Христиан қауымның сенімі бойынша, 18-19 қаңтар күндері жер бетінде барлық су жаңарып, тазара түседі. Шіркеу қызметшісі дұға оқыған, айқыш батырылғын суға шомылған адамның рухы мен тәні тазарады. Десе де, дін қызметшілері бұл күні күнәдан тазарамын деп ауа райының суығына және денсаулық жағдайына қарамастан мұздай суға түсуге тыйым салады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматы облысы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Ералы Разакулов пен Алматы облысының Дін істері басқармасының басшысы Ерғали Кошеке айтты.
Қазіргі таңда облыс аумағында 35 орыс православие шіркеуі қызмет етеді. «Құдайға шоқыну» діни мерекесі кезінде шомылу үшін 15 орын бекітілді.
Спикерлердің айтуынша, шомылу рәсімі үш күн бойы жалғасады. Шомылу орындары тұтқалармен, баспалдақтармен және басқа да қауіпсіздік белгілерімен жабдықталған. Барлық шіркеуде жаппай шомылу кезеңінде Дін істері басқармасы, полиция, дәрігерлердің, сондай-ақ ТЖД қызметкерлерінің кезекшілігі ұйымдастырылады.
«Департамент тарапынан 80 құтқарушы мен қызметкер суға түсу кезінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұдан басқа, азаматтық қорғау қызметкерлерінен 54 жеке құрам мен 29 бірлік техника жұмылдыратын болады», – дейді Ералы Разакулов.
ТЖД қызметкерлері азаматтардан шомылу кезінде келесі қауіпсіздік шараларын сақтауды сұрайды:
– «Құдайға шоқыну» діни рәсімін құтқарушылар және жедел жәрдем дәрігерлері кезекшілік ететін арнайы жабдықталған орындарда ғана өткізу;
– шомылудан бұрын денені жылыту қажет;
– шомылу орнына ыңғайлы, тайғақ емес және оңай шешілетін аяқ киіммен келу;
– ми тамырларының тарылуын болдырмау мақсатында басты суламай, мойынға дейін ғана шомылу;
– алкогольді сусындар ішпеу;
– шомылғаннан кейін сүртініп, ыстық шай ішу;
– созылмалы аурулары бар адамдар шомылмағаны дұрыс.