біз ауыл жастарына жағдай жасамасақ кімге жасаймыз. Мына партком хатшысы білімімді әрі қарай жетілдірсем дегеннен басқа не сұрап тұр!» деп оған тесіле қарап зілденіп өңін суытып айтты. Төлебеков орысшалап (ол қазақша мүлдем сөйлемейтін) менің өтініштерімді еске алатындарын айтып, Зуевты арашалаған болды. Алайда айтқаны сол кабинетте ұмыт қалды.
Мен Заманбек Қалабайұлының ұлтжандылығын, ауылға деген көзқарасының ерекше адам екенін бірден сезіп, іштей риза болдым. Содан біраз жылдар өтіп, Қазақстан тәуелсіз, егемен ел болып президенттік басқару жүйесі орнықты. З.Нұрқаділов Алматы қаласының әкімшілік басшысы болып тағайындалды. Мен Ұйғыр ауданы әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарып жүрдім. 1993 жылдың қазан айында аудан басшысы М.Насыров кабинетіне шақырды. «Бөдеті» ауыл шаруашылығы кооперативінің басшысы Монебаев Тұрсын екеуі отыр екен. «Тұрсын Алматыға барғанында Нұрқаділовтің қабылдауында болып, туған жеріңізге келіп қайтсаңыз деп ұсыныс жасаған екен, ол кісі қабыл алыпты. Ертең ауданға келетін болды, соған дайындал» – деді.
Ертесі Шарын өзенінің көпірі алдынан күтіп алдық Шарын шатқалындағы ерен ағашы орманындағы қонақжай үйден дәм татып Кетпенге (туған ауылы) жол тарттық. Аудан басшысы облыстық әкімшілікке шақырылғанын, сондықтан менің қонақтармен бірге болатынымды Зәкеңе ескертті. Осылайша дара тұлғамен бірге болу бақыты бұйырды. Жолшыбай жерасты ыстық суларына тоқтап суын ішті. Ол кезде арасан суларын жүгері алқаптарын суаруға, мал бордақылау қора-жайларына пайдаланушы едік. Сонда Зәкең «Мынадай жерасты байлығын емдеу, демалыс орнына айналдыру тиімді ғой» деп пікірін айтты.
Кетпен ауылындағы әкесі Нұрқаділдің ең үлкен ағасы Байғожа Қалабаевтың (орманшы болған) отбасына барып, амандық-саулықтарын біліп әңгімелесіп шықты. Сол күні кеште Тұрсын Монебаевтың үйінде қонақ болып, әңгіме барысында қазіргі нарықтық экономика қыспағындағы ауыл халқының тұрмыс жағдайларынан хабардар еттік. Ауыл басшылары халықтың да, шаруашылықтардың да күнелтетін табысы төрт түлік малдан екенін көлденең тартты. Алайда Алматы ет комбинаты малды өте арзан бағаға сатып алатыны айтылды. Заманбек ағамыз сонда «Оу, мұнысы қалай, Алматының сауда орындарында ет өнімдері тапшы, ал оның өзі сендер айтқан бағадан екі есе қымбат» деп ашуға булықты. Ертеңгі шайден кейін Бөдеті ауылының клубына бардық. Халық лық толы. Зәкеңдерді қол шапалақтап, ыстық лебіздерін білдіріп қарсы алды. Ақ самайлы бір кейуана Зәкеңнің анасы Шаруан апаймен бірге еңбек еткен кездерін және Зәкең мен әпкесінің бала кездерінен естелік айтып берді. От жағылмаған клубтың іші суық болғанымен, қарапайым халықтың ыстық ықыласымен қонақтар көңілді отырды. Кездесуде шаруашылықтың бір маманы кешегі болған әңгімені естігендей Алматы ет комбинатының жөнсіз талаптары жөнінде айтты. Зәкең жағдайдың ақ-қарасына жетемін деп уәдесін берді.
Көпке созбай Заманбек Қалабайұлы құқық қорғаушылар мен аудиторлардан арнайы топ құрғызып Алматы ет комбинатының өндірістік және қаржылық қатынастары жағдайын тексеруге жіберіпті. Комбинат басшылығы қызмет бабын асыра пайдаланып, көптеген қаржылық тәртіптің өрескел бұзылғаны анықталады. Зәкең бірден комбинат басшысын қызметінен босатқызды. Қала тұрғындары мен ауыл еңбеккерлері Зәкеңе ризашылығын білдіргендері айтпаса да түсінікті.
