Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жұмыс сапарымен Талғар ауданында болып, Бесағаш ауылдық округіндегі су тасқыны және қар көшкіні қаупі бар тұрғын үйлер мен Талғар бөгетінің жағдайын тексерді. Сапар кезінде аймақ басшысымен аудан әкімдігі, тиісті қызмет өкілдері басшылары бірге жүрді.
Жұмыс тобы ең алдымен Бесағаш ауылындағы Дінмұхамед Қонаев атындағы Үлкен Алматы арнасы өтетін тұстың жағдайымен танысты. Бұл жерде төтенше жағдай және селден қорғау қызметінің өкілдері қар еріген және жаңбыр суы мол жиналған кезде аталмыш арнаның жағасында су мол жиналып, қауіпті жағдай туындайтыны жайында егжей-тегжейлі айтып берді. Мамандардың айтуынша, Бесағаш ауылын кесіп өтетін Алатау тасжолының бойында жиналатын қар суы арнаның төменгі жағындағы 300 адам тұратын 60 шақты үйге қауіп тудырады. Сондықтан төтенше және қауіпті жағдайдың алдын алу үшін тиісті қорғаныс шаралары қажет. Бірінші кезекте еріген қар суы жиналып қалмай, іркіліссіз ағып кетуі үшін су өткізу құрылыстарын салу қажет. Ол үшін халықты су тасқынынан қорғау және Талғар өзенінің жағалауы мен аңғарын нығайту мақсатында аудан орталығындағы Ғ.Мұратбаев көшесінен жергілікті тасжол Үлкен Алматы арнасының үстінен өтетін тұсқа дейін ұзындығы 6,45 шақырымдық тұрақтандыру арнасын салу көзделіп отыр. Облыс басшысы аудан әкімдігі мен тиісті қызмет басшыларына құрылысты жедел бастау жөнінде тапсырма берді.
Одан әрі жұмыс тобы Бесағаш ауылы «Бурабай» коттедж қалашығының Баянауыл көшесіндегі қауіпті тұстардың жағдайымен танысты. Мамандардың түсіндіруі бойынша, ауа райының құбылмалы болуына байланысты қармен араласып жауған жаңбырдың салдарынан топырақтың батпақтануы орын алған. Нәтижесінде, осы қалашықтың Баянауыл көшесіндегі №10 және №12 тұрғын үй аумағына тау баурайынан топырақ түскен. Топырақ тұрғын үй артындағы қорғаныс қоршаудан өтіп (бетон тіреу қабырғасы арқылы), үйді зақымдап, ішкі бөлмелерге кірген. Соққыдан тұрғын үйдің қабырғаларында жарықтар пайда болған. Түскен топырақтың көлемі 360 текшеметрді құрайды. Қуаныштысы, зардап шеккен ешкім жоқ.
Бесағаш ауылдық округінің әкімдігі осы жағдай бойынша тау баурайын топырақтан тазартып, нығайту жұмыстарын жүргізген. Оған жергілікті бюджеттен 19 миллион 577 мың теңге қаржы бөлініпті. Бүгінгі күнге нығайту жұмыстары жүргізілгенімен, әлі де топырақтың сырғып түсу қаупі сақталып отыр. 2020 жылы Талғар ауданының әкімдігі көшкін қаупі бар тұста биіктігі – 4, ұзындығы – 144 метр болатын тіреу қабырғасын тұрғызған.
Ал бұл учаскенің шығыс жағында тау баурайында еріген қар мен жаңбыр суы ағып өтетіндіктен және Баянауыл көшесінің жоғары жағында арық желісінің болмауына байланысты мұндағы 24 тұрғын үйді су басу қаупі тым жоғары. Әрі қарай ол су республикалық маңызы бар «Алматы – Талғар» тасжолына түседі. Сондықтан мамандар бұл көшенің тұрғындарын су басу қаупінен қорғау мақсатында тау жоталарынан төмен қарай арық-дренаж жүйелерін жасауды ұсынып отыр.
Тиісті қызмет басшылары мен мамандардың барлық ұсыныс-пікірлерін байыппен тыңдаған Марат Елеусізұлы бұдан 6 жыл бұрын Бесағаш ауылында бірнеше үй су астында қалғанын, сондықтан жедел іске кірісу қажеттігін ескертті. Ол, сондай-ақ, бұл коттедж қалашығында түйткілдер көп екенін адамдар жер телімін сатып алып, үй тұрғыза бастаған кезде ғана білгенін де атап өтті. Бұл жер телімдерін пайдалану мақсаты – қосалқы шаруашылық жүргізу, ал көптеген адамдар тұрақты тұрып жатыр. Айналып келгенде, бұрынғы басшылардың жер телімдерін оңды-солды, тіпті, заңбұзушылықтармен бере бергенінің ауыртпалығын қарапайым халық тартып отыр.
Аймақ басшысы 2005 жылы селден қорғау мақсатында салынған Талғар бөгетіне де барып, оның бүгінгі жағдайымен танысты. Күрделілігі екінші сыныпты бұл бөгет ұяшықты темірбетоннан тұрады. Нысанның жобалық көлемі 8,4 миллион текшеметрді құрайды. Талғар өзенінің алабы 1-дәрежедегі сел жүру қаупі бар аймаққа жатады және 444 шаршы шақырым су жинау аумағы бар. Өзеннің ұзындығы – 36 шақырым. Алаптың жоғары жағында жалпы аумағы 117,9 шаршы шақырымыды құрайтын 92 мұздық бар. Биік таулы аймақта 20 мұзды көл орналасқан, олардың жетеуі сел тұрғысынан аса қауіпті. Бұл өзендер су шығындарының күрт өзгеруімен ерекшеленеді. Нөсер түрінде жиі болатын жауын-шашын ақыр-аяғында селді ағын тудыратын судың жиналуына алып келу ықтималдығы жоғары. Мұндай жағдай әр жылы байқалады.
Марат Елеусізұлы мұздықтар еріп, көлдердің толуына байланысты қауіптілік өлшемдерін тыңдаған соң, селден қорғау ұйымдарына бөгеттен тұрақты түрде суды төмен ағызып отыруды және жағдайды бақылауды тапсырды.
Талғар ауданындағы жұмыс сапарының соңында Марат Сұлтанғазиев облыс пен аудан әкімдіктері тарапынан халықты су тасқыны және қар көшкінінен қорғау бойынша жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, барлық қауіпті учаскелер «Қазселденқорғау» мекемесіне беріледі. Бұл мекеме жөндеу және жағалауларды нығайту жұмыстары бойынша жобалау-сметалық құжаттарын дайындайды. Жерлер әлдеқашан берілген, енді олар тарапынан мемлекеттік акт дайындалып жатыр. Жыл соңына қарай жөндеу жұмыстары басталады. Қазірше барлық жұмыстар жергілікті бюджет есебінен жүргізіледі.
Ең бір бөліп айтатын жайт, құқық қорғау ұйымдарына сел жүру қаупі бар және судан қорғау аймақтарында үй салуға рұқсат берген құжаттардың заңдылығын сараптау жөнінде тапсырма берілген. Олар да енді өз ойларын білдіруі тиіс. Жалпы, қауіптің алдын алу бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Десек те халықты қар көшкіні және су тасқынынан қорғау мәселесінде жүйелі шаралар қажет екені белгілі болып отыр.
Құтмағамбет Қонысбай,
Талғар ауданы