Бұған дейін хабарланғандай, Қонаев қаласындағы 3-ықшам ауданда рұқсат етілмеген орындарда сауда жасайтындарға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, саудагерлер көше бойындағы тауарларын жинап тастаған болатын.
“Бүгін қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Қайрат Омаров мәселенің түбегейлі шешілуі мақсатында саудагерлермен «Жетісу» базарында кездесу өткізді”, — деп хабарлады
Қонаев қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
«Базар басшылығымен келіссөздер жүргізіп, кәсіпкерлер үшін арнайы орындарды белгіледік. Басшылық бұл жерде сауда жасауға 3 ай тегін орындарды ұсынды. Алайда, тұрғындар әлі де шешім қабылдаған жоқ. Себебі, олар біріншіден, жеке кәсіпкерлігін заң жүзінде тіркеуі керек. Қазіргі таңда, бәрімізге белгілі, шағын және орта бизнесті тексеруге мораторийдің уақыты аяқталды. Сондықтан барлығымыздың заң жүзінде жұмыс істегеніміз абзал болар еді», — деді бөлім басшысы.
Қайрат Омаровтың сөзінше, саудамен айналысатын зейнеткерлерге ерекше жағдай жасалмақ. Оларға 3 ай мерзім өткен соң, орын төлемін айлық немесе бір күндік етіп беру жоспарланған.
«Сонымен қатар қыс мезгілі болғандықтан, саудагерлердің көбі “қазір базарға келмейміз” деп отыр. Бұл мәселе де назарға алынды. Егер олар «Жетісу» базарына орналаспаса, «Алға» және «Айша сити» базарынан орындар қарастырылады», — деді ол.
Аталған бағыттағы жұмыстар ары қарай да жалғасын табады.