Қазақ даласында бұрындары да мешіт аз еді. Мешіттердің жайы Кеңес одағы кезінде тіптен қиындап кетті. Тәуелсіздікке ие болған жылдар ішінде халқымыз асыл дініне оралып, салынған мешіттер саны өсті. Тіпті, соңғы жылдары «мектептен мешіт көбейіп кетті» деп дау туғызып жатқандардың да баршылық екенін жасыра алмаймыз. Негізінде мешіттің де, мектептің де көп болғанынан ұтыла қоймайтынымыз даусыз. Айналып келгенде, екеуі де халықты тәрбиелеу ошағы. Алайда біздің сөз етпегіміз – сәл өзге мәселе.
Сонау 2014 жылдың қара күзінде белгілі журналист, публицист Нұртөре Жүсіп ағамыз «Мешіттер неге сарғайды?» деген айналасы жұп-жұмыр мақала жазды. Содан бері ештеңенің өзгермегендігін көріп отырып, үндемей қалу қолайсыз болғандықтан, сол мақалаға үн қоса кеткенді жөн көрдік. «Бірде байқаймыз, бірде байқамаймыз: күнде көріп жүрген нәрселер аяқастынан өзгеріп сала береді. Неге олай болды деп бас та қатырмаймыз, «е, жөн екен» деп жүре береміз. Мәселен, Қазақстан мешіттеріндегі көк күмбез кейінгі жылдары жоғалды, оның орнын сары түс басты. Алтын жалатылған сары түсті күмбездер христиан шіркеулеріне тән секілді көрінетін еді, енді бұрынғы да, кейінгі де мешіттердің бәрінің күмбезі сап-сары…
Неге бұлай?
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) алтынды жаратпаған деседі. Ер адамдардың алтын жүзік тағуы шариғат талаптарына қайшы келсе керек. Сары түс – сарғаюдың, сары уайымның белгісіндей қабылданатыны тағы бар. Мешіттердің көк күмбезі кімдерге көзтүрткі болды екен?!
Көк – көгеру, көркею, көбею ұғымын сыйдырған түс. Көк деп аспанды меңзейміз. Көк тәңірі деген де ұғым бар. Көк деп жерден өнгенді атаймыз. Шөптің түсі жасыл болса да қазақ оны «көк» дейді. Күмбездер де көк түсті еді», – деп жазды Н.Жүсіп.
Расында да, «дініміз оралды, мешіттеріміз көбейді» деп бөркімізді аспанға атқанымызбен, қуанышымызға көлденең жайттар кимелеп, бәсең тартқандай болып отырған жайымыз тағы бар. Алғашқы салынған мешіттеріміздің күмбездері мұсылманша көк түсті етіліп салынғанымен, сол 2000 жылдардың бас кездерінен алтын түстес реңкке бояла бастады. Ел өңірлеріндегі мешіттерге назар салсақ, күмбездерінің ала-құла екенін аңғару қиын емес. Жалпы, «алтын түстес етіп бояй бастауға не түрткі, кім себепкер?» деген сұрақтың жауабын тиісті құзыреті бар орындар анықтай жатар. Біз бұл мақаламызда Нұртөре Жүсіп ағамыз сияқты тұтас елді қоя тұрып, өзіміздің Алматы облысындағы мешіттерге үңіліп көрсек деп отырмыз.
Әуелі бас қаламыз – Астана қаласындағы айтулы Әзірет Сұлтан мешітіне көз салсақ, бірыңғай аппақ түс назарға ілігеді. Одан кейін ірі мегаполисіміз – Алматы қаласындағы Орталық мешітке қарасақ, оның төбесінің алтын түспен жарқырап тұрғанын аңғарасыз. Осылайша, өз облысымыздағы мешіттердің қолда бар бірқатарына көңіл аударайық. Бәйтерек, Жомарт, Қапшағай, Сарыжаздағы Асан сопы мешіттерінің күмбездері алтын түске боялған. Ал Есік қаласындағы мешіттің мүлдем бозғылт түстес реңкке ие екенін байқау қиын емес. Тасашы ауылындағы мешіттің төбесі, әрине, дизайндық ерекшелігі солай болған шығар, бірақ, ақ-көк түске боялып, алабажақтанып тұрғанын аңғаруға болады.
