Облыс аумағындағы қызылша жұқпасына қатысты эпидемиологиялық жағдай былтырғы жылмен салыстырғанда тұрақсыз. Оған ауа райының құбылмалы мінезі де өз зиянын тигізуде. Мәселен, өткен жылдың 11 айында облыста қызылшаның 194 зертханалық расталған жағдайы тіркелді. Жұқпаның таралуын талдау барысында басым көбі қызылша ауруына қарсы егілмеген балалар арасында тіркелгенін көрсеткен. Қызылшаның таралуы Іле ауданында әлі де қарқынды. Мамандар аудан аумағында аталған жұқпаның таралуы өткен жылдың мамыр айынан басталды деп отыр. Біз осы орайда қызылша жұқпасы туралы ақпаратты Іле аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Жанболат Сұлтанбектен сұрап-білген едік.
– Жанболат Сұлтанбек, алдымен жұқпалы дерт туралы баяндап өтсеңіз?
– Қызылша – ауа және қарым-қатынас арқылы тез таралатын жұқпалы ауру. Әсіресе, әлсіреген, жиі ауыратын, қызылша ауруына қарсы егілмеген балалар үшін қауіп жоғары. Ал қызылшамен ауырғаннан кейінгі асқынулар өте ауыр болуы мүмкін, соның ішінде, пневмония, менингит, сонымен қатар миы зақымдалып, науқас мүгедек болып қалуы немесе ауыр кезеңде өлім де тіркеледі. Қазір қызылша жұқпасы жасы үлкендердің де арасында қайталанып жүріп жатыр. Кішкентайлармен қатар ересек кісілер жиі ауырып жатқаны барлық медицина мамандарын алаңдатуда.
– Бұл аурудың алдын алу жұмыстары қалай жүргізіледі?
– Біздің байқауымызша, барлық тіркелген жағдайларда «Профилактикалық егу жүргізілетін жұқпалы аурулары бар науқастарға қатысты санитарлық, эпидемияға қарсы және санитарлық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру мен жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 2 ақпандағы бұйрығына сәйкес үй шаруашылықтарында және ұйымдасқан мекемелерде мектепке дейінгі мекемелер мен мектептерде санитарлық, профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар кешенді түрде атқарылуда. Эпидемиологиялық тексеру кезінде қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, вакцинация мәртебесі белгіленеді. Диагноз зертханамен растауды қажет етеді. Медицина қызметкерлері науқаспен қатынаста болған адамдарды 21 күн бойы күнделікті бақылауға алады. Аурудың басқа да күдікті жағдайларына қатысты белсенді зерделеу жұмыстары жүргізіледі.
– Іле ауданы көлемінде қанша жағдай тіркелді? Екпе егу жұмыстары жүргізіліп жатыр ма?
– Бүгінгі күнге дейін эпидемиологиялық зерделеу барысында қарымқатынаста болған 3 мыңға жуық адам анықталды. Оның ішінде, қызылшаға қарсы егілмегендер үлесі басым. Қызылшамен ауырмау және ауыр зардаптар мен асқынулардың алдын алу, сондай-ақ, дені сау жақын адамдар мен туыстарға, әсіресе, балаларға инфекцияның одан әрі таралуына жол бермеу үшін екпе алу қажет. Қызылшаға қарсы вакцина бұл –инфекциядан қорғаудың жалғыз әдісі. Осыған байланысты 2023 жылғы 28 қарашадан бастап Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысы негізінде екпелеу жұмысы басталып кеткен. Өткен жылдың аяғынан қызылшаға қарсы санитарлық эпидемияға қарсы және санитарлық-профилактикалық ісшараларды жүргізу туралы қосымша жаппай кешенді иммундау жұмыстары жүргізілуде.
– Мектеп жасындағы балаларға екпе жүргізу тәртібі қандай?
– Ата-аналар мен балаларды медициналық тексеруден өткізе отырып келісім қағазын алғаннан кейін вакцинацияға рұқсат беріледі. Аудан аумағында 74 белгіленген орында белсенді түрде қызылшаға қарсы егу жұмыстары жүргізілуде. Мысалы, қосымша жаппай иммундау деректері бойынша, өткен жылдың 28 қарашасы мен 26 желтоқсан аралығын қоса алғанда, 11 212 адам егілді. Облыс бойынша қамту үлесі 59,9 пайызды құрады. Оның ішінде, 891 балаға екпе жасалып, облыстық қамту көрсеткіші 56,6 пайызға жетті. Іле ауданы қосымша жаппай иммундау енгізу бойынша 4-орынға шықты. Іле аудандық санитариялық-эпидемиологиялық басқармасы тарапынан қосымша жаппай иммундау жұмыстары қадағалануда. Атқарылған іс-шаралар нәтижесінде алдағы уақытта ел және аудан аумағында қызылша жұқпасы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталады деген сенімдеміз.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Бағдат Шойбас,
Іле ауданы