Алматы облысының Ілеу ауданында Первомай өнеркәсіптік аймағында үлкен өрт шықты.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Іле ауданының Первомай өнеркәсіптік аймағында металл конструкцияларынан жасалған 3600 шаршы метр аумақта полиэтилендік тауарларды сақтау қоймасының жанғаны туралы хабарлама өрт сөндіру бөліміне 24 қаңтар күні таңғы сағат 7 шамасында түсті.
Оқиға орнына дереу облыстан өрт сөндірушілер барды. Өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнынан қашықта орналасқандықтан сағат 7:20-да алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына келген кезде нысан толығымен отқа оранған. Сонымен қатар, шақырудың жоғары дәрежесі бойынша жақын маңдағы бөлімшелердің күштері мен құралдары шақыру орнына жіберілді. Төтенше жағдай туралы кеш хабарланғандықтан өрт үлкен аумақты шарпыған.
Өрт сағат 9:12-де оқшауландырылып, жақын маңдағы қоймаға таралуына жол берілмеді. Әйтсе де өрт әлі сөндіріліп жатыр. Соңғы мәлімет бойынша өрттен ешкім зардап шеккен жоқ.
Өрттің себебін анықтау үшін Алматы облысы ТЖД анықтау бөлімінің және өрт зертханасының қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Алдын-ала болжам бойынша, тілсіз жау электр сымдарының қысқа тұйықталуынан шыққан. Өртті сөндіруге Алматы облысы ТЖД 37 қызметкері мен 14 техникасы және Алматы қаласы ТЖД 22 қызметкері мен 4 техникасы жұмылдырылды.