Есік қаласындағы Т.Молдағалиев атындағы аудандық Мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының құрылғанына 32 жыл толуына орай салтанатты жиын өтті. Аталған шараға ҚР Ұлттық ұланы 6654 әскери бөлімінің жеке құрамы, ардагерлер мен мемлекеттік қызметкерлер қатысты.
Мерекелік кеште 6654 әскери бөлімі командирінің міндетін уақытша атқарушы, полковник Қайрат Берсүгіров жиналғандарды айтулы күнмен құттықтады.
– Осынау кезеңдер ішінде жеткен жетістіктер аз емес. Ұлттық ұлан қалыптасу жолынан өтіп, дамуға бет бұрды. Әскердің кәсіби сапасы еселеп артты. Қазіргі таңда Ұлттық ұлан елдің сенімін ақтайтын айбынды күшке айналды. Бүгінгі кәсіби мерекеде бөлімнің барлық жеке құрамына, ардагерлерге зор денсаулық, еселі еңбектеріне толағай табыс тілеймін! – деп жылы лебізін білдірген Қайрат Маратұлы үздік жетістікке қол жеткізген әскери қызметшілерге Ұлттық ұлан Бас қолбасшының бұйрығымен шен беріп, Алғыс хаттар табыстады.
Бұдан кейін Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары Ертай Нұрмаханов сөз алып, Ұлттық ұланның бір топ жауынгерлерін аудан әкімі Алтай Досымбаевтың алғыс хатымен марапаттады. Салтанатты жиында Еңбекшіқазақ аудандық полиция басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дәурен Серікұлы да ізгі тілегін арнады.
Іс-шараның ресми бөлімінен кейін мерекелік концерт өтті. Көрермендер алдында аудан өнерпаздары өнер көрсетіп, мереке салтанатын асырды.
Айта кетейік, 1992 жылдың 10 қаңтарында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлері құрылды. 2014 жылдың 21 сәуірінде Ішкі әскерлер Ұлттық ұлан деген атқа ие болды. Ал 2015 жылы «Ұлттық ұлан туралы» Заң күшіне енді.
Ерзат Асыл,
Еңбекшіқазақ ауданы