Алған мамандық, қуған ғылым саласы тілші-лингвистика болғанымен, сонау 90-жылдардың басында Алаш арыстарының шашылып қалған мұрасын іздеп табу, жариялау һәм насихаттау ісімен айналысу – біздің буынның мойнына артылды. Шама-шарқымызша сол борышты атқарып келеміз. Қазір арнайы жобалар жасап, нақты бір істерді жеріне жеткізе атқаратын заман ғой. Өзім құрған және жетекшілік жасап отырған репрессияға ұшыраған зиялылардың мұрасын зерттейтін «Арыс» қоры (баспасы) биылдың өзінде біршама ауқымды іс атқарды.
1937-1938 жылдардағы сталиндік «Үлкен террор» алып империя КСРО-ны былай қойып, көршілес іргелі мемлекеттер – Қытай мен Моңғолияның өзіндегі жайбарақат жатқан қазақтарға ажал құрығын салған екен. Биылғы 31 мамыр қарсаңында репрессияға қатысты жарыққа шығарған оншақты кітабымыздың арасында екеуін ерекше атап көрсеткім келеді. Оның бірі – жазушы Сұраған Рахметұлының «Хужирты құрбандары. Моңғолия қазақтары бастан кешкен сталиндік қуғын-сүргін» атты еңбегі. Атынан көрініп тұрғандай, бұл шерлі шежіреде жазықсыз жалаға ұшыраған қазақтар трагедиясы ру-руымен, ауыл-ауылымен құжат жүзінде хатталады. Екіншісі – зобалаң жылдарда жазықсыз жалаға ұшырап, оққа ілінген Қырғызстандағы қазақтардың толық тізімі. Бұл мартирологте бүгінгі қазақ қауымына мүлдем таныс емес, сол жылдары Қырғызстан өкіметінің наркомдары болған (1946 жылға дейін министр лауазымдары осылай аталды) Ескендір Жоламанов, Мұсабек Таукин, Санжар Сегізбаев және Оқу-ағарту наркомының орынбасары Саймасай Тәтібеков туралы көлемді ғұмырнамалық очерктер берілген.
Дәл осындай қуғын-сүргінге қатысты ақпараты мол еңбектер Өзбекстан, Қарақалпақстан және Ресейдің Омбы облысының қазақтары туралы да дайындалып жатыр. Жалпы, бұл үлкен жоба арнасында Қазақстанмен шектесетін, бір кезде өздерінің атамекенінде отырған Ресейдің ондаған губерниясындағы қазақтардың қилы тағдыры туралы толық мәлімет жинастырылуда. Бүгінде «Арыс» қорының қоржынына енген жаңалықтардың қатары толығуда. Мәселен, «Шерлі шежіре. ХХ ғасырдың бірінші жартысында жарық көрген қазақ газет-журналдары» атты мәдени мегажобамыздың өзі бір төбе.
Халқымыз айналдырған қырық жылда үш рет жазу-сызуын өзгертті. 1929 жылға дейін ғасырлар бойы араб қаріпті жазуды қолдандық, 1930-1940 жылдары латын деп бас қатырып, одан беріде орыс графикасын тұтынып келеміз. Аңғарып қарасақ, Алаш қайраткерінің кезекті дүниелері, кітаптары 1929 жылдан кейін мүлдем жарияланбаған екен. Бір сөзбен айтқанда, Алаш қайраткерлерінің қаламынан туған араб қаріпті кітаптардың, мақалалардың толық базасын жасау, ұлттық құндылыққа жататын мұраларды іздеп табу, оларды бүгінгі жазу үлгісіне көшіру, псевдонимдер мен лақап аттарды анықтау мақсат болды. Жуырда ғана он кітап – әйгілі «Қазақ» газетінің 1913-1918 жылдарды толық қамтитын 7 томы, 5 томды құрайтын «Айқап» журналының 1911 және 1912 жылдардағы қос жинағының факсимилді нұсқасы һәм 1917- 1919 жылдары Семейде шығып тұрған «Сарыарқа» газетінің қолда бар сандары толық жинақталған басылымдары жарық көрді. Осы орайда біздің бастамамызды қолдаған бірқатар танымал азаматтарға, ғалымдарға зор ризашылығымызды білдіремін.
ремін. Біз, мәселен, «Қазақ» газеті – ХХ ғасыр басындағы ұлттық энциклопедия» деген тұжырымды бостан-босқа жиі қайталап жүрген жоқпыз. Жас ғалымдарға магистрлік болмаса докторлық диссертацияларына осы басылым беттеріндегі материал бойынша тақырып ұсынсаңыз, олар ат-тонын ала қашады. Оған қарсы уәж де айта алмайсыз. Өйткені кесімді екі не үш жылдық уақытын арабша нұсқаны ежіктеп отыруға рәсуа еткісі келмейді. Енді осы басылымдар факсимилді түрде әрі параллель қазіргі жазу үлгісімен жарық көргендіктен, үлкенге де, кішіге де, студентке де, академикке де қолжетімді, алдағы уақытта экономист пен заңгерлер, мәдениеттанушылар мен дінтанушылар, саясаткерлер мен қарапайым оқырман өз керегін еркін табуға мүмкіндік туып отыр. Ұшан-теңіз мол қазынадан біз әзірге 10 томды таңдап алып, шығарып отырмыз. Осы шаруаға 30 жыл уақытым жұмсалды.
