Алматының іргесіндегі еліміздегі ең ірі сауда орны – «Алтын орда» базарының қызметін көпшілікке жария ету мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылды. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі хабарлады. Былтыр желтоқсаннан бастап базар аумағының 6 кіреберісінде QR-кодтары бар автоматты шлагбуамдар мен көліктің кіру ақысын төлеу үшін павильондарда 6 POS-терминал орнатылды.
Сонымен бірге, базарды цифрландыру аясында altynordaresmi.kz ақпараттық веб-сайты іске қосылды. Мұнда бос тұрған сауда орындарының саны, олардың көлемі, жалдау құны, жалдау шарттары мен оны бұзу тәртібі негіздері туралы ақпарат алуға болады. Сайтта базар басшылығына онлайн шағым беру және ұсыныс білдіру мүмкіндіктері енгізілген. Ведомство бұл шаралар базар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету және бюджетке салық төлемдерінің түсімдерін ұлғайту үшін қабылданғанын айтады.
2023 жылдың тамызында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев анықталған заң бұзушылықтарды жою, нарықты жаңғырту және фермерлерге тегін сауда орындарын ұсыну жөніндегі жұмысты үйлестіру үшін базар аумағында мобильді топтың қатысуымен кеңейтілген кеңес өткізген еді. 2023 жылғы желтоқсанда Сауда Комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков «Алтын Орда» базарының әкімшілігімен сауда алаңдарын жаңғырту мәселелерін талқылап, қысқа мерзімде бизнес-процестерді цифрландыруға көшуді жеделдетуді тапсырған.