Қазіргі заманда ұялы телефонсыз, интернетсіз бір күн емес, бір сағатты да елестету мүмкін емес. Алайда әлі күнге осы бір байланыс құралдарына қолы жетпей келе жатқан ауылдар бар. Сарапшылар пандемия барысында қыруар қаржы бөлінген «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы өзінің тиімділігін көрсете алмағандығын айтады.
2023 жылы ұялы байланыс операторларының тарифтік жоспарлары бойынша баға 7,7 пайыздан 57,3 пайызға дейін өскен. Баға шарықтағанымен, кейбір елдімекендерде ұялы байланыс пен интернет сапасы сын көтерер емес. Тіпті, интернеттің игілігін көре алмай отырған ауылдар да бар. Солардың бірі – Еңбекшіқазақ ауданы Қазақстан селолық округіндегі Ж.Қайыпов ауылы. Округ әкімдігінің мәліметіне сүйенер болсақ, бүгінде аталған ауылдың 2780-ге жуық тұрғыны бар. Алайда ауыл тұрғандарының бар болғаны 22 пайызы ғана интернет желісімен қамтылған. Тіпті, кейбір әлеуметтік нысандар интернет желісіне зар болып отыр.
Ауылдағы «Асылым» балабақшасында 200- ден астам балдырған тәлім алып, 30-ға жуық қызметкер еңбек етеді.
– Бұл балабақша 2019 жылы құрылды. Содан бері әлі интернет желісіне қосыла алмай келеміз. Біз балаларға қатысты мәліметтердің барлығын өз базамызға интернетсіз тіркей алмаймыз. Оның үстіне, қаншама электронды құжаттарды пайдаланамыз. Қазір осы қызметтердің барлығын үйден істеуге мәжбүрміз. Бұл, сөз жоқ, біздің қызмет жүктемемізді ауырлатады. Интернетпен қамту мәселесіне байланысты «Қазақтелеком» АҚ-ның аудандық филиалына талай рет өтініш айттық, алайда қазірге дейін ешқандай оңды жауап ала алмай келеміз – дейді балабақша меңгерушісі Гүлзира Ұзақбаева.
Интернетке қолы жетпей отырған ауыл тұрғындары аудан әкімдігі мен басқа да ұялы байланыс операторларына сан мәрте өтініш айтыпты. Бірақ Ж.Қайыпов ауылындағы жұрттың жанайқайына байланыс операторлары құлақ түре қоймапты.
– Ауылда ұялы байланыс бірде бар, бірде жоқ болып қалады. Интернет мүлде жоқ деп айтуға болады. Жай ғана «Уатсаппен» жіберген хабарламаның өзі бір күнде зорға жетеді. Мәселені көтеріп бармаған жеріміз жоқ. Ата-аналар бірігіп, хат та жаздық. «Қазақтелеком» АҚ-ның аудандық филиалы мен «Tele – 2», «Beeline» ұялы байланыс операторларының Алматыдағы кеңселеріне барып өтініш айттық. Бірақ барлық өтінішіміз кері қайтарылып келеді. Wi-fi-ды әркім өз үйіне құрғызып жатыр. Оны құрғызу тым қымбат. Әркімнің мүмкіндігі жете бермейді. Сондықтан интернеттің жоқтығы арқамызға аяздай батады, – дейді ауылдық қоғамдық кеңестің мүшесі Қанат Бекжанұлы.
Ауыл тұрғындарын интернетпен қоса мазалайтын тағы бір мәселе бар көрінеді. Шындағы сол, Ж.Қайыпов ауылындағы емхана ғимаратының әбден тозығы жетіп, тұрғындардың тиісті ем қабылдауында қиындықтар туындапты. Ауыл ардегері Шолпан апаның айтуына қарағанда, жеңіл-желпі жасалған жөндеумен іргетасы 67 жыл бұрын қаланған ғимаратты қайта қалпына келтіру мүмкін емес. Оның үстіне, көлемі шағын, әбден тозығы жеткен ғимаратта науқастарға ем-дом жүргізу де оңай болып отырған жоқ. Сондықтан жаңа ғимарат салудан өзге тиімді шешім жоқ.
Ж.Қайыпов ауылындағы интернеттің қолжетімсіздігін оңтайлы шешуге жергілікті әкімдік те күш салып жатқан көрінеді.
– Бұл мәселе бойынша «Қазақтелеком», «Tele–2», «Beeline» ұялы байланыс операторларына базалық стансалар орналастыру туралы өтініштер жолданған. Операторлар тарапынан оң шешім қабылданған жағдайда базалық стансаны орналастыру бойынша қажетті жер мәселесін өз жауапкершілігімізге алуды өтініште көрсеткен болатынбыз. Дегенмен байланыс операторлары тарапынан әзірге оң жауап алынбады. Жалпы, аталған мәселе Алматы облысының цифрлық технологиялар басқармасының тікелей бақылауында, – дейді Қазақстан ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Саят Болатбекұлы.
Еңбекшіқазақ ауданындағы ең ірі елдімекендердің бірі – Шелек ауылында да интернет сапасы сын көтермейді. 35000-ға жуық тұрғыны бар іргелі елдімекеннің әр аумағы 4G қызметтерімен қамтамасыз етілді делінгенімен, кей аумақта 3G немесе одан төмен сападағы интернетке әзер қол жетеді.
– Ауылдарды интернетпен қамту көрсеткіші артып келеді. Бірақ оның сапасы сын көтермейді. Сондықтан бізге тұрғындардан түскен арыз-шағымдар аз емес. Біздің елдімекендегі интернеттің жылдамдығы стандартқа сай емес. Біз– үлкен халықаралық көлік дәлізіндегі өңірміз. Сондықтан интернет сапасын жақсарту қажет. Ол үшін интернет жылдамдығының стандартқа сай болуын қадағалау шарт. Арнайы білікті мамандардан құралған топ құрылып, осы мәселе кешенді зерттелу қажет, – дейді Шелек ауылдық округінің әкімі Сәкен Әбдіхалиев.
Бұған дейін Президент тапсырмасына сәйкес, ел Үкіметіне 250-ден астам адам тұратын барлық ауылдарды 3G немесе 4G қызметтерімен қамтамасыз ету міндеттелген еді. Алайда шешілмеген мәселелердің бары анық. Ендігі ауылдағы ағайын «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасына үміт артып отыр. Аталған жоба шеңберінде 2024-2027 жылдар аралығында Еңбекшіқазақ ауданындағы 20-дан аса елдімекеннің тұрғындары сымды және сымсыз интернетке тегін қосыла алады.
Ерзат Асыл,
Еңбекшіқазақ ауданы