Өзіміздің мұсылмандық түске ие болып тұрған ауылдар – Төле би, Кеген, Көкқайнар, Саты, Тұзкөл, Тұйық ауылдарында және Талғар қаласының мешіттері.
Дәл осындай картинаны еліміздің кез келген облысының ауылдарынан көреміз дегенге сенбесеңіз, арғы қолыңызды бері алып келіңіз! Дәл осы мақалада көтеріліп отырған күмбездің түсі туралы мәселе жөнінде Алматы облысының бас имамы Мадияр Пірімқұловқа жолығып, түсіндірме беруін өтінген едік. Ол:
– Күмбездер исламның діни ғимараттарының сәулетінде маңызды рөл атқарады. Бастапқыда мешіттердегі күмбездер намаздың, яғни, Құбыланың бағытын анықтау үшін қолданылған. Мешіт ішіндегі бұл бағыт Меккеге жақын қабырғадағы арнайы орынмен (михраб) белгіленеді.
Мешіттердің үстінде күмбездер тұрғызыла бастағанда, олар алдымен михрабтың үстіне орналастырылды. Уақыт өте келе күмбез намазхананың ортасында ұйымдастырыла бастады. Бұл қағида бүгінгі күнге дейін сақталып келеді. Күмбезі бар алғашқы мешіт 687-691 жылдары салынған Иерусалим дегі әйгілі Куббат ас-Сахра (Күмбезді жартас) болды. Одан кейін 715 жылы салынған Дамаск қаласындағы Омейяд мешітіне де күмбез тұрғызылды. Содан бері күмбездер мешіттердің айрықша ерекшелігіне айналды, дегенмен олар сарайларда, атап айтқанда, қабылдау бөлмелерінде, сондай-ақ, медреселерде де болды.
Мешіттердің қабырғаларын безендіру кезінде әртүрлі геометриялық фигуралар немесе ою-өрнектерді, сондай-ақ түрлі-түсті шыныдан жасалған витраждарды пайдалануға жол беріледі.
Мешіттердің стилі мен архитектуралық ерекшеліктері құлшылық үйі салынған аумаққа және сол жердің дәстүріне байланысты ерекшеленеді. Сондықтан мешітті безендіру әдістері де әртүрлі болуы мүмкін. Өйткені, исламға дейінгі дәуірдің өзінде әр халықтың өзіне тән сәулеті мен ғимараттарды безендіру мәдениеті қалыптасқан. Әрине, ислам дінінің қабылдануымен діни ғимараттардың сәулеттік және көркемдік дизайнында біркелкі стандарттар әзірленді.
Ардақты пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) кезінде мешіттер безендірілмеді. Себебі ол кезде құрылыс мүмкіндіктері болмаған. Алғашқы мешіттер өте қарапайым болғанымен, Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оларды бе зендіруге тыйым салмаған. Имам Ағзам Әбу Ханифа да мешіттерді безендіруге рұқсат берген», – деді.
Бас имам күмбездердің сары түспен боялуы қаншалықты дұрыс екенін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының пәтуа бөлімінен нақтылап сұрау керектігін алға тартты. Өйткені, аймақтық мешіттердің бас имамдарында күмбез түсіне байланысты қауқар-құзырет жоқ. «Өзіміздің өңірлік Қапшағай мешітінің күмбезі сары болып тұр. Мұның бір тиімді жері, жақсы жағы су өткізбейді», – деді бас имам. Дәл осындай жауапты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сала өкілдері де айтты. Негізінен, ел аузындағы кейбір әңгімеге сүйенсек, төбеден су өткізбеу үшін осы нәрсені негізінде Ресейден кіргізіп, әлдекімдер бизнес жүргізіп отырған көрінеді. Күмбез жасайтындар арасында осы бизнес қаттырақ дамып кетті делінеді. Апыр-ау дейсің еріксіз. Сонда әлдекімнің саудасы жүруі үшін Құдай үйі, мінәжат орны саналатын мешітіміздің ұлттық нақышы, бояуы да саудалануы керек пе? Су өткізбесе өткізбесін, бірақ бояуын өзіміздің көзіміз үйренген түске бояту үшін де арнайы пәтуа шығару керек пе сонда деп күйінесің.
