«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК-ның Алматы облыстық филиалы өндірістік кеңес өткізді. Жиында жол-құрылысы материалдары өнімдерінің сапасын тексеру және құрылыс орындары мен жөндеу нысандарына бару кестесін құру мәселесі талқыланды. Сапа орталығының басты мақсаты – жол инфрақұрылымының барлық деңгейлерінде қауіпсіздік пен сенімділіктің жоғары стандартын қамтамасыз ету. Сондай-ақ жолдарды салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп ұстау кезінде материалдар мен жұмыстардың сапасына сараптама жасау да негізгі міндетке кіреді. 2023 жылы Алматы облысы мен Жетісу өңіріндегі түрлі санаттағы жолдарға жүргізілген сараптаманың талдау нәтижелері бойынша 387 жұмыс сапары болып, республикалық маңызы бар жолдардан 931 жол-құрылысының сынамасы тексерілген. Оның 17 пайызы тиісті стандарттарға сәйкес келмей, 422 заң бұзушылық анықталған. Енді анықталған кемшіліктердің 22-сі биыл жойылады деп жоспарланып отыр.
Облыстық, аудандық және қалалық маңызы бар жолдарға қатысты 50%-дан астам нормаларға сәйкес келмеу және 200-ден астам бұзушылықтар анықталды. Оның жартысының шешімі табылмаған. Нәтижесінде 6 мемлекеттік құрылыс инспекциясына, 4 инвестициялық жобаға және 2 орташа жөндеу нысандарына қатысты 17 ұйғарым жолданды. Бүгінде 4 айыппұл салынған.
2023 жылдың талдау қорытындысына сүйене отырып, 2024 жылы жұмыстарды нәтижелі орындау, оның ішінде шығарылатын өнімдердің стандартқа сай болуы, құрылыс-монтаж жұмыстарының сапалы орындалуы, жобалық-сметалық құжаттарға сәйкестігі жөнінде шешімдер қабылданып, тапсырмалар берілді. Асфальтбетон зауыттары бар ұйымдарға асфальтбетон қоспаларын сапалы өндіру үшін филиалмен келісім-шарт жасау ұсынылды.