Осы ретте тұңғыш журналымыз «Айқапты» (1911-1915) айналып өте алмаймыз. Тұңғыштың аты – тұңғыш. «Айқап» басына бақ қонған басылым десек болады. Сірескен Кеңес заманында да оған тыйым болмады, 88 саны көпке қолжетімді болды. Сол себепті оның материалдарын негіз етіп ондаған диссертация қорғалды, басылым мен оның шығарушысы Мұхамеджан Сералин туралы кітаптар да шықты. Бірақ ешкімнің ойына оның факсимилді нұсқасын шығарайық деген ой келмеді.
Бұл – біздің мәдени мұраға деген жадағай көзқарасымыздың көрінісі. 2022 жылы ақын, журналист, ұлттың тұңғыш журналын жанын жеп, бес жыл бойы шығарған редактор Мұхамеджан Сералиннің 150 жылдығы лайықты аталып өтпеді. Әдеттегідей, қаржы жетіспеушілігіне байланысты қос кітапты түрлі түсті етіп шығара алмағанымызға біз де бармағымызды тістеп, өкінеміз. Сонау 1911-1915 жылдары Троицк қаласындағы татар ағайындар, «Энергия» баспаханасының қызметкерлері барын салып, қолдарындағы барша ою-өрнек, қаріп кассаларын тегін беріп, журналды түрлі-түсті етіп шығарған болатын. Қайта басылымда сол бір ғасыр бұрынғы татар ағайындардың мәдени деңгейіне жете алмағанымыз, әрине, бізге сын.1917 жылдың 12 маусымында жарық көрді деп саналатын «Сарыарқа» газетінің (1917-1919) тұңғыш санын тауып оқу әлі күнге мүмкін болмай отыр. 1917 жылдың топтамасынан бұрын төрт саны табылмады деп келсек, қазір қолға түспегені екеу-ақ: №1 және №8. Өкінішке қарай, кеңестік-коммунистік режимнің «жемісті жетістігі»: 1918 жылдың бақандай 12 саны (№43-44, №48-56 және №58) әлі күнге «хабарсыз кеткендер» санатында. Ал күні кешеге дейін зерттеушілер «Сарыарқа» газетінің 1919 жылы да тұрақты шығып тұрғанынан бейхабар еді. Қазақ баспасөзінің тарихын зерттеудің ұшар басында тұрған, өткелекті тар заманда «жабу тақырыпқа» қорықпай барып, ерлікке пара-пар еңбектер жазған Үшкілтай Субханбердина да оның жалғасты үшінші жылы шығып тұрғанын білместен, бұл дүниеден өтті. Оның 1919 жылғы 24-саны шетелден, ал соңғы саналатын 90-саны Семей архивінен табылды. Басылымдардың, басқа да газет-журналдарымыздың әлі жоқ сандары табылып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Ең алғашқы қазақ газеті 1905 жылы Петерборда шығып тұрған татардың «Үлпәт» басылымына қосымша болып тіркелген «Серке» атты серкеміз ғой. Бірақ оны қолына ұстап көрген бір адам жоқ, егер бір жақсылық хабар болса, сүйіншіміз дайын.
«Қазақ» та, «Сарыарқа» да және басқа сол аласапыран жылдарда жарық көрген ұлттық басылымдардың ешқайсысы «біз тоқталдық», «жабылдық» деп соңғы сандарын шығарып, хабар шашпаған. Мәселен, «Қазақтың» 266-саны, Күнбатыс Алашордасының органы «Еркін Қазақтың» бір саны соңғы жылдары ғана табылды емес пе? Сондықтан қазан аузы жоғары, әлі де үміт бар.
Ұлтты ұйыстырған, «Алаш» партиясының негізін қалаған, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы шығарған «Қазақ» газеті туралы айтпай кету мүмкін емес. Бұл мегажобаның өзі о баста «Қазақ» газетін түгендеуге, оны рухани һәм мәдени ұлттық құндылық ретінде туған халқына толық күйінде оралту мақсатында жасақталған болатын. Жеті том «Қазақты» жеті күн, жеті түн парақтаған кез келген көзіқарақты оқырман түрлі-түрлі қазынаға жолығары сөзсіз.
Мәселен, 1916 жылғы ақ патшаның қазақ жастарын қара жұмысқа алуы хақында білетініміз: Амангелді Иманов, Әбдіғапар хан, М. Әуезовтің «Қилы заман» хикаяты. Ал 1917 жылғы басылым беттерінен бүгінгі Украина мен Белоруссия майданының тылында қара жұмысқа жегілген қазақ жастарының аты-жөндерін, оларға қамқор болып артынан іздеп барған Алаш тұлғаларының қайраткерлігін, олардың шала сауатты жастарға құқықтық, медициналық көмек көрсеткенін, Алласына сыйынар молдасын тауып, халал ас дайындайтын аспазына дейін сайлағанын көреміз. Мұндай нақты құжатты сіз ешбір архив қорынан да таба алмасыңыз ақиқат. Бірінші жиһангерлік соғыстың жай-күйі, туысқан түрік жұртына тілектес мақалалар, әсіресе, қазақ қыз-келіншектерінің алтыны мен күмісін бір кісідей жұмыла жинастырып, Түркияға көмек ретінде жөнелткенін оқып білесіз. Қазақ даласын жайлаған жұттар, қазақпен бір туған қырғыз ағайындардың басындағы алапатты ашаршылық, оларға ағайындық жолымен қолұшын созу, міне, осындай алғаш көзіме шалынғанда өзіме де «ашылмаған арал» болып көрінген материалдар газет бетінде ұшан-теңіз. Бұл жазбалар – біздің тарихи шежіреміз, ұлттық құндылыққа негізделген қазынамыз. Арналы Алаш мұрасы ұлтпен бірге жасай береді.
Ғарифолла Әнес,
Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің аға ғылыми қызметкері Талғар ауданы