Әрине, су өткізбеудің басқа да амалдары бар. Оның үстіне біздің мемлекетіміз зайырлы ел болғандықтан, дінге қаржы бөлінбейді. Сондықтан бұл мәселе бүгінгі таңда діни басқарманың өзі көтеруге тиіс бастама болып тұр. Сондай-ақ, «әр жерде әркім өз қаражатына мешіт салып жатады. Жалпы, еліміздегі мешіт күмбездерінің қай түске боялуы керектігі туралы белгілі бір тәртіп, стандарт жасалуы керек емес пе?» деген сауалымызға облыстың бас имамы:
– Бізде ҚМДБ-ның мешіттерді біріздендіру туралы арнайы тапсырмасы бар. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ғұламалар кеңесінің 2018 жылы 18 сәуірде өткен ХІХ мәжілісінде «Қазақстан Республикасында типтік жобадағы мешіт ғимаратын салудың ережесі» бекітілген болатын. Аталмыш ереже «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы», «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңдарға және өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сонымен қатар ҚМДБ Жарғысына сәйкес әзірленген.
Құжатқа сәйкес, болашақта жаңадан салынатын мешіттің құрылысы заманауи талапқа сай жүргізілуі тиіс. Демек, Алла үйін тұрғызуға шешім қабылдаған адам ғимараттың көрікті болуына көңіл бөлуі шарт. Мешіт салуда заманауи озық үлгілерді, исламның және жергілікті сәулет өнерін пайдалану міндетті. Мешіттің мұнарасы, күмбезі және ішкісыртқы безендірілуі жергілікті дәстүрге сай болуы тиіс.
Бірақ бекітілген дүниелердің жүзеге асуын қадағалауға оны ұсынушы қоғамдық ұйым болғандықтан, күші, қауқары болмай жатады. Сондықтан қазақы, ұлттық нақышта болуы керек деген ұсынысым бар. Ұлттық нақышымыз – ол біздің көк немесе жасыл түсіміз, одан кейін мешіттің сырты ақ болу керек. «Ою-өрнектеріміз керек» деген мүфтияттың талабы бар. Облыста мешіт салуға ниет білдірген адамдарға «Ғимарат ұлттық нақышта болуға тиіс, осының аясында жасаңыздар» деген талаптарды айтып жатамыз. Одан кейін «Жобаны сызарда оны бізге көрсетіңіздер» деп те түсіндіріп отырамыз. Сондықтан менің ұсынарым, осы діни басқарма қолға алатын болса, ұлттық нақыштағы мешіттің бұдан кейінгі салынатындарын біріздендіруге алып келсек. Негізі, басқа араб мемлекеттерін алып қарасақ, оларда мұндай біріздендіру ережесі, доктринасы жоқ. Қазіргі таңда бәрі хайтек-стандартқа көшіп кетті. Алайда бұл күнде кімге қандай дизайн ұнайды, сондай форматта салып жатыр. Негізі біз өзіміздің мұсылмандық символдың аясынан ұзамауымыз керек деген ойдамын. Өйткені, бізде кешегі тарихтан қалған жәдігерлеріміз – Ахмет Яссауи, сол сияқты кешегі өткен тұлғаларымыздың, аталарымыз бен апаларымыздың мавзолей-кесенелеріне қарасақ, барлығы да көк түсті, – деп сөзін қорытындылады.
Бұл жерде таңқалдыратыны – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен оның өңірлердегі бөлімшелері неліктен үнсіз? Тұтас еліміз бойынша алсақ та, «ҚМДБ қайда қарап отыр?» деген сұрақ көкейге маза бермейді. Қазіргі таңда дін төңірегіндегі әлеуметтік желілердегі, тіпті, көшеде, асханада, қала берді, екі-үш адамның басы қосылған жерде айтылатын, қызылкеңірдек болып жататын хиджаб, нихаб, балақтың шолақтығы, мұртты жоқ қылып, сақалды қоя беру деген сияқты сан тақырып бойынша не істеліп жатқанынан былайғы халық хабарсыз. Біздіңше, бұл сияқты халықтың, ұрпақтың тәрбиесіне қатысты, ұлттың ертеңіне деген сенімділікке селкеу түсіретін мәселелер жалпыхалықтық тұрғыда айтылып, тиісті шаралар жария түрде қолданылғаны жөн болады. Бұл тұрғыдан келгенде, «сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз» деген қағидат қате деп ойлаймыз.
Бейбіт Мекеев