Арада біраз уақыт өткен соң жолым түсіп өзім Заманбек Қалабайұлының қабылдауында болып сәлем беріп, ауылға келіп демалып қайтуға шақырдым. Сонымен қараша айының соңғы күндерінің бірінде маған Зәкеңнің көмекшісі телефонмен желтоқсанның бастапқы демалыс күндеріне келетінін білдірді. Мақпал екеуі қасында көмекшісімен айтқан уақытында келді. Шонжы шекара әскери бөлімінің командирі подполковник Әбдіразақ Ілиясовпен бірге барып шекара бекетінен күтіп алдық. Біздің үйде дастарқан басында шекара отрядының басшысымен арнайы таныстырып, бұл жігіттің Шонжы отрядына басшы болып келген бірінші қазақ екенін айттым. «Жолшыбай бір шекара заставасына кіруге бола ма?» деп сұрады. Ә.Ілиясов қуана қарсы аламыз деп, – жауап берді. Қалжат ауылының маңайындағы заставалардың біріне кіріп сарбаздардың жатақханасы мен асханасын, тамақ өнімдерін сақтайтын қоймасын, моншасын көріп көңілі толмады. Күзетке жүруге дайындалып тұрған 15 шақты шекарашы сарбаздың әрқайсысымен қол алысып амандасып, қай жерден келгендерін сұрап білді. Олардың екеуі орыс, қалғаны қазақ жігіттері екен. Бір-екі шекарашының керзі етіктерінің тұмсығы ажырап кеткен, кейбіреуінің киген шинельдерінің тозығы жетіп тұрғанын көріп, кейіді. Сарбаздарға: «Балаларым, бұл қиыншылықтар уақытша ғана, әлі-ақ жағдайымыз жақсарады. Тек сендер түсінушілік пен төзімділік танытыңдар, жас мемлекетімізді, тәуелсіз еліміздің тыныштығын қорғауға бәріміз борыштымыз» деп тебіреніп ақыл айтты. Шынайы жүректен шыққан сөздерін сарбаздар түсінді.
Іле өзенінің жағалауында шекарашылардың бақылау мұнарасына көтеріліп, айналаға дүрбі салып көрді. Мұнарадағы шекарашының тоны, пимасы бар екендігіне көзі жетіп, риза кейіп танытты.
Шекарашылармен фотосуретке түсіп, қайта жолға шықтық, қонақтар кештетіп Алматыға қайтып кетті. Арада көп уақыт өтпей-ақ командир Ә. Ілиясов ертең Алматы қаласы әкімшілігі атынан 5-6 көлікпен керуен келетінін айтты. З.Нұрқаділовтің тапсырмасымен Алматының әр ауданынан шекарашыларға арнап жаңа жыл қарсаңында қажеттеріне жарататын бұйымдар мен жылы киімдер, аяқ киімдер, спорт тауарлары, көкөніс пен ет және балық консервілері сияқты т.б. заттарды тиеген жүк көліктері келді. Сол кезде Калинин ауданының (қазіргі Бостандық) әкімшілік басшысының бірінші орынбасары Амандық Баталовпен танысқан едім. Олар әкелгендерін табыстап қайтқаннан кейін Зәкеңе телефонмен рақмет айттым. «Зәріп, біздің әрқайсысымыздың міндетіміз ғой, сарбаздардың көңілін демеп, қолдау көрсетуіміз керек. Бұл шара бір реттік қана емес, тұрақты назарымда болады», – деді.
Міне, менің естелігімде айтылғандар Алматы қаласы басшысының тікелей міндеттерді емес. Бірақ жанашыр, ешнәрсеге бей-жай қарай алмайтын аңғал, әсіресе ауыл десе ішкен асын жерге қоятын адал адамның әрекеті. Мен ардақты да асыл ағамыз, қазақтың біртуар азаматы, қоғам және мемлекет қайраткері, ірі тұлға болған Заманбек аға Нұрқаділовтің өзім куә болған шын жүректен адал ниетпен жасалған бір-екі қамқоршылық пен қайырымдылық істерін 80 жылдығы қарсаңында баяндауды өзімнің борышым деп санадым. Ал облыс әкімі лауазымында атқарған жұмыстары қыруар. Барлық ауыл әкімдерінің күнделікті жұмыстарын жақсарту үшін бәріне су жаңа «Нива» автокөлігін мінгізді. Облыс аумағындағы барлық өндіріс салалары дамыды. Кіші және орта бизнес кәсіпкерлігі бірнеше есеге өсіп, жаңа нысандар іске қосылды, мыңдаған адам жұмыспен қамтылды. Облыстың қаржылай табысының өсуі оның бюджет кірісінің ұлғаюына қол жеткізді. Зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақылар ай сайын төленетін деңгейге жетті. Қысқа мерзімде Алматы мен Талдықорған аймақтарындағы барлық қалалар мен шалғайдағы кішігірім ауылдардағы барша бюджеттік мекемелердің (мектеп, аурухана, мәдениет ошақтары) жылу жүйелері қайта жөнделіп, сұйық отынмен, жылыту қазандықтарымен қамтылды. Оларға арнайы цистерналармен жанармай тасымалдап жеткізуді қамтамасыз етіп, көмір тасымалдау мен жағу азабынан босатты. Бұл түсінген адамға өте ауқымды жұмыстар. Өзім облыстық жол және коммуналды шаруашылықтар басқармасын басқарып қызмет атқарғанымда куә болған оқиғаларым бұл.
Заманбек Қалабайұлының есімі аталса рухымыз оянып, жан дүниемізде бір арпалыстың болатыны рас. Амал жоқ еліне, халқына, жұртына берері өте көп ағамыздың арамыздан ерте кеткені, маңдайымызға сыймағаны қабырғамызды қайыстырады. Бүкіл қазақ еліне танымал, халқына адал қызмет еткен Заманбек Қалабайұлы Нұрқаділовтің орасан зор еңбектері ұмытылып бара жатқандай боп көрінеді. Кейінгі ұрпағы ағаның ұлты үшін жасаған ерен еңбегін ескерер деп сенемін.
Зәріп Бидайбеков,
зейнеткер,
Ұйғыр ауданының Құрметті